Атырау, 20 сәуір 02:07
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жоғалған Баха мен мейірімді Леонид

Сурет Бейнежазба
3 883 просмотра
Бобораджаб ДЖАВЛИЕВ

Душанбедегі журналист әріптестеріміз («Тоджикистон» газеті) «АЖ»-ға Атырауда жоғалып кеткен отандасының суретін жолдауды өтінген еді. Әрине, біз бұл тақырыпқа қызығушылық танытып, бірден келісе кеттік.

Жақында «Тоджикистон» газетіне Атыраудан қоңырау шалып, бізге табыс табуға келіп, бірақ соққыға жығылып, ақшасы мен құжаттарын ұрлатып алған, ең жаманы - есін жоғалтқан тәжік азаматы туралы хабарлаған екен. Бірақ қазір ол там-тұмдап кей сәттерді есіне түсіре бастапты.

- Бізге Атыраудан хабарласты. Қазір туыстарын іздестіріп жатырмыз. Ол кісінің суретін жолдауды әлденеше рет өтінген едік, бірақ мүмкін болмай жатыр-ау деймін. Бізге суретін жолдасаңыздар екен, теледидардан хабарласақ, туыстарының табылатынына сенімдіміз, - дейді Душанбедегі әріптестеріміз.

...Бұл адамды өткен күзде миы қатты шайқалған күйде көшеден тауып алыпты. Тіпті, емделіп шыққаннан кейін де өзінің кім екенін, қай жақтан келгенін түсіндіре алмаған. Қала тұрғыны Леонид ДЕМЯШЕВКЕ таныс полицей хабарласып, қамқорлыққа мұқтаж осы адам туралы айтқан екен. Леонид сырт қалмай, тұратын жері мен еміне көмектескен. Леонидтің әйелі медицина саласында жұмыс істейді, қызы – инфекционист дәрігер, қарындасы – психиатр. Бәрі көмектесіп, түгел болмаса да, өткен өмірін есіне түсіруіне үлес қосыпты. Бұған онымен тілдескен кезде көзім жетті. Кейбір сұрақтарға жауап бергенде шатасып, сол қырсық шалған күні не болғанын және соққыға жығылғанша қайда жұмыс істегенін нақты есіне түсіре алмады. Біз әңгімелесіп болған соң, ол жоғарыға қарап, біздің көзімізге көрінбейтін әлдекіммен күбірлеп сөйлесе бастады.

Леонид ДЕМЯШЕВ

- Баха, қорықпа, туыстарыңды табамыз, адамның ешкімі болмауы мүмкін емес қой, - деді Леонид оны жұбатып. Содан соң маған:

- Қазір ең бастысы оны білетін жандарды табу керек, ол жерде Тәжікстанға қайтуына септігі тиетін әлдебір құжаттары қалған шығар. Мен өзімше әрекеттеніп, оның суретін Атырау-Душанбе пойызының жолсеріктеріне табыстап, еңбектерің үшін деп оларға балық бергенмін. Бірақ хабар-ошар болмай кетті, - деді.

Леонид пен үйіндегі медиктердің арқасында бүгінде бар білетін ақпаратымыз мынадай: Баханың толық аты-жөні, оның өзінің айтуынша, Бобораджаб ДЖАВЛИЕВ. 1973 жылы 20 наурызда Душанбеде дүниеге келген, әкесінің аты Сайфулло, анасы – Халима. Бес баласы – үш ұлы мен екі қызы бар: Файзулло, Зикиролло, Достон, Замира және Махфират. Әйелінің аты есінде жоқ. Сегіз інісі мен төрт әпке-қарындасы бар. Ол әпкесі Мамлакаттан кейінгі екінші бала екен. Басқа іні, қарындастарының да есімдерін біледі.

12 немесе 15 жыл бұрын екі жерлесімен бірге Душанбеден Мәскеуге табыс табуға кеткен. Содан кейін Мәскеу мен Атыраудың арасында нәпақа тауып, құрылыста жұмыс істеген, тапқан табысын үйіне жіберіп тұрған. Соңғы кезде – Атырауда сол екі досымен жұмыс істегені есінде қалған, олар осы жерде пәтер жалдап тұрыпты. Теміржол вокзалының маңында үш әлде төрт адам бұған жабылып, ұрып кеткен екен...

Баха туыстарын табуға, құжаттарымен көмектесуге және ең бастысы – Душанбеге, үйіне оралуына қол ұшын берсе дейді. Леонид оған барынша көмектесуге тырысып жүр.

- Ол қазір менің бос тұрған базамда тұрып жатыр. Ол базаға кезінде асыл тұқымды ит өсірдім. Оған азық-түлік сатып әперемін немесе әйелім пісірген тамақты апарамын. Маған келген кезде – жүдеу, әлжуаз еді, қазір қараңыз, толысып, күш жинаған, - деп күледі Леонид Бахаға қарап. Ал ол басын изей береді. – Баха өзі шаруа жігіт, міне, бақша салып, бұрыш, қияр егіп тастаған... Сабырлы, жақсы адам, тек ішімдіктен бас тартпайды. Айтпақшы, осы жерге жерлестері келіп тұрады. Мен оларға ешқандай ішімдік ішілмесін деймін. Мен Баханың өзіне де ішпе, базадан алысқа шықпа, әйтпесе тағы да адасып кетесің деп талай айттым. Сосын оны құрылысқа жұмысқа алып кетуге адамдар келді, бірақ олардың дегені болмады. Қазір карантин ғой, арзан жұмыс күші таптырмайды, ал оның құжаты жоқ. Нашар адамдар кезіксе, оған ойларына келгенін жасатып, жұмсар еді. Оны арнайы қабылдағышқа немесе басқа жерге алып кетуіне жол бермеймін.

- Иә, Леонид, елдің бәрі сіздей болса ғой, - дедім оған ризашылықпен...

Леонидтің пікірінше, Баханың туыстары, ендігі ол өліп қалды деп ойлайтын шығар. Бірақ оның тірі екенін білдік. Душанбедегі әріптестеріміз отанында осындай аты-жөні бар адамға іздеу жарияланбағанын айтады. Оларға суреті мен бейнежазбаны жолдадым, олар көп ұзамай ол туралы теледидардан хабарлауға уәде берді. Құдай қаласа, Баха үйіне де оралар.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

11 шілде 2020, 16:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.