Атырау, 17 сәуір 03:14
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

Жалған құжат жасайтындар көбейген: Ақорда көлеңкелі экономика туралы деректер жариялады

2 783 просмотра

Қауіпсіздік кеңесінің аппаратында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элимановтың қатысуымен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды akorda.kz сайты.

Мемлекет басшысы коронавирус инфекциясымен күреске бөлінген бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етіп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымының жолын кесуді тапсырғаны белгілі. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларына қарсы күрес жөнінде де тиісті ведомстволарға бірқатар міндеттемелер жүктелген.

"Осындай мақсатпен жүргізілген тексерулер нәтижесінде заңсыз айналымнан 9,6 милилоннан астам медициналық бетперде мен 65 мың литр антисептик, 819 миллион теңге шамасында түрлі дәрілік препараттың 388,2 мыңнан астам орамасы тәркіленіп, аумақтық денсаулық сақтау органдарына тапсырылды", – делінген хабарламада.

Бұдан басқа, Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібінде көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің кешенді тәсілін ұйымдастыру мен көлеңкелі айналымды болдырмау жөніндегі мәселелер де қаралды.

Жалған шот-фактура жазатындар 2,5 есе көбейген

Сала мамандарының айтуынша, биыл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шеңберінде жалған шот-фактураларды жазып беру фактілеріне қатысты қылмыс саны 2,5 есеге артқаны анықталған (2019 жылдың 6 айында – 94, ал ағымдағы жылдың сәйкес кезеңінде – 242).

"Ұйымдасқан қылмыспен күрес бағытындағы жұмыстар белсенді түрде жалғасып жатыр. Мысалы, Атырау облысында 1,8 миллиард теңгенің жалған шот-фактурасын шығарғаны туралы қылмыстық іс сотқа жіберілді. Заңнамалық сипаттағы іс-әрекеттер мен қабылданған шаралардың нәтижесінде қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру сомасы бес жылда алғаш рет 36%-ға төмендеді", – деп толықтырылған жарияланған мәліметте.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты мемлекетке келтірілген экономикалық залалды өтеу болып табылады. Бірінші жартыжылдықта қаржы мониторингі комитеті 743 қылмыстық іс тергеп, 560 істі мәні бойынша сотқа жолдаған. Ал қылмыстық істер бойынша анықталған залал 38,4 миллиард теңгені құрады. Оның шамамен 32 миллиард теңгесі мемлекетке келтірілген шығын болса, мемлекет кірісіне 21,1 миллиард теңге өтеліп, 9,6 млллиард теңгелік мүлікке тыйым салынды.


6 тамыз 2020, 18:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.