Атырау, 25 сәуір 21:35
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қазақстанда онлайн құрбандық қалай шалынып жатыр - видео

Бейнежазба
2 685 просмотра

Бірақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Qurban2020.kz атты арнайы сайт ашып, құрбандыққа онлайн тапсырыстарды қабылдауға кірісті. Бүгінде осы тың бастаманың аясында барлық өңірде арнайы қасапханалар ашылды. Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтандағы онлайн құрбан шалынатын жерде болып, ішкі тәртіппен танысып қайтты.

Онлайн құрбандық қалай шалынады?

Онлайн тапсырыстарды орындайтын қасапхана қаланың шетінде орналасқан. Кіреберісте патрульдік бекеттер қойылды. Қасапханаға барлығын бірдей кіргізбейді. Онлайн тапсырыс орындайтын адамдарға ғана кіруге рұқсат бар. Олар – имамдар, қасапшылар мен еріктілер. Ал санитарлар мен ветеринарлар тәртіпті бақылайды.

Қасапхананың ішінде барлық санитарлық ереже сақталуы шарт. Әрбір құрбандықтан кейін тазалау жұмыстары жүргізіледі. Діни рәсімдер де атқарылады. Елорданың бас имамы Ерболат Жүсіповтың айтуынша, құрбандық малы шалынғанда тапсырыс берген адамның аты-жөні аталады.

"Мәселен, қазір Алла жазса, біз 91-ші құрбандығымызды шаламыз. Рақымды, Мейірімді Алланың атымен бастаймын, №91-ші құрбан, тапсырыс нөмірі - 01918, уа, Жаратушы Жаббар Иеміз, Ибраһим Пайғамбардың атынан құрбандықты қалай қабыл алсаң, Ерлан Олжабайұлы Байғожиннің атынан да дәл солай құрбандықты қабыл алғайсың. Жаратушы Жаббар Иеміз, отбасына, жанұясына Алла берекеңді бергейсің, Алла өзір жар болғайсың! Аллаһу әкбар! Осылай жасалады", - дейді Жүсіпов.

Бас имам қасапхананың ішкі тәртібіне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, мал соятын орын бірнеше аймаққа бөлінген. Бір жерде мал шалынса, екінші жерде етті мүшелеп бұзады. Мал сойылатын орынды үнемі жуып отырады. Сондықтан қанның ізі көп көрінбейді.

Мұқтаж адамдардың саны бес есе артық

Осы уақытқа дейін астаналықтар арнайы сайт арқылы 845 қойды құрбандыққа шалуға онлайн тапсырыс берген. Ал құрбандық малдың етіне мұқтаж адамдардың саны бес есеге артық. Дәл осы сайтпен 4 244 мұқтаж адам етті алуға өтініш жіберді. Онлайн тапсырыстар әлі де қабылданып жатыр

"Зекет" қорының директоры Талғат Омаровтың айтуынша, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы қасапхананың үлгісінде әрбір өңірде онлайн тапсырыстар бойынша мал соятын орындар ашылған.

"Сол жерде барлық талапты орындау жағы қадағаланып отырады. Тазалықтың санитарлық нормаға сай болуы, қасапшылардың дайын болуы, қасапшылардың шариғи тұрғыда малды бауыздағанда дұғасын "Бисмиләхи, Аллаһу әкбар" деп айтуы, пышақтың өткір болуы және қасапшы кім, бата жасайтын имам кім, осыны шатастырып алмас үшін бәріне бөлек-бөлек формалар дайындау деген сияқты. Міне, осының барлығы алдын ала қолға алынды", - дейді Омаров. 

Маманның айтуынша, онлайн құрбан шалу мұсылман елдерінде кеңінен тараған. Ал Қазақстанда коронавирус пандемиясына байлансты қолға алынып отыр. Бірақ тың бастама алдағы жылдары жалғаса береді.

"Бұл, әсіресе, жұмыста немесе іс-сапарда жүрген азаматтарымыз үшін өте қолайлы. Мысалы, діни басқармаға хабарласып, менің атымнан мынандай қой немесе мынандай сиыр сойсаңыз деп, бекітілген есепшотқа ақша аударса, оның атын атап тұрып, діни басқарма мойнына аманат қып алып, оны сойып, видео арқылы есебін жіберетін болады. Сондықтан осы бастама әлі өз жағасын табады деп ойлаймыз. Соған сенеміз", - деп атап көрсетті Омаров.

Биыл діни басқарма қашықтан құрбандық шалу бастамасын алғаш рет қолға алып отыр. Негізгі мақсат – мұсылмандық міндетті орындауға жағдай жасау. Ал, ең бастысы, онлайн құрбандық кезінде қауіпті індеттің таралуына жол берілмейді.

31 шілде 2020, 18:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.