Атырау, 29 наурыз 13:04
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

«Егер қыркүйекте тағы да қашықтан оқытса, мектептен кетемін»

5 485 просмотра

Аптасына 24 сағат жұмыс, өте нашар интернет, электронды «Күнделік» жүйесін пайдалану кезіндегі проблемалар, ата-аналардың наразылығын естіп, бастықтардан сөгіс алу – осындай келеңсіздіктер 4-тоқсандағы оқу үрдісінде орын алды. Ұстаздар қауымы енді бұл жағдайдың қайталанғанын қаламайды.  

Бастауыш мектептегі кадр жетіспеушілігіне байланысты, менің сұхбаттасушым, басқа әріптестері сияқты, екі сыныпқа - 1- және 4-сыныпқа жетекші екен. Сабақ басталған алғашқы аптада смартфоны бұзылып қалған – ватсап арқылы және электронды поштасына келген хабарламалардың көптігіне төтеп бере алмапты. Оның айтуынша, ұстаздардың бәріне дерлік гаджеттерін жаңартуға немесе жөндеуге тура келген. Біреулері туыстарының телефондарын уақытша пайдаланған. Орта және жоғарғы сыныптарға сабақ беретін пән қызметкерлері хабарлама таспасынан әр оқушының жеке хабарламасын іздемеу үшін үй тапсырмаларын жинауға жауапты адамдар тағайындады. Сыныптағы бүкіл оқушы оған дайын жұмыс суреттерін жолдайды, ал ол мұғалімге жібереді.

Бұл мектеп қашықтан оқытуға дайындық сатысында Zoom қосымшасын пайдаланудан бас тартты. Өйткені ұжымның жартысы осы алаңда ұйымдастырылған қарапайым жиналысқа да қатыса алмаған. Министрлік бұл алаңды ақысыз болады деп жариялаған еді, ал іс жүзінде сеанстар уақыт бойынша шектелген. Бастауыш сынып мұғалімдері тегін пайдаланатын уақытқа үлгере алмады, өйткені ата-ананың бәрі бірдей балаларын уақытында сабаққа қоса алмайтын. Сондықтан сабақтар басқаша өтті: таңертең мұғалімдер бейнесабақтарға сілтеме (сәйкес сабақтарды YouTube кеңістігінен өздері іздеп тапты) мен үй тапсырмаларын жіберіп отырды. Сол күн ішінде балалар дайын жауаптарды жіберуі тиіс. Егер бір нәрсе түсініксіз болса, мұғалімге қоңырау шалып сұрайды. Бірінші сыныпта, әдетте үй тапсырмасы көп сұрақтар туғызатындығын ескере отырып, мұғалімдер ватсаптағы ата-аналар чатына түсініктеме жолдап жібереді. Бірақ бұл жағдайда да ата-аналар дұрыс түсіндік пе деп, кері қоңырау шалады. Кешке ересектер жұмыстан келіп, кешкі ас ішіп, үй жұмысын тексеруге кіріскен кезде, телефон қоңырауы толастамайды.


МҰҒАЛІМІ ДЕ, РЕПЕТИТОРЫ ДА АНАСЫ

Әсіресе, бірінші сынып оқушыларына қиынға соқты. Жоғары сынып оқушылары тек үй тапсырмаларын орындаса, бүлдіршіндерге сынып жұмысын да, үй тапсырмасын да жазуға тура келетін. Кесте бойынша сауат ашу пәнінен екі сабақ қатар болғанда, екі есе қиындады. Әрі мұғалім, әрі репетитор қызметін қоса атқаруға тура келген ата-ана үшін бұл оңайға түспеді. Өйткені, оқу орталықтары да жабық болатын. Бейнечаттар арқылы сұрау көп уақыт алатындықтан, көп ұстаз төменгі сыныптарға мұны өткізбеді. Балалар аудиожазба арқылы өлең оқып, «Дүние тану» тақырыптарының мазмұнын айтып жолдады.

- Бағымызға қарай, карантин балалар оқу мен жазуды үйренгеннен кейін басталды. Енді жаңа оқу жылында да қашықтан жұмыс істейміз деген әңгіме жүріп жатыр. Нөлдік және бірінші сынып мұғалімдерінің мұндай жағдайда қалай жұмыс істейтінін білмеймін. Телефон арқылы грамматика мен математиканы оқыту әдістемесі қалай болатынын елестете алмаймын. Егер жаңа оқу жылында тағы да қашықтан оқытсақ, жұмыстан шығып кететін болармын, - дейді сұхбаттасушым.

