Атырау, 19 сәуір 11:14
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Мұғалімдер спортзалды дұрыстауды өздері ұйғарған, олар ештеңеге шағымданбады»

1 771 просмотра

«Үш ауысым», мектептердегі қауіпсіздік, балабақшаға электронды кезек және басқа да тақырып туралы - қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВАНЫҢ «АЖ» тілшісіне берген сұхбатында.

- Атыраудағы кейбір мектепте балалар сенбі күні де сабақ оқиды, ал басқаларында сабақ жоқ. Мұның себебі неде?

- Оқу процесі мектептің жобалық мүмкіндігіне, сынып бөлмелері мен оқушылардың санына, ауысым саны мен басқа факторларға байланысты жүзеге асады. Мектептер бұл мәселені өз бетінше шешеді. Айта кету керек, Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 31 тамыздағы бұйрығына сәйкес, үш ауысымдық жұмыс режимінде оқитын оқушыларға орын жетіспейтін мектептер жекелеген пәндерді немесе пәндердің белгілі бір сағатын қашықтан оқытуды ұйымдастыра алады.

- Атырауда үш ауысымды мектеп нешеу?

- Бүгінде - 11. Бірақ жаңа ғимараттардың пайдалануға берілуіне қарай мәселе шешілетін болады. Мысалы, 2020 жылы Самалықшам ауданында 600 орындық мектеп ашылды, ал жақын арада Берекеде 1200 орындық мектеп пайдалануға беріледі. 2022 жылы қала маңындағы Дамба, Жаңаталап, Балауса, Ақжар-2 ауылдарында мектептерді пайдалануға беру жоспарлануда. Жақын арада ескі қалада және Нурсая ықшамауданында МЖӘ бағдарламасы бойынша әрқайсысы 2 мың орындық мектеп салына бастайды.

- М.Бекмұхамбетов атындағы мектептегі жанжал есіңізде ме - мұғалімдерді күрделі жөндеуді «аяқтап бітіруге» жіберген еді ғой? Бұл хикая немен аяқталды?

- 2020 жылдың І жартыжылдығында «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес осы мектепте күрделі жөндеуге тендер өткізілді, содан кейін жеңімпазбен келісім жасалды. Мұнымен қатар жұмыс сапасын бақылау үшін акт бойынша жасалған жұмыстарды қабылдаған техникалық және авторлық қадағалау органдарымен келісімшарттар жасалды. «Мұғалімдерді күрделі жөндеудің кемшілігін дұрыстауға жұмсады» деген пайымдау қате деп есептеймін. Бұл дене шынықтыру пәні мұғалімдері спортзалдың ағаш еденіндегі саңылауларды шүберек материалмен бітеп жатқаны бейнеленген суреті ғана. Біз ұстаздар ұжыммен кездестік. Кездесуде шағым болған жоқ, ал «спорт залындағы саңылауды неге бітедіңіздер?» деген сұраққа: «Біз осынау ұсақ-түйек жұмысты өз еркімізбен жасауды ұйғардық, өйткені бұл біздің спорт залымыз, бізге осылай ыңғайлы» деп жауап берді. Қадағалаушы органдар да жеке тексеру жүргізді, күрделі жөндеу бойынша олқылықтар анықталмады.

- Атырауда оқулықтардың жетіспеу мәселесі бар ма? Бұрын әлеуметтік желі ата-аналардың шағымына толы болатын.

- 2021-2022 оқу жылына оқулықтар сатып алуға 866 млн 329 мың теңге бөлініп, 536 мың оқулық сатып алынды. Барлық мектеп оқулықтармен толық қамтамасыз етілген.

- Мұғалімдерге көбінесе кеңсе тауарларын, А4 форматындағы қағазды өз ақшасына сатып алуға тура келеді. Неге бұлай?

- Белгілі бір мектептің бекітілген бюджеті бойынша кеңсе тауарларын сатып алуға белгілі қаражат бөлінеді. Қалалық білім беру бөліміне мұғалімдерден жетіспеушілік туралы шағым түскен жоқ. Егер қаражат жеткіліксіз болса, мектеп әкімшілігі қалалық білім беру бөліміне бюджеттік өтінім бере алады. Сондықтан мұндай жағдайларда мұғалімдер директорға, ал директор - бізге хабарласуы керек.

- Мектептерде қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілген?

- Барлығында дабыл түймесі орнатылған. Оны адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда басады, содан кейін 10 минут ішінде жедел әрекет ету тобы барады.

Бұдан басқа, мектептер күзет агенттіктерімен келісім жасай бастады. Бүгінде осындай 17 мектеп бар, қалғандары бюджет қаражатының түсуіне қарай қауіпсіздікті қамтамасыз етудің осы форматына ауысады. Мектептерге турникет арқылы кіреді. Атырау ҚПБ орталық жедел басқару жүйесіне қосылған бейнебақылау камералары бар.

- Бізде балабақшаларға жолдама берілетін ресми сайт бар. Қазір жағдай қалай? Әлеуметтік желіде мәселені шешіп беремін деп уәде беретін «көмек қолдар» пайда болған.

- 2017 жылдан бастап балабақшаларға жолдама берудің жаңа электронды стандарты бекітілді. Осыған байланысты 2018 жылдың қыркүйегінен бастап қалалық білім беру бөлімі indigo24.kz сайтына қосылды. Онда балабақшаға байланысты бүкіл қызмет бірыңғай электронды автоматты жүйеде ғана орындалады. Қазір ата-аналар үйден шықпай-ақ кезекке тіркеліп, әрі қарай баласының осы кезекте тұрған орнын біле алады.

Бұдан басқа, жеке ақпарат «блокчейн» технологиясы арқылы рұқсат етілмеген өзгерістерден сенімді қорғалған. Бұл жүйеге қызмет көрсететін техникалық инженерлерден де ақпаратты қорғауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе енгізілгеннен кейін адами фактор толығымен жойылды.

Балабақшаға жолдама автоматты түрде беріледі, мемлекеттік органдар кезек қозғалысын реттеп, ықпал ете алмайды.

Иә, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде (Facebook, Instagram) белгілі бір сомаға ата-аналарының жеке деректерін қолдана отырып, indigo24.kz сайтынан балабақшаға жолдама алуға «көмектесетіндер» көбейген. Бірақ бұл мемлекеттік қызмет тегін, ата-аналар жеке деректерін ешкімге бермеуі керек. Біз өз кезегімізде осы «көмекшілерге» шара қолдану туралы қалалық прокуратура мен қалалық полиция басқармасына әлденеше рет жүгіндік.

- Бұрынғы техникалық гимназия ғимараты әлі бос тұр ма?

- Қазір ғимаратты қайта жаңарту мүмкіндігі қарастырылуда. Бәлкім, онда 290 орындық балабақша, сондай-ақ ерекше білім алуы қажет балаларға арналған 100 орындық қосымша ғимарат болатын шығар.

- Атыраудың көптеген мектебінде екі жыл бұрын мұғалімдерге сауықтыру жәрдемақысы төленбеген. Биыл мұғалімдерден шағым болды ма?

- Бүгінде қала мектептерінде мұғалімдердің сауықтыру жәрдемақысын төлеу бойынша кредиторлық қарыз жоқ. Барлық төлем бекітілген тарифтік тізімге сәйкес берілді.

Фархат АБИЛОВ

24 қыркүйек 2021, 13:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.