Атырау, 29 наурыз 14:39
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Жарық бағаналарының жыры

3 484 просмотра

Құлсары қаласында жаңадан бой көтерген «Болашақ» және «Атырау» ықшамаудандарында пайдалануға берілген электр бағаналарының көбі жыл өтпей жатып жарамсыз күйге  түсті.

Өткен жылдың күзінде инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген «Атырау» ықшамауданында 800, ал «Болашақтан» 2000 жер учаскелері халыққа берілген болатын. Биыл бұл жұмыс қарқын алып, үй салушылар саны күрт көбеюде. Тіпті алды келіп қоныстанып үлгерген. Алайда электр бағаналарының бір бөлігі жарамсыз болып, ұзына бойы ортасынан қақ айрылып жарылып тұр.

-Бәрінде тоқ бар деп айтуға болмайды. Мәселен, бізде жарық жоқ, - дейді жергілікті тұрғын Мұрат ЕРҒАЛИЕВ. – Жарылған бағаналар бойынша әкімшілікке жолықтық. Ондағылар бағаналар тез ауыстырылып беріледі деп шығарып салғанымен, әлі ештеңе істеле қойған жоқ.

Жалпы «Болашақ» пен «Атырау» ықшамаудандарының электр желісін тартуға бюджеттен 1  млдртан астам қаржы жұмсалған. Жұмыс 2017-2019 жылдары жүріп, жалпы 4860 электр бағанасы орнатылған. Алайда осы жылдың мамырында бағаналар күрт жарыла бастады. «Болашақтан» 308, ал «Атырау» ықшамауданынан 243 бағана жарамсыз болып шыққан. Оларды пайдалануға берілместен бұрын қалай қабылдады екен?

Жылыой аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ:

- Біз былтыр қабылдап алғанда мұндай олқылық болған емес, бірақ уақыт өткеннен кейін бағаналар жарыла бастады. Бұл жұмысты жүргізген мердігер «Дияр и К» ЖШС басшылығының айтуынша, бұл өндіруші зауыттың жіберген кемшілігі. Кепілдік мерзіміне сәйкес «Дияр и К» ЖШС өз қаржысына ауыстыру жұмысына кірісіп, тамыздың аяғына таман бітіреміз деп уәде етті.

Сәл кейінірек Н.Құсайынов берген ақпаратына түзету енгізу үшін «АЖ»-ға кері хабарласты: «Дияр и К» ЖШС-і жетпей қалған бағаналарды «Бетон Пресс» ЖШС-ден сатып алған екен, кейін жарылған да солар. Құсайыновтың айтуынша, қазір екі серіктестік бұл мәселені экономикалық сот арқылы шешуде.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

3 тамыз 2020, 18:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.