Атырау, 19 сәуір 12:39
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Үкімет Диаровтың сөзіне құлақ аспады

3 856 просмотра

«ҚР бюджеттік заңнама-ларында экологиялық қорлар құру мәселесі қарастырылмаған». Атырау мұнай және газ институтының Өңірлік экологиялық мәселелер ғылыми орталығының директоры Мұфтах ДИАРОВ өзінің ҚР үкіметіне жазған хатына осындай мәтінде жауап алды.

ДӘУІРІМІЗДІҢ АҚЫР ЗАМАНЫ

Ғалым өз хатында облыстық әкімдіктер жанынан жер қойнауын қолданушылардан түскен айыппұлдарды жинақтайтын экологиялық қорларды қалпына келтіруді, сондай-ақ, «Атырау облысының қоршаған ортасын сауықтыруға арналған әлеуметтік-экономикалық бағдарлама» әзірлеуді ұсынды.

Диаров кеңестік кезеңнен 2001 жылға дейін қоршаған ортаны ластау айыппұлдары елдің облыс орталықтары жанындағы арнайы экологиялық қорға түсіп, содан кейін ол табиғи ортаны сауықтыруға жұмсалғанын еске салып кетті.

«2002 жылы сол кездегі ҚР премьер-министрі Нұрлан БАЛҒЫМБАЕВ елдегі қиын экономикалық жағдайларға байланысты экологиялық қорларды жойды. Сол кезден бастап табиғи ортаны ластағаны үшін төленетін айыппұлдар ҚР мемлекеттік бюджетіне түседі, - деп жазады өз хатында М. Диаров. - Алайда, Атырау облысында кәсіпшіліктің қарқынды дамуына және Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен өте улы, тұзасты мұнайын жеделдете игеруге байланысты барлық қабаттарды (атмосфера, топырақ, өсімдік, су, жер қыртысы) кең көлемде ластау жүріп жатыр. Өңірдің жалпы ластануы өсіп келеді».

Ол «Теңізшевройл» ЖШС қызметінен мысал келтіреді:

1993-2012 жылдар аралығында «Теңізшевройл» 256,618 млн тонна мұнай өндірді және атмосфералық бассейнге 1065,79 мың тонна зиянды заттар тасталды. Зиянды заттардың атмосфералық бассейнге шығарылуы өндірілген бір тонна мұнайға 4,15 келіні құрады, ал бұл жобалық көрсеткіштерден 2 есеге жуық артық.

Барлық шығарындылардың (1065,79 мың тонна) ішінен 266,3 мың тоннасы - SО3, 133 мың тоннасы - NО2. Бұлардан 324,9 мың тонна Н2SО4 – күкірт қышқылы және  182,21 мың тонна НNО3 - азот қышқылы түзіле алады. Осыған байланысты біздің облыс аумағында үнемі қышқыл жауыны болып тұрады. Олардың пайда болу масштабы зерделенген жоқ.

Бұл болашақта «Теңізшевройл-дың» бір жылғы өндіріс көлемін қазіргі 24 млн-нан 36 млн тоннаға дейін көтеруді жоспарлауына еш бөгет болып отырған жоқ.

Осындай жағдай Қашаған тұзасты мұнайы кен орнында да байқалып отыр. Алғашқыда жоспарланып отырған бір жылға 21 млн тонна өндіру көлемі бойынша шығарындылардың көлемі 63 мың тоннаны құрайды. Кен орнын игерудің екінші кезеңінде өндіріс көлемі жылына 50 млн-ды құрауы керек. Ал бұл кезде атмосфералық бассейнге зиянды заттардың тасталуы 150 мың тонна болмақ.

Сонымен қатар, үкіметтің шешімімен Атырау қаласынан 20 шақырым жерде мұнай және химиялық өнімдерді (пролипропилен - жылына 550 мың тонна, полиэтилен - 850 мың тонна) өндіру бойынша еркін экономикалық аймақ құрылды және осы жерден 10-нан астам химиялық өндіріс ашылады деп жоспарлануда.

