Атырау, 20 сәуір 19:45
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

«...Ал дағдарыс мені дұрыстап тұрып сілкіп алды»

3 508 просмотра

Пандемияға байланысты экономикалық дағдарыс көптеген үлкен және шағын кәсіпорындарды күйретіп жіберді. Бірақ біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз жағдайды бірқалыпты ұстап тұруға тырысып, кейбіреуі пайда тапты деуге болады.

ҒАЛАМТОР АРҚЫЛЫ БІЛІМ АЛУҒА БОЛАДЫ

Бірнеше ай бұрын, алғашқы жетістіктеріне қанаттанған Рафхат әлеуметтік желіде өз кәсібін - Халықаралық бағдарламалар орталығын ашқанын жеткізіп, достарымен бөліскен еді. Барлығы белгіленген жоспар бойынша жүрді, жұмыс ауқымы кеңейді, басқа қалалар – Нұр-сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Ақтауда филиалдар ашылды. Жұмыстың негізгі бағыты Польшадағы оқу орындарына түсу кезінде көмек көрсету еді. Бірақ пандемия басталуымен клиенттер балаларын Еуропаға оқуға жіберуден бас тарта бастады. Оларды да түсінуге болады, қай ата-ана баласын осындай жағдайда алысқа жіберсін? БАҚ пен әлеуметтік желідегі барлық жаңалықтар тек коронавирус туралы болды, тіпті жаңалықтар легін ашып қарағың келмейді. Сонымен қатар, бірнеше қаладағы офистік кеңселердің  жалға алу ақысын төлеу, қызметкерлердің жалақысын есептеу, кеңейту үшін алынған несиеге қатысты мәселені шешу қажет болды. Кейбір клиенттер жағдайдың тұрақтанғанын күтпей, өз ақшаларын кері қайтаруға асықты.

- Мен депрессияға шалдықтым. Өйткені, өмірім жаңа ғана қалыптасып келе жатқанда – бір мезгілде бәрі құрыды. Қиындыққа тап болған жалғыз мен емес, бірақ сол тығырықтан шығып, бизнесті аман алып қалған санаулы адамдардың бірімін. Дағдарыс, шын мәнінде, мені дұрыстап тұрып сілкіп алды, жаңа мүмкіндік пайда болды. Егер оған дейін онлайн-білім беруді қарастырған өнімдер баяу жүзеге асырылған болса, қазір клиенттердің 75%-ы қашықтан оқыту мүмкіндігін қарастырады. Бұрынғыдай қорқыныш пен соқыр сенім жоқ. Қашықтан оқу әдеттегідей жағдайға айналды. Егер бұрын қашықтан білім беруді мойындалмаған аутсайдерлер ғана жүзеге асырған болса, енді оны Гарвард, Йель университеті, Лондон Экономика мектебі, ММУ және т.б. сияқты ірі білім ордалары қолға алды, – дейді Рафхат.

Оның пікірінше, бизнестің ерекшелігі маңызды рөл атқарады. Білім беру саласы бұрыннан да өзгеріске ұшырап келеді - пандемия бұл үдерісті тек жеделдетіп жіберді. Егер бұрын дәстүрлі білім беру әдісін қолдайтындар оқытудың жаңа форматтарын елемеуге себеп тауып жүрген болса, вирус олардың аузын аштырмай тастады. Көз алдымызда, бірнеше күн ішінде күндізгі білім беру әдісі толығымен тоқтады. Дағдарыс оқытудың бұрынғы формаларынан, соның ішінде алдымен ғасырлар бойы формасы өзгермеген дәрістерден бас тартуға мәжбүр етті. Рафхаттың қазіргі білім беру орталығы клиенттерге қашықтан тіл оқыту курстарын, шетелдік ЖОО-на онлайн оқуды ұсынады, тек бакалавр дәрежесін ғана емес, сонымен қатар іскерлік әкімшілік магистрі (МВА) дәрежесін алуға да мүмкіндік береді. Клиенттер тартымды жаңа ұсыныстарға қызығушылық танытуда әрі қауіпсіздік тұрғысынан өте тиімді.

