Атырау, 16 сәуір 16:16
 ашықВ Атырау +16
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Паралар, анықтамалар және мемлекеттік сатып алулар туралы

3 798 просмотра

Биылғы жылдың басында қолданысқа енгізілген ҚР Қылмыстық кодексінде сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін жауапкершілік күшейді.

ШЕНЕУНІКТЕР ҮШІН «ӨМІР БОЙҒЫ» ЖАЗА

Мәселен, енді пара алғаны үшін шенеуніктерге өмір бойына мемлекеттік лауазымда жұмыс істеу құқығына тыйым салынады.

Атырау селолық округінің әкімі ИБРАШЕВҚА қатысты ҚР ҚК-нің 366-бабы («Пара алу») бойынша қозғалған қылмыстық істерді тергеу аяқталды. Ол азамат К-дан коммерциялық мақсатқа жер телімін кеңейтуге келісім бергені, сондай-ақ, әрі қарай керекті құжаттарды ресімдеуге көмектесу үшін (жалпы 110 мың теңге көлеміндегі параның) қалған 40 мың теңгесін алу кезінде ұсталды. Сот үкімімен Ибрашевқа өмір бойына мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан айыру жазасымен бірге 5 500 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, - деді өз ведомоствосының жұмысы туралы есеп беру барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Марат АХМЕТЖАНОВ.

Ол Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің аға тергеушісі А.ЖЕТІҒАРИЕВҚА қатысты жағдайды мысалға келтірді:

Мемлекеттік қызметті орындауға өкілетті лауазымды тұлға бола отырып, ол кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде іс жүргізу келісімін жасағаны үшін және қылмыстық іс бойынша жеңіл сот үкімін шығаруға (тергеу шеңберінде) көмектескені үшін 500 мың теңге мөлшерінде пара алып, ҚР ҚК-нің 366-бабында қарастырылған сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады.

Сот үкімімен Жетіғариевқа параның 20 еселенген сомасы, яғни 10 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынып, жеке басына тиесілі мүлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет лауазымында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.

Бұдан басқа, ІІД көші-қон полициясы басқармасының инспекторлары Өзбекстан азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тартпау мақсатында 100 мың теңге мөлшерінде пара алғаны үшін жеке мүлігін тәркілеу, өмір бойына мемлекеттік қызмет лауазымын атқару құқығынан айыру жазасымен қоса, үш жылға бас бостандықтарынан айырылды.

АНЫҚТАМАЛАР АРЗАНДАДЫ

Департамент өз өкілеті шеңберінде мемлекеттік органдар қызметіне талдау жүргізеді.

– Атап айтқанда, біз облыстық психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлердің анықтама беру тәртібіне талдау жүргіздік. Жекелеген анықтамалардың бағаларын қолдан қымбат бағамен көтеру фактілері, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтердің бекітілген стандарттары бар аталмыш мекемелердің жұмыс кестесіне сай келмейтіндігі анықталды. Талдау жасау қорытындылары бойынша қарастырылмаған үстеме ақыны шегеру арқылы әрбір анықтама екі есеге дерлік төмендетілді, - деп хабарлады М.Ахметжанов. Бүгінгі күні, оның айтуынша, психоневрологиялық диспансерден анықтама алудың ақылы қызметтер тарифі 700-ден 400 теңгеге дейін; жүргізуші куәлігін алуға, қару ұстауға, кеме жүргізуге куәлік алу үшін, сондай-ақ шетелдіктер үшін – 1 600-ден 1 200 теңгеге дейін; наркодиспансер есебінде болмағаны үшін анықтама – 700-ден 300 теңгеге дейін; ҚР шеңберінен тысқары шыққаны үшін алатын анықтама – 750-ден 350 теңгеге дейін төмендетілген.

Сондай-ақ, қазіргі кезде екі диспансер де түскі үзіліссіз жұмыс жасайды, бұл мемлекеттік қызметтер стандартына сай келеді.

Жыл басынан бері облыстық Тәртіптік кеңес 42 іс қарады, нәтижесінде 111 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тәртіптік кеңес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға және ҚР мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексін бұзуға жағдай жасағаны үшін Жылыой ауданының әкімі М.Ізбасовқа сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі лауазымынан Б.Сатиевті босату туралы ұсыныс жасады. Дәл осындай заң бұзушылық үшін Мақат ауданының әкімі Б.Сәрсенғалиевқа аудандық құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшыларын жұмыстан босату ұсынылды.

ЖОЛ БЕРІЛМЕГЕН ЗИЯН

Ахметжановтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық заң бұзушылыққа мемлекеттік сатып алулар саласы анағұрлым бейім:

Мемлекеттік сатып алулар веб-порталының мониторингі нәтижесінде бюджет қаржыларын тиімсіз пайдаланудың алдын алу мақсатында біз 49 ұсыныс хаттарын жолдадық. Олар бойынша төмендету жағына қарай жобаланған бағаларды қайта қарау шаралары алынды. Нәтижесінде ерте кезеңде мемлекет мүддесіне тигізілетін зиянға жол берілмеген сома 112 млн сомадан астам қаржыны құрады. Мемлекеттік сатып алулар туралы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін 22 кінәлі тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

9 қараша 2015, 09:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.