Атырау, 20 сәуір 12:12
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атыраудағы педофилдер: кім қамауда отыр, кім шықты

4 612 просмотра

Сәтпаев қаласында 5 жасар қызды зорлаған адамды жазалау үшін өздеріне беруді талап еткен жергілікті тұрғындардың наразылығы біздің өңірімізде тергеліп жатқан педофилдік істер мен оларға қатысты үкімдерді еске салды. Толығырақ - «AЖ» материалында.

КІМ ШЫҚТЫ

Атырау облысында қазір педофилдік қылмыстары үшін жазасын өтеген 4 ер адам бар. Атыраулық тағы 8 педофил абақтыда ұзақ мерзімдіжазаларын өтеуде.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, Құлсары қаласында 35 жастағы ер адам тұрады. 25 жасында үш жасар қызды зорлаған оны Жылыой аудандық соты 5 жылға бас бостандығынан айырған, ал 2013 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығыпты.

Оның Атыраудағы құрдасы 2009 жылы үш жасар қызға қатысты сексуалды қылмыс жасаған. №2 Атырау қалалық соты оған 5 жыл жарымға бас бостандығынан айыру жазасын берген. Ол үш жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығып, қазір Атырауда тұрып жатыр.

Жазасын өтеп шыққан педофилдердің ең үлкенінің жасы 47-де. Алты жыл бұрын алты жасар қызды балмұздақ әперемін деп алдап шақырып, азғындық әрекетін жүзеге асырған. Қылмыстық кодекстің ескі редакциясындағы 124-бап ("Жас балаларды азғындық жолға түсіру") бойынша үш жыл жаза алып, жазасын толық өтеп шықты. Қазір Құрманғазы ауданындағы ауылдардың бірінде тұрып жатыр.

Өткен аптада құрманғазылық тағы бір педофилдің жасы 41-ге келді. 2005 жылы ол 11 жасар қызға қатысты азғындық әрекеті үшін ҚР ҚК-нің ескі редакциясындағы 120-баптың 4-тармағы (14 жасқа толмаған жас баланы көрінеу зорлау) бойынша сотталды. Құрманғазы аудандық соты оны 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

КІМ ҚАМАУДА ОТЫР

2014 жылы аудан орталықтарының бірінің 38 жастағы мас тұрғыны балмұздақ әперемін деп 4 жасар қызды үйінің ауласындағы моншаға алдап шақырып, шешіндіріп, сәби қарсыласқан кезде соғып жіберген. Сол кезде полицейлер үлгеріп келіп, моншаның есігін сындырып, қаскөйді ұстайды. ҚР ҚК-нің 121-бабының 4-тармақшасы ("Жас балаға қатысты көрінеу сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") бойынша ол қатаң режимдегі колонияға 15 жылға жазаланады.

2015 жылы 32 жастағы Атырау тұрғыны подъезде 11 жасар қызды торуылдап, өлтіремін деп қорқытып, сексуалдық сипаттағы зорлық әрекетін жасауға тырысқан. Бағына қарай, қыз сытылып, подъезден қашып шығып, үйінің жанында тұрған таксистерден көмек сұрайды. Олардың бірі қылмыскердің соңынан қуып, ұстап алады. Қаскөйге қатаң режимдегі колонияда 15 жыл жазасын өтеу үкімі шықты. Сол жылы үш жыл бойына өзінің туған қарындасын зорлап келген Қызылқоға ауданының тұрғынына қатаң режимде 15 жылға жаза кесілді. Ол қарындасын 12 жасынан бастап зорлаған екен. Сол жылдың күзінде 30 жастағы Атырау тұрғыны 2013-2015 жылдары балдызын әлденеше рет зорлап, оның құрбысына қатысты азғындық әрекеттерін жасағаны үшін қатаң режимдегі колонияға 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол азғындық әрекеттерін кішкентай қыздар 10 және 11 жаста болған кезде бастаған.

2016 жылы Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 44 жастағы шопанның көмекшісіне үкім шығарды. Ол қыстақта үш жасар қызға азғындық әрекеттер жасаған. Сот 19 жылға бас бостандығынан айырды.

2017 жылдың қыркүйегінде Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 8 жасар қызды зорлап, Жайыққа батырып жіберген Бесікті ауылының 28 жастағы тұрғынына қатаң режимдегі колонияда 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.

Өткен жылдың тамызында полицейлер тұрғын үйлердің бірінің подъезінде 5 жасар қызға сексуалдық іс-әрекет жасаған 44 жастағы Атырау тұрғынын ұстады. Кейінірек сот оған қатаң режимдегі колонияда 17 жылға бас бостандығын айыру жазасын кесті.

Өткен жылдың қыркүйегінде әйелі үйде жоқ кезде өзінің 13 жастағы өгей қызын зорлап келген Атырау тұрғынының соты өтті. Өгей әкесінен қорыққан қыз бұл туралы ешкімге тіс жармаған. Қыз жүкті болып, анасы дереу полицияға жүгінген кезде, шындықтың беті ашылады. Зорлықшы 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұдан басқа, 2019 жылы Атырау полицейлері кәмелетке толмағандарды зорлады деген күдікпен 1999, 1984 және 1985 жылғы үш ер адамды ұстады (істе кем дегенде екі жәбірленуші бар). Іс немен аяқталды? «АЖ» құқыққорғау органдарына сауал жолдады.

Фархат ӘБІЛОВ

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
2019 жылдың соңындағы мәліметтер бойынша, ҚР құқыққорғау органдарында бір жарымға жуық педофил есепте тұр екен. Бүгінде Қазақстанның түзеу орындарында кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалды сипатта қылмыс жасағаны үшін 1600-дей сотталушы жазаларын өтеуде.
25 шілде 2020, 17:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.