 

ӨЗГЕРІСТІ ІШІМ СЕЗДІ

Альберттің компаниясы 2013 жылдан бері Атырау мен Астанада оқушыларды тасымалдаумен айналысады, жұмысы жолға қойылған еді.  Бірақ пандемияға байланысты наурыз айында бүкіл мектеп қашықтан оқытуға көшті... бизнес тоқтап қалды. Компанияның жағдайы қиындап кетті: 60 автобус, 70-тен астам қызметкер – жүргізуші, механик, әкімшілік қызметкерлер – барлығына жұмыстың тоқтауына байланысты және база мен кеңсені жалға алу үшін ақы төлеу қажет болды. Күтпеген жерден компания бірнеше жыл бойы жалға алып келген Астанадағы базаны босатуды өтінді. Ол жақта қыс өте суық, желі де қатты. Автобустарды ашық аспан астында ұстауға болмайды – оқушыларды сабаққа уақытында жеткізу үшін автобустың таңертең ертемен оталып кетуіне кепілдік болуы керек, тіпті, балалар аяз тұрған күндері таңертең жылы салонға кірсе де жақсы. Фирманың өз учаскесі бар еді, сол жақсы болды, аумақты қоршап, тез арада өз базасын салуды бастауға тура келді.

- Бизнесте түрлі өзгерістерге бейімделе білу де өте маңызды. Егер бойыңда бұл қасиет болса, онда сен аман қаласың, егер жоқ болса, ешкім сені тығырықтан шығармайды, - дейді Альберт. - Бұл қазіргі коронавирус жағдайында айқын көрініп тұр. Үстелдің құлап кетпеуі үшін міндетті түрде оның төрт аяғы болуы керек деп үнемі айтатынмын. Бизнесте де солай, оны кеңейтіп, қызмет түрлерін көбейту қажет. Біреуі тоқтап қалса, екіншісіне көшу мүмкіндігі болады.

Ол не айтып тұрғанын біледі. Себебі оның қызметкерлері оқу жылында қарқынды еңбек етеді де, ал каникул кезінде ұзақ уақытқа тоқтап қалады. Фирманың өз ресурстарын пайдаланудың жаңа жолдарын іздеу тәжірибесі бар. Бірнеше жыл бұрын компания қосымша қызмет ретінде жүргізушісімен бірге жеңіл автокөлікті жалға берумен айналыса бастады. Бұл бағыты қазіргі уақытта да сұранысқа ие болып отыр. Шетелдік және қазақстандық кәсіпорындар негізінен джип пен пикаптарды таңдайды. Компания несиеге тағы бірнеше автокөлік алып, өз автопаркін аздап кеңейтті. Содан кейін оларға жұмысын бұрынғыдай барып-келіп жалғастыратын түрлі компаниялардың қызметкерлерін тасымалдау туралы ұсыныс жасалды. Бұл бағыттың келешегін бағалай отырып, компания өз бетінше клиенттерді іздестіре бастады. Ақырында, жеткізу саласындағы өзінің бұрынғы тәжірибесін негізге алып, компания басшысы жаңа қызмет түрлерін игеруді көздеді. Осылайша, компания бизнес автомобильдерді, экипажбен автобустарды, түрлі қалалардағы өтінімдер бойынша бизнес автомобильдерді жалға беру, түрлі тауарларды, соның ішінде жеке қорғану құралдарын, жиһаздарды және т. б. жеткізу секілді жаңа қызмет нарығына шығуға қол жеткізді.

Осының барлығы үнемдеу арқылы өз қызметкерлері, жалға алушылар, банк алдындағы өзінің барлық міндеттемелерін орындауға  және болашаққа үмітпен қарауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өз базасын салу жоспары бар.

ЖЕТКІЗІП БЕРУ ҚЫЗМЕТІ КӨШ БАСЫНДА

Өткен жылдың қараша айында клиенттерге ыңғайлы болу үшін жеткізіп беру қызметін қамтитын көкөніс пен жеміс-жидектерді сату саласындағы өз бизнесін ашқан Ажар көп ұзамай тек осы бағытта әрекет ету керек болады деп әсте ойламаған еді. Қалай болғанда да, оның азық-түлік бизнесі қазіргі күрделі экономикалық жағдайда алға қарай дамып келеді. Карантин кезінде жеткізіп беру қызметі үлкен сұранысқа ие болды, сатып алушылар мен тапсырыстар айтарлықтай көбейді. Тапсырыстардың уақытылы жеткізілуін ұйымдастыру үшін қосымша қызметкерлерді жалдауға және курьерлік компанияның қызметтерін пайдалануға тура келді. Сонымен қатар, ол дүкенге сұрыптау қоймасынан өнімдерді жылдам тасымалдау үшін бортты көлікті жалға алды. Қазір көлікті немесе жұмысшыларды табу қиын емес, көпшілігі жұмыссыз қалды ғой. Ал мұндай бизнес жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Фирма тауарлардың түр-түрін ұсынады, бірақ зімбір тамыры, лимон, бал, таңқурай тосабына тапсырыс өте көп. Қазір кәсіпкер бірінші кезекте қажетті тауарларды сататын көтерме сауда нүктесін ашып, өз сауда белгісімен өз өнімдерін шығаратын жылыжай салуды жоспарлап отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

20 шілде 2020, 09:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.