Атырау, 19 сәуір 13:29
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Аймақты үрей билеп тұр: Атырау белсенділері Тоқаевқа хат жолдады

9 993 просмотра

11 шілдеде әлеуметтік желіде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен белсенділерінен коронавирус инфекциясы өршіп тұрған өңірге шұғыл көмек көрсету өтінішімен хат (мәтін төменде жарияланған) жолданды.

ҮНДЕУХАТ

Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Бірнеше жылдан бері Атырау облысы республикалық бюджеттің демеушісі болып келеді. Біз отандастарымызға қажет уақытында көмек бере алғанымызбен мақтанамыз.

Өкінішке орай, қазір Атырау облысының басына қара бұлт үйіріліп тұр. Коронавирус жұқтырған науқастар күн санап артуда. Атырау облысы науқастар санының өсу қарқыны бойынша елде көш бастап тұр. Күніне жүздеген адам аурухана төсегіне таңылуда. Ал стационарларда адамдар қырылып жатыр. 

Бізде бұл трагедия тауқыметін тартпаған адам жоқ шығар.

Аймақты үрей, шарасыздық билеп тұр. Ауруханаларда мүлде орын жоқ деуге болады. Ал жедел жәрдем шақырылған уақыттан 4-5 сағаттан кейін келеді.

Барлық емханалар жабық. Облыстың 7 ауданында да жағдай ауыр. Әсіресе Қызылқоға, Мақат аудандарындағы жағдай қиын. Өлім көрсеткіші үлкен. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жоғарыда баяндалған жағдайды ескере отырып, бізге өзге елдерден келген (Ресей, Оңтүстік Корея және т.б.) дәрігерлерді жіберуіңізді сұраймыз. 

Атырау облысы коронавирус инфекциясымен күресуде тәжірибесі бар дәрігерлер көмегіне мұқтаж. 

Өкінішке орай, жағдай өте ауыр. Кешіктіруге, кейінге қалдыруға мүлде болмайды!!! 

Біздің жанайқайымызға құлақ түріңіз! 

Құрметпен:

Ирак Елекеев – ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген заңгері;  

Айгүл Үлкенбаева – ҚР еңбек сіңірген артисті, күйші;  

Еділ Құсайынов – этномузыкант, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;  

Ринат Гайсин – композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;  

Сембек Жұмағалиев – ҚР еңбек сіңірген қайраткері;  

Әділ Қойтанов – ҚР «Құрмет» орденінің кавалері;  

Жанна Орынбасарова – Белгілі қазақстандық әнші;  

Салтанат Рахимова – қалалық мәслихат депутаты, заңгер;  

Ерлан Күмісқалиев – қоғам қайраткері;  

Тұрсын Қалимова – ҚР Журналистер Одағы мүшесі, «Айқын» газетінің меншікті тілшісі». 

Редакциядан: Атырау облысында жағдай шынымен мүшкіл. Дәрігерлер мен дәрі-дәрмектер жетіспейді, халыққа қол үшін беру үшін облысқа дұрыс бағасын беріп, әрекет ететін және жұмысты ұйымдастыра алатын қамқор жандар қажет. Атырау тұрғындарының жанайқайы аяқсыз қалмайды деп сенеміз.

14 шілде 2020, 19:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.