Атырау, 29 наурыз 13:19
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

5 162 просмотра

Дзюдо

Image 1«Мұнайшы» спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған 2000-01 ж.т. жасөспірімдер арасында дзюдодан Атырау қаласы әкімінің кубогы өтті.

Жарысқа Әзірбайжан, Ресей, Қырғызстан және Қазақстанның көптеген облыстарынан спортшылар қатысты. Төрешілер атыраулық және әзірбайжандық палуандардың жақсы дайындық-пен келгендерін атап өтті.

Темірлан Өтеген (Атырау), Махамбет Рахметов (Мақат), Назир Талыбов (Әзірбайжан), Амрах Салимли (Әзірбайжан), Жәнібек Тельманов (Қызылқоға), Әлішер Нұрқожа (Жылыой), Бақтыбек Қабдығали (Алматы), Дәурен Молдажан (Ақтөбе), Абылай Қошбол (Алматы), Серікболсын Шынтас (Атырау) жеңімпаз атанды. Қыздар арасында Айдана Алмаз (Атырау), Меруерт Сәрсенова (Алматы), Тілекші Дүйсенова (Атырау) жеңіс тұғырына көтерілді. Командалық есепте Атырау қаласы командасы жеңсе (300 мың теңге сыйлық), Алматы қаласы 2-орынды (200 мың теңге сыйлық), 3-орынды (100 мың теңге сыйлық) Ақтөбе қаласынан келген ұжым иеленді.


Ережесіз жекпе-жек

Image 2Оралда ММА-дан Қазақстан чемпионаты және Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан құрамаларының қатысуымен «Номадтар айқасы» кәсіпқой ережесіз жекпе-жектен турнир өтті.

ҚР чемпионатында атыраулықтар арасынан Жасұлан Хасимов (84 келіге дейін) «алтын» ұтса, Амангелді Бекқалиев (93 келіге дейін) «қола» иеленді. Турнир барысында атыраулық спортшылардың өзге облыстардың туы астында айқасқанын атап өткен жөн. 70 келіге дейінгі салмақта Асыланбек Тәженов Батыс Қазақстан облысы атынан өнер көрсетті. 80 келіге дейінгі салмақта Маңғыстау облысының атынан шыққан Әбілхайыр Дүйсалиев «күміс» жүлде алды. Жеңіп алған жүлделер саны бойынша Батыс Қазақстан облысы 1-орын, Қарағанды облысы 2-орын, Атырау облысы 3-орын алды.

«Номадтар айқасында» екі спортшымыз өнер көрсетті. Болатбек Теміров бірінші айқасында Ресей құрамасының өкіліне ұпай саны бойынша есе жіберді. Алайда кейін командалас серігі Исатай Теміров сол ресейлікті бірінші раундта нокаутқа жіберіп, есесін қайтарды.

Спортшылар мен олардың жаттықтырушылары қолдау көрсеткені үшін дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Н. Ермұханов пен облыс әкімі аппаратының шаруашылық басқармасының басшысы А. Кенжеқорұлына алғыс айтады.


Ушу

Ақтауда ҚР ушу федерациясы мен «Синь Хо Мэнь» халықаралық жекпе-жек өнері мектебі ұйымдастырған ушудан Қазақстан чемпионаты өтті.

Жарысқа 300-ге жуық спортшы қатысты. Атырау намысын «Жолбарыс» спорт клубының шәкірттері қорғады. Өз жас дәрежелерінде Абат Әмірханов, Жасұлан Құспанғалиев және Нұртан Жолдасов «қола» медаль алды.


Армрестлинг

Image 3Түріктің Анталия қаласында армрестлингтен Азия чемпионаты өтті.

Жарысқа 15 елден 300-ден аса атлет қатысты. Қазақстан құрамасының сапында атыраулық білектілер Константин Тарабрин, ағайынды Мұрат пен Талғат Әбуталиевтер және Нұржан Қазиханов күш сынасты. Константин 65 келіге дейінгі салмақта қатысты. Ол бес қарсыласын жеңіп, финалда әлем чемпионы, өскемендік Рүстем Маликовтан ұтылып қалды. Нәтижесінде «күміс» жүлдегер атанды.

70 келіге дейінгі салмақта Мұрат Әбуталиев үш айқаста жеңіп, екеуінде ұтылды. «Қола» үшін болған күштесуде Тәжікстан құрамасының мүшесінен басым түсті. Мұраттың бауыры Талғат 80 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, екі кездесуде ұтып, екеуінде ұтылып қалды. Қорытындысында 4-орын иеленді.

75 келіге дейінгі салмақта Нұржан Қазиханов Өзбекстан, Жапония, Үндістан, Пәкістан, Иран спортшыларын жеңіп, финалда қырғыз атлетін ұтып, Азия чемпионы атанды. Осылайша ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін қорғады. Нұржан 30 жаста, 6 жасынан бастап армрестлингпен айналысады. Бапкері - Сергей Передистый. Спортшылар мен олардың жаттықтырушылары қолдау көрсеткені үшін дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Н. Ермұханов пен оның орынбасары Г. Қаленоваға алғыс айтады.


