Атырау, 24 сәуір 16:27
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Даниил Семеев:«Жігіттерді сотқа шақырта берсе, маусымға қалай дайындаласың?»

2 368 просмотра

Жуырда волейболдан Ұлттық лиганың ерлер командалары арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. «Атырау» командасы соңғының алды – жетінші орынға табан тіреді, ал «алтынды» кезінде ұжымымыздың басты қарсыласы болған «Алматы» командасы иеленді. Бұл сәтсіздіктің себебі неде? Біз осы тақырыпта «Атырау» командасының аға жаттықтырушысы Даниил СЕМЕЕВПЕН (суретте) сұхбаттастық.

ЖАНЖАЛ ЛЕГИОНЕРЛЕРДІ ШОШЫТТЫ

- «Атырау» командасының Ұлттық лигада өнер көрсету тарихын еске салып өтіңізші.

- «Атырау» командасы өз тарихында чемпион, күміс және қола жүлдегер болды. 2012 жылға дейін әрқашан жүлделі үштікке кіріп жүрдік, кейіннен жағдайымыз нашарлай бастады: 2012 жылы төртінші орын, 2013 жылы бесінші, енді міне, соңғының алды ғана болдық.

Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың соңында «Атырау» волейбол клубының директоры Жеңісбек Мұханбетжанов пен бас бапкері Александр Запевалов сотталған болатын. Бұл командаға қатты әсер етті. Клуб басшылары жұмыс орындарында өткен жылдың мамырынан бері болған жоқ. Маусымаралық үзілісте ойыншыларды өте кеш, яғни, маусым айының аяғында әрең жинадық.

Команда чемпионатты жаттығу жиындарынсыз, бақылау матчтарынсыз бастады. Қаражаттың жоқтығынан ешқайда барған жоқпыз, «Атырау» ДСК-нде жаттығу жасадық. Сонымен қатар, команда кейде қаладан шыға алмады, өйткені жігіттерді сотқа куәгер ретінде жиі шақыртып тұрды. Осындай жағдайда маусымға қалай дайындаласың? Бір сөзбен айтқанда, ойыншылар чемпионатты үлкен психологиялық қысыммен және физикалық дайындықсыз бастады.

Дегенмен, біз жаңа жылға дейін жақсы өнер көрсетіп келдік. Қыркүйекте Қазақстан Кубогында жақсы ойнадық. Содан кейін қарқынымыз төмендеп, Петропавлде болған турда сәтсіздікке ұшырадық. Өскеменде болған келесі турда жақсы өнер көрсеткенімізбен, озып кеткен командаларды қуып жетудің сәті түспеді.

-Жемқорлық жанжал команданың имиджіне қалай әсер етті? Осыған байланысты «Атырауда» ойнаудан бас тартқан легионерлер болды ма?

- Көптеген үміткерлер командадағы тұрақсыздықтан қорықты, «Атырауды» біржола жауып, жұмыссыз қаламыз деп ойлады. Мен телефон шалған легионерлер бас тартты немесе үлкен ақша сұрады. Ал бұл кезде команданың қаржылық жағдайы ауыр еді.

- Яғни, сіздер әлсіз ойыншыларды сатып алдыңыздар ма?

- Бізде маусым барысында үш жоғары дәрежелі ойыншы болды. Алайда, бұдан команда құра алмайсың. Әр волейбол командасында 12 тең дәрежелі ойыншы болу керек.

 

«ЕШҚАШАН ОСАЛ ҚАРСЫЛАС БОЛМАЙМЫЗ»

- Өткен маусымда қай спортшыларыңыз жақсы өнер көрсетті?

- Жарыста соңғының алды болып келсек те, ешбір командаға осал қарсылас болып көрген жоқпыз. Мен ресейлік легионерлер Александр Александров пен Василий Донцтың ойындарына ризамын. Ұжымға осы қиын уақытта жергілікті жігіт, Қазақстан құрамасына үміткер Қайрат Байбеков жақсы көмектесті. Айта кетсек, маусым қорытындысы бойынша ол чемпионаттың үздік либеросы (қорғаушысы) болып танылды.

«ЖС» дереккөзі:
Семеев Даниил Александрович
, 42 жаста, 2001 жылға дейін Ресейдің Суперлигасының «Актан» (Новокуйбышевск қ.), «Нефтяник» (Уфа қ.), «Левша» (Томск қ.) командаларында, 2001-2003 жыл аралығында «Атырауда», 2005 жылдан 2006 жылға дейін «Динамо» (Астана) командасында, 2006-2009 жылдар аралығында кері «Атырауда» ойнап, содан кейін осында жаттықтырушы болып қалды. Волейбол алаңындағы қызметі – алғашқы қарқынды шабуылшы. Бойы - 204 см.

-Ауысып ойнайтын ойыншыларыңыз аз болды ма?

- Иә, ауысып ойнайтын ойыншыларымыздың ойын дәрежесі ойлағанымыздай болмады. Құдайға шүкір, негізгі құрам ойыншылары арасында жарақат алған ешкім жоқ. Біз жоғарыда аталған ойыншылармен келісімшартты ұзартамыз деп шештік.

-Қарсылас командалар жақсы ойыншылармен күшейген шығар...

- Бюджеттері бұрын «Атырауға» жетпейтін кейбір командалар қазір біраз күшейді. «ТНК Қазхром» командасы ең жоғары деңгейдегі ойыншыларды сатып ала алады. Оралдық «Конденсант» туралы да осыны айтуға болады.

- «Атырау-2» фарм-клубы қалай өнер көрсетіп жүр?

- «Атырау-2» командасы «Б» жоғары лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысады. Қазіргі уақытта біз екінші орында келе жатырмыз және көшбасшы «ТНК «Қазхром-2» командасынан тек үш ұпай ғана арттамыз. Соңғы шешуші тур 18-23 сәуір аралығында «Атырау» ДСК-нде өтеді. Ойындар сағат 14.00, 16.00, және 18.00-де болады. Бұл командада тек атыраулық ойыншылар ғана ойнайды: Нариман Әубәкіров, Биғали Жұмағазиев, Нұрсұлтан Бимырза, Айбар Неталин, Сабыр Жетмеков, Айбат Қайырлиев, Арман Сағынбаев, Ислам Жұмабеков, Ризабек Қосанов, Айбар Нұрымов, Тұрар Садауов, Парасат Шарипов және ойыншы-жаттықтырушы Әнуар Шеркешбаев. Жерлестерімізді қолдауға келейік!

-Осы маусымаралық үзілісте қандай жоспарларыңыз бар?

-Қазір ойыншылар демалыста. 1 шілдеде жиналамыз. Қазір жаңа ойыншылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Облыс бюджетінен қаражат бөлінді. Команда бюджеті туралы айтуға құзыретті емеспін. Команданы жүлдегерлер қатарына қайтарамыз деп сенеміз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

17 сәуір 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.