«Күнделік» жүйесі дұрыс жұмыс жасамады. Мұғалімдер онлайн-күнделіктің жұмыс жасап тұрған сәтіне тап болу үшін түрлі уақытта жүйеге кіруге тырысты. Бұған қол сілтей салу мүмкін емес еді. Өйткені, олар «Күнделікке» баға қойып қана қоймай, үй тапсырмасы бар бағдарлық парағын және басқа да құжаттарды толтырады. Кейбір ата-ана күнделіктегі барлық өзгерістерді мұқият қадағалап отырды. Уақытында баға қойылмаса, дереу директорға шағымданды. Мұғалімдерді қажетсіз жұмыс жүктемесі мен есеп беруден босату туралы министрдің бұйрығына қарамастан, кейбір мектептерде бұған құлақ аспады. Оқу ісінің меңгерушілері мұғалімдерден тәрбие жұмысы туралы есеп беруді талап етті. Сынып жетекшілері әр түрлі тақырыптағы сынып сағаттарының бейне және сурет есептерін жолдауға тиіс болды. Министр алыста, оған шағымдана алмайсың, ал оқу ісінің меңгерушісі жақын жерде.


ВАСЯНЫҢ ӘКЕСІ МАТЕМАТИКАҒА ЖҮЙРІК

- Мектебімізде үйлерінде компьютері және Интернеті жоқ аз қамтылған отбасынан шыққан балалар көп. Бізге олардың үйлеріне Интернет қосамыз деп уәде берген еді. Олардан өтініш жинап, мектепте бар компьютерлерді балаларға тараттық. Бірақ өтініш берушілер өте көп деп, провайдер бас тартты. Компьютердің балаларға еш пайдасы болмады. Оқу жылының соңында біз оларды кері жинап алдық. Менің сыныбымда бір оқушымның анасы үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Баланың өз телефоны жоқ, үй тапсырмасын анасының смартфонынан жіберіп отырды. Хабарламалар келмеген кезде, анасының телефондағы ақшасы таусылғанын түсіндім. Телефонына теңгерім толтырғаннан кейін ол бірнеше күннің үй жұмысын қатар жіберетін. Бұл ережеге сай емес, бірақ не істейміз енді? – дейді мұғалім.

Алайда бұл жанашырлықты қажет ететін жағдай. Бірақ кей жағдайда, ата-аналар шектен шығып жатады. Сабақты үшке оқитын балалардың барлық үй тапсырмалары аяқ астынан керемет болып, Интернет-ресурстардан көшірілгені айқын білініп тұрады. 4-тоқсан оразамен түспа-тұс келіп, ата-аналар таңғы сағат 3-те үй тапсырмасын жолдап, баласына қандай баға қойылғанын білу үшін дереу қоңырау шалатын болды. Ата-ана балаға тоқсандық жиынтық бағалау жүргізілген кезде де көмектесуге тырысты. Кейбір ата-ана балалары үшін өз жазуларымен жаттығуларды орындап, есеп шешті. Мұғалімнің балаларына көмектеспеу туралы өтінішіне: ол маған айтып тұрды, мен тек жазып отырдым деп жауап беретін.


ЕСЕСІНЕ БАРЛЫҚ ТӨЛЕМ – КЕСТЕ БОЙЫНША

Мұғалімдердің пікірінше, білім сапасы айтарлықтай төмендеп кетті. 4-тоқсанда орындалған үй тапсырмаларын үлгілі деп атауға болады. Бірақ бала мұны өзі орындады ма, Интернеттен көшіріп алды ма, әлде ата-анасы көмектесті ме, қалай түсінуге болады? Әдетте мұндай сәттер мектепте ауызша жауаптармен, жазбаша тексерулермен анықталатын. Қашықтан оқытқан кезде оқушылардың білімін объективті бағалауға мұғалімдердің мүмкіндігі болмады. Сондықтан, кейбір мұғалімдер 4-ші тоқсанда балаға алдыңғы тоқсандардағы бағаларын қойды. Бастауыш сынып оқушыларымен кері байланыс қиынға түсті. Бәрінен бұрын төменгі сынып оқушылары ұстаздың тәліміне, нұсқауларына, мадақтау мен ескертулеріне қатты мұқтаж еді.

Екінші мәселе: төртінші тоқсанда алынған тәжірибе - қазақстандық білім беру платформалары қашықтан оқытуға дайын емес екенін көрсетті. «Күнделікке» сабақ, тақырып, үй тапсырмасы бар бағдарлық парақтар туралы барлық қажетті ақпаратты жүктеуге және бағалар қоюға мұғалімдердің көп уақыты кетті. Жазылған сабақтардың сапасы да мінсіз болмады.

Үшінші мәселе - үй тапсырмасын тексеру көп уақыт алды: балалар тапсырмаларды мектептегідей бірге тапсырмады, өз режимдерімен жолдап отырды. Біреулер түскі асқа дейін жолдаса, енді біреулер түн болғанда жіберіп отырды. Бұрын да балалардың көбінде тәртіпке қатысты проблемалары бар еді, ал үйде, кейде ата