Атырау, 28 наурыз 22:20
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Құрбандық қашықтан шалынады

Бейнежазба
4 837 просмотра

Карантинге байланысты 31 шілдеде Құрбан айт мерекесі кезінде құрбан шалу онлайн режимінде өткізіледі. Бұл туралы бүгін брифингте Атырау облысының бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ айтып берді.  

Естеріңізге салсақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықтың артық жүрісін шектеу мақсатында арнайы qurban2020.kz сайтын іске қосты. Ол жерге өз мәліметтерін жіберіп, кез-келген азамат құрбандық шала алады. Өтінім беру 30 шілдеге дейін қабылданады.

Ескерте кететін жағдай, осы кезге дейін мұсылмандар құрбандыққа шалған малдың етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастархан жаятын. Онлайн-құрбан шалуда ет түгелдей әкімдік пен мешіттің тізімінде тұрған мұқтаж жандарға үлестірілетін болады. Мұқтаж жандар да өз мәліметтерін qurban2020.kz сайтына жібере алады.

Құрбан айт 31 шілдеде басталып, 2 тамызға дейін жалғасады. Биыл карантинге байланысты мешіттер жабық болғандықтан, айт намазы оқылмайды.

- Құрбандыққа қандай мал жарамсыз?

- Шариғатымызда таңдалған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. «Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Қой мен ешкі 1 жасқа толған болуы керек. Ал, сиыр 2 жас, түйе 5 жасар болса жарамды. Түйе мен ірі қараны 7 адам бөліп шала алады.

- Қай жерде қашықтан құрбан шалынады?

- Арнайы орындарды мешіт бойынша құрылған штаб пен әкімшілік мамандары тексеріп, санитарлық талапқа сай 3 орынды белгіледі. Олар Береке ықшам ауданындағы «Қуаныш» жеке шаруашылығы, Атырау-Астрахан тас жолы бойындағы «Асыл агро» және «Адал» мал сою орындары. Егер 30 шілдеге дейін мал сатып алып қойған тұрғындар болса, сайтта көрсетілген мешіт мамандарына хабарласып қашықтан шалуға өтінім бере алады.   

- Құрбан шалушыларға малдың олардың атынан шалынғаны жөнінде бейне есеп жіберіле ме?

- Әрине, ол қарастырылған.

- Мал бағасын шарықтатпау бойынша саудагерлермен келісім жасалды ма?

- Мал базарын аралай келе мал бағасының орташа есебін шығардық. Қасапшының еңбегін қоса есептегенде тоқтының бағасы 40 мың теңге, қой 50 мың, ірі қара 350 мың теңге.

- Жеке үйде тұратындар өз ауласында құрбан шала ала ма?

- Шарбағы бар, ауыл-қала тұрғындарына карантин шараларын сақтай отырып, өз ауласында құрбан шалуына рұқсат.

Естеріңізге салсақ, демалыс күні деп жарияланған мейрам 31 шілдеде басталып, 2 тамызға дейін жалғасады. Бұл күндері мал базарларының бәрі жабық тұрады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

25 шілде 2020, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.