Қала ішінде орналасқан және Теңіздің өте улы тұзасты мұнайын өңдейтін Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) өз қуатын үнемі арттырып келеді. Қолданыстағы өндіріс қуаттылығын арттыру және қоршаған орта үшін өте зиянды жаңа химиялық өндірістер ашу Қазақстан үкіметінің тікелей шешімдерімен жүзеге асып жатыр, алайда өңіріміздің экологиялық ахуалын есепке алып жатқан ешкім жоқ.

 

МҰНАЙ МЕН АУРУ

Мұфтах ДиаровМұфтах Диаров2002 жылдан бастап табиғи ортаны ластағаны үшін айыппұлдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетіне кетеді. Яғни, қоршаған орта қарқынды ластанған сайын мемлекеттік бюджетке көп ақша түседі және мемлекет биосфераға зиян келтіру арқылы байып жатыр, ал, бұл жағдай, менің ойымша, дұрыс емес.

Мұнай компанияларының қалыпты, апатсыз қызметі кезінде 1 тонна өндірілген мұнайға 3 келі зиянды зат есебінен жылына 36 млн тонна өндірісі бар Теңіз кен орнында шығарындылар 108 мың тоннаны құраса, жылына 21 млн тонна өндіру жоспарланып отырған Қашаған кен орнында 63 мың тонна болады. Осылайша, жақын уақытта Теңіз бен Қашағанда тұзасты мұнайларын өндіруде атмосфералық бассейнге шығарылатын зиянды заттар 171 мың тоннаны құрамақ, ал бұл қазіргі деңгейден 3 есе артық. Осыдан халықтың жалпы науқастану деңгейі де 3 есе артады деп сеніммен айтуға болады. 

Мұнайлы өңір халқы арасында аурушаңдықтың қарқыны шамадан тыс өсіп отыр. Теңіз кен орны игеріле бастаған 10 жылда кеніштен 18-20 шақырым жерде орналасқан Сарықамыс ауылы тұрғындарының жалпы аурушаңдығы 90%-ды құрап, орташа өмір ұзақтығы 46 жасқа жетті. Кейіннен Сарықамыс ауылының тұрғындары (3 мыңға тарта адам) басқа жерлерге көшірілді.

«Теңізшевройл» қызметінің әсерінен соңғы 20 жылда кеніштен солтүстік шығыс бағытында 100 шақырым қашықтықта орналасқан Құлсары қаласы халқының жалпы аурушаңдығы 10 есеге артты.

Егер сауықтыру және әлеумет-тік шараларды уақытында қабылдамасақ, мұнайлы өлке халқының денсаулығы күрт төмендейді.

Осыларға байланысты Сізден облыс орталықтары жанынан жер қойнауын қолданушылардан түскен айыппұлдарды жинақтай-тын экологиялық қорларды қалпына келтіруді сұраймын.

Экологиялық қордағы барлық қаржы қоршаған ортаны сауықтыруға жұмсалар еді; экологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты «Атырау облысының қоршаған ортасын сауықтыруға арналған әлеуметтік-экономикалық бағдарлама» әзірлеу қажет.

 

«ЗАҢНАМАЛАРДА ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН»        

ҚР премьер-министрінің кеңсесіне түскен Диаровтың хаты қаралу үшін қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрлігіне жіберілді.

- Өкінішке орай, өзімнің нақты сауалдарыма стандартты жауаптар ғана алдым, - дейді Мұфтах аға.

Төменде қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Е. НЫСАНБАЕВТЫҢ жауабын (қысқартылып алынды) келтіреміз:

«Экологиялық қор құруға қатысты, 2008 жылғы 4 желтоқсандағы №95-IV ҚР Бюджет кодексінің 21-бабына сәйкес ҚР Ұлттық қоры қызмет атқарады. Үкіметтің Ұлттық банктегі шотында шоғырландырылатын, қаржылық активтер түріндегі, сондай-ақ, материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге мүлік түріндегі мемлекет активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры болып табылады.

Сонымен қатар, Ұлттық қор мұнай секторы ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа түсімдерден (жергілікті бюджеттерге есептелетін түсімдерді қоспағанда), соның ішінде мұнайлық келісімшарттар талаптарының бұзылғаны үшін түсетін түсімдерден (жергілікті бюджеттерге есептелетін түсімдерді қоспағанда) құралады.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті экологиялық қорларды құру ҚР бюджет заң-намаларында қарастырылмағанын хабарлаймыз».

Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА

13 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.