Карате

Мәскеу түбіндегі Красногорскіде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған каратеден V Ашық бүкілресейлік ойындар өтті.

Турнирге Ресейден, ТМД елдерінен, Италия және ОАР-дан 1 000-ға жуық спортшы қатысты. Қазақстан намысын Ерікқали Қойшекенов басқаратын облыстық карате-до шотокан федерациясының шәкірттері қорғады.

Айқастар кумите, ката, тамешивари (тақтай сындыру) және фукуго бағдарламалары бойынша өтті. Жарыс қорытындысында Бекзат Саинов (10-11 жас), Әли Хайролла (12-13 жас), Манас Темірханов және Венера Тұрғанова (ересектер) қола жүлдегер атанды.

Суретті «Жолбарыс» спорт клубы ұсынды.


Спартакиада

№36 мектеп базасында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мектеп және колледж оқушылары арасында әскери-спорт түрлерінен облыс чемпионаты өтті.

Дене тәрбиесін дамыту өңірлік орталығы ұйымдастырған турнирге он команда қатысты. Жеңімпаздар: Калашников автоматын оқтау – Дәулеткерей Қуанышев, жалпы әскери қорғаныс костюмін кию – Алтынбек Зейнуллин (екеуі де Индер ауылшаруашылық колледжінен), белтемірге тартылу – Манас Әжібаев (№34 мектеп), граната лақтыру – Жандос Шарапов (инженерлік-гуманитарлық колледж), пневматикалық мылтықтан ату – Эдуард Коннов (индустриалдық колледж), 24 келі кір тасын көтеру – Бағдат Төлегенов (инженерлік-гуманитарлық колледж).


Қорғанғың келсе, шабуылға көш

19 сәуірде футболдан ел чемпионатының 8-туры аясында облыстық «Атырау» футбол командасы «Судоремонтник» стадионында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады.

Ойынның 41-минутында бұрыштама добын ойынға қосқанда «Атыраудың» сенегалдық жартылай қорғаушысы Абдулай ДИАКАТЕ допты баспен қақпаға шірене бағыттаған, алайда қонақтар қақпашысы допты қайтарды. Кері серпілген допқа бірінші болып қорғаушы Берік АЙТБАЕВ жетіп, гол салды, 1:0, алаң иелері алға шықты.

64-минутта «Оқжетпес» ойыншысы Джозеф ДИКЬЯР есепті теңестірді, алайда бес минуттан кейін Диакате айып добын шебер орындап, «Атырауды» алға шығарды. Бұл есеп ойын аяғына дейін өзгермеді – 2:1, алаң иелері жеңіске жетті.


Мықтылар таңдалды

Құлсары қаласындағы БЖСМ-де 2003-05, 2000-02, 1999-98 ж.т. жасөспірімдер арасында қоян-қолтық ұрыстан облыс чемпионаты өтіп, Қазақстан чемпионатына қатысатын мықтылар іріктелді.

Жеңімпаздар: 2003-05 ж.т. – Нұрислам Қуанышбеков (24 келіге дейін), Мейрамбек Айғалиев (27 келіге дейін), Арсен Амангелді (30 келіге дейін), Нұрзат Абай (34 келіге дейін), Шыңғыс Дүйсенғалиев (38 келіге дейін), Нұрхан Серіков (42 келіге дейін), Нұрлан Орзен (42 келіден жоғары); 2000-02 ж.т. – Данияр Байымбетов (39 келіге дейін), Нұрхат Бағдатұлы (42 келіге дейін), Әділхан Аязбаев (46 келіге дейін), Алмаз Ажиров (50 келіге дейін), Нұржан Шамшатов (55 келіге дейін), Мақсат Жолдығалиев (60 келіге дейін), Наурызбек Шәкір (65 келіге дейін), Әбіш Айтқали (70 келіге дейін), Нұрболат Набидуллин (70 келіден жоғары); 1999-98 ж.т. Ерлан Қабдолов (46 келіге дейін), Райымбек Тайпауов (50 келіге дейін), Нұртай Жұмабаев (55 келіге дейін), Нұргелді Бұхарбаев (60 келіге дейін), Эльдар Хамит (65 келіге дейін), Ақниет Ғабит (70 келіге дейін), Жақсылық Кереев (70 келіге дейін).

Командалық есепте бірінші орынды «Атырау-Дамбы» (жаттықтырушы М. Каштенбай) алды, екінші орын – «Жылыой» әскери-спорт клубы (жаттықтырушы Т. Жұмағалиев), үшінші орын – «Атырау-Геолог» командасы (жаттықтырушы К. Сатыбалдиев).

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


23 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.