Атырау, 29 наурыз 13:40
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Тұздыкөл: кадр сыртындағы көрініс

Сурет Бейнежазба
5 954 просмотра

27 шілдеден бастап Индер ауданында орналасқан Тұздыкөл келушілер үшін жабылды. Оған себеп – Атыраудан келетін демалушылар санының көп болуы.  Жақында «АЖ» тілшісі Тұздыкөлге барып,  жағдайды көріп қайтқан болатын.

КӨЛГЕ КЕЛУШІЛЕР КӨП

Тұздыкөлде оннан астам тұзды сулы карьер бар. Жағадағы судың тереңдігі 1-2 метрден басталса, ортасындағы судың тереңдігі белгісіз. Өткен жылы аудан әкімдігі карьер суын зерттеу үшін көрші Орал қаласынан арнайы мамандар шақырған. Су зиян емес, радиция деңгейі қалыпты нормадан аспаған. Осылайша «Тұздыкөлдің суы радиацияға толы» деген қауесетке нүкте қойылды.

Демалуға барғандар бірінші  Қыз әулие бейітіне зиярат етіп, тұзды балшықты үстеріне жағады. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, Тұздыкөлдің тұзды балшығы әртүрлі тері ауруларына ем. Әсіресе егде жастағы адамдар үшін өте пайдалы.

Біз көлге жеткен кезде, ол жерде ине шаншар орын болмады. Келушілер саны 200-ден асып жығылады, 100-ден астам көлікті санап шықтық, тіпті автобуспен келгендерде бар.


Демалушылардың көпшілігі облыс орталығынан келген. Атырауда карантин режиміне байланысты барлық ойын-сауық орталықтары мен парктер жабылып, атыраулықтар  карантин кезінде Тұзыкөлге ағылуда. Әлеуметтік желіде «Индер-Тұздыкөл» деген локациямен түсірілген суреттерге толы.

- Атырауда 40 жыл тұрсам да, бұл жерге бірінші рет келіп тұрмын,- дейді Зоя есімді қала тұрғыны. – Алдымен балшықта болып, содан соң осы жерге шомылуға келдік. Бұл жер болашақта «Сарыағаш» немесе Әзірбайжанның «Нафталаны» секілді әлемге әйгілі курорт болады деп ойлаймын. Әрине қарапайым жағдайлардың жасалмауы – осындай тамаша мүмкіндікті пайдалануға қолбайлау болып отыр.

Келушілердің арасында жастар көп. Олар биік тастардан артқа айнала секіріп, енді бірі әлеуметтік желі үшін суретке түсіп әлек.

- Осымен төртінші рет келуім. Бұл жер өте қатты ұнайды. Өткен жолы келгенде бірнеше суреттерімді әлеуметтік желіге жүктеп едім, Астана-Алматыдағы достарым таңдай қақты. Олар да келейін деп жатыр, - дейді Асылхан УМИР.

 

ТӨҢІРЕК ҚОҚЫСҚА ТОЛЫ

Тұзды карьердегі демалыс жағдайы туралы тоқтала кетейін. Тұздыкөлге баратын жолдың әбден тозығы жеткен. Жол бойы дөңгелектері жарылып немесе астын соғып, тұрып қалған көліктерге толы. Индерден Тұзыкөлге дейін 16 шақырым болса да, жолдың тозығынан 1 сағат жүріп баруға келеді.


Демалуға келгендер судың жағасына кәуап пісіріп, ішімдік ішіп отыр. Өкінішке орай, демалып болғаннан кейін, отырған орындарын қоқытып, қоқыстарын шашып кететін мәдениетсіз демалушылар көп. Қоғамдық сананың төмендігіне байланысты демалуға келгендер бос құтылар мен шемішкі қабықтырамен жарысып жүзуге мәжбүр. Қоқыс тастау үшін қоқыс жәшіктерін таппағандықтан, қоқысты өзімізбен бірге ала кеттік.

Тағы бір мәселе – дәретхананың жоқтығы. Демалушылар ең аз дегенде 3-4 сағат суға түсіп, демалады. Өкінішке орай осы уақыт аралығанда олар бірнеше рет тастың арасына түзге барады. Мүмкін содан болар, әдемі кадр жасау үшін тастың үстіне мінейін десең, сасық иіс қолқаны қабады.


КӨЛ КАРАНТИНДЕ

28 шілдеден бастап келушілер көп болғандықтан Тұздыкөлге және карьерлерге келуге уақытша тыйым салынды.

- Өңірдегі карантин режиміне қарамастан, Тұздыкөл мен осы аумақта орналасқан жасанды карьерлерге туристер келеді, - деді Индер аудандық әкімдігі. – Бүгінде аудандық әкімдік жанынан құрылған мобильді топтар түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Алайда, соған қарамастан, мұнда туристер көп келеді. Сондықтан, облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысының негізінде осы жылдың 28 шілдесінен бастап көлге және жасанды карьерлерге баруға қатаң тыйым салынады.

 

КУРОРТ БОЛА МА?

Дегенмен, билік Тұздыкөлдің жарқын болашағы бар деп уәде етеді. Қазір салынып жатқан «Индер-Қарабау» тасжолы осы Тұздыкөл арқылы өтеді. Бұдан басқа, Тұздыкөлдің 50 гектар жері  инвесторға беріліп, ол осы жерден демалыс-сауықтыру орталығын салуды көздеп отыр. Қазір аудандық әкімдікпен бірлесіп, сумен, газбен, электрмен жабдықтау жобасы дайындалап, мемлекеттік сараптамаға жолданды. 300 адамға арналған курорттық орталықтың жобасы әзірленіп жатыр. Құрылысы 2021 жылы басталуы мүмкін.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

28 шілде 2020, 16:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.