Атырау, 25 сәуір 08:45
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Жылыой аудандық білім беру бөлімінің басшысы: «Мені партиядан шығарғанымен келіспеймін»

2 419 просмотра

Құлсарыдағы №7 мектепте терезелер ашылмай, желдеткіштердің жұмыс жасамауы салдарынан кейбір сабақты ашық аспан астында өткізуге тура келгені туралы «АЖ» жарияланымынан кейін «Nur Otan» партиясының мүшелері тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбарша ҚАҚПАНБАЕВАНЫ партиядан шығару туралы шешім шығарылды. Қақпанбаева бұл жазамен үзілді-кесілді келіспейтінін редакцияға жазған хатында мәлімдеді.

«23 қыркүйекте партияның Жылыой аудандық филиалының саяси кеңес бюросының отырысында мені «партияның беделін түсіретін және оның мүдделеріне нұқсан келтіретін әрекеттер үшін» партиядан шығаруға шешім шығарған. Мұны әділетсіздік, мәселенің байыбына бармады деп есептеймін. Өйткені мен мектеп ғимаратының жайы туралы бұған дейін көзжұма қарап отырмадым. Бұл мектеп 2003 жылы пайдаланылуға берілген. Жоба сызбасы бойынша мектеп терезелері жоғарыда (төбеде) орналасқан. Мектепті қабылдағаннан бері желдету жүйесі қосылмаған. Биыл желдету жүйесін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға тапсырма бердім. Ол дайын болғаннан кейін облыстық білім беру басқармасына бюджеттен қаражат сұрап, хат жаздым. Қазіргі таңда қаражат бөлініп, тендер өткізілуде, - деп жазады А. Қақпанбаева. – Түсінбейтінім, бұдан 18 жыл бұрын салынған мектепті мен қабылдаған жоқпын ғой. Қалайша партиялық жаза тағайындалып, партия қатарынан шығарылуым керек. Өз тарапымнан заңға сәйкес тиісті шара алдым деп есептеймін. Партия органдары бұл жайға біржақты қарамай, әділ шешім шығарады деп ойлаймын».

«Nur Otan» партиясының аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Шынаргүл ТЕМИРБАЕВА А. Қақпанбаеваның лауазымдық жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді. Ал Қақпанбаева партия жоғарғы инстанцияларына шағымдануды ойластыруда.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

27 қыркүйек 2021, 19:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.