Атырау, 25 сәуір 20:35
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Газ құю бекетінен қауіп бар, бірақ, біз оны тексере алмаймыз»

2 835 просмотра

Атырауда тұрғын үй мен көлік жолдарына жақын орналасқан газ құю бекеттері көп. Бұл қауіпсіз емес, бірақ, біз анықтағандай, заң бойынша еш нәрсе істеуге болмайды екен. Толығырақ – «АЖ» материалында.

Алдымен былтыр 5 маусымда болған оқиғаны еске түсірейік: Стройконторадағы газ құю бекетінде шыққан өрт жарылысқа ұласты. Салдарынан денесінің 90%-ы күйік алған газ тасымалдау көлігінің жүргізушісі көз жұмды, денесінің 40%-ы күйік алған газ құюшы жансақтау бөліміне жатқызылды.  

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының м.а. Нұржан ЖАҚАТАЕВ Атырауда газ құю бекеттерінің көбі тұрғын үйлерге жақын орналасқанын растайды. Стройконторадағы жарылыс туралы былай дейді:

- Бұл жерде кеткен олқылық – кезінде газ қондырғыларын орнатуға рұқсат беріп, жер бөлген. Содан кейін айналасына тұрғын үй салуға жер телімін бере бастаған.

Жақатаевтың айтуынша, оның басқармасының тексеріс аша алмау себебін олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде микрокәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайды жақсарту мақсатында шығарған 2019 жылғы үш жылдық мораториймен байланыстырады.

Ақпанда біздің бір оқырманымыз Әуезов көшесі 82 мекенжайда орналасқан газ құю бекетінің суреттерін жолдаған еді. «Газ құю бекеттерін мұндай жерге орналасқанын қалай түсінуге болады және бұған кім жауап береді?» деп комментарий қалдырыпты.

ТЖМ ҚР өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Сырым ЖАЙМАҒАМБЕТОВ бұл газ құю бекетін салу үшін ешбір мемлекеттік органнан рұқсат алынбағанын айтады.

- Азаматтық қорғау туралы заңның 78-бабына сәйкес, қауiптi өндiрiстiк объектiлердi салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келiсуі тиіс. Бізден келісім алған соң аталған заңның 16-бабы 3-тармағы 22 тармақшасына сәйкес, қауіпті өндірістік объектіні пайдалануға берген кезде мемлекеттік инспектордың қатысуымен қабылдау сынақтарын, техникалық куәландыруларды жүргізу тиіс. Яғни, жаңағы газ құятын ақ ыдыс (газовая бочка) біздің мемлекеттік инспектордың қатысуымен техникалық куәландырудан өтуі керек, содан кейін ғана іске қосылады. Сөз болып отырған газ құю бекеті ешқандай келісім алмастан жұмысын жасап отыр. Бізді техникалық куәландырудан шақырған жағдайда да біз оны өткізуден бас тартамыз. Себебі, көлік жолына тым жақын орналасқан.  

- Негізі газ құю бекеті көлік жолынан және тұрғын үйден қандай ара қашықтықта орналасуы керек?

- Қала ішіндегі көлік жолдарынан 20 метр, ал тұрғын үйден 60 метр.

- Егер мораторий болмаған жағдайда сіздер қандай шара қолданасыздар?

- Соны ретке келтіру туралы шағым береміз, егер оны он күнде орындамаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-ның 298-бабы («Жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі қағидаларды бұзу») бойынша айыппұл сала аламыз.

Атырау облысы мемлекеттік-сәулет құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур НҰРБАЕВТЫҢ айтуынша, 2016 жылдан бері қай мекеме болсын құрылыс бастар алдында енді рұқсат алып жүрмейді, тек құрылыс туралы хабарлама береді.

- Қазір заңда тексеру көрсетілмеген, бұрын рұқсат беру көзделгенде тексеріп тұратынбыз. Ал президенттің мораторийіне орай біз мүлде тексеру жүргізе алмаймыз. Тек адам өміріне және денсаулығына қауіп төнгенде ғана түскен арыз-шағымдар түскенде тексере аламыз, - дейді Нұрбаев.

Атырау облыстық экология департаменті басшылығы тұрғындардан түскен шағым бойынша жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан газ құю бекеттерін заңнама талаптарына сай көшіруді ұсынып хат жолдаған. Онда СМП-136, Құрманғазы мен Х.Досмұхамбетов қиылысындағы, Сырым Датов көшесі мен Алмагүл ықшам ауданындағы жанар-жағармай құю станциясында орналасқан газ құю станцияларының тұрғын үйлерге 10-50 шақырым орналасқаны айтылады. Алайда, нәтиже жоқ.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

13 сәуір 2021, 22:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.