Атырау, 25 сәуір 05:31
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қазақстанда азық-түлік үшін төлем алатын 5 әлеуметтік топ анықталды

3 162 просмотра

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл шілдеде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады. Қазақстандықтар биыл 20 шілдеден бастап айдың соңына дейін банк карталарына төлем ала бастайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұйрық күшіне енген кезде 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар алушылар болады. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін шілдеге, яғни, шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 айлық есептік көрсеткіш (5302 теңге) мөлшерінде төлем жіберіледі.

5 әлеуметтік топқа:

- атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;

- медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

- медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;

- мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;

- жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады.

Бұған дейін хабарланғандай, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк карталарына аударылған төлемге ауыстырылды.

Биыл наурыздан мамырға дейін бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 миллиард теңгеге 1 миллион адамға есептелген.

Еске салайық, 14 шілдеде ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.

Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды. Табыссыз қалған қазақстандықтарды қолдау үшін жәрдемақылар, біржолғы төлемдер төленді, оның ішінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар берілді.

20 шілде 2020, 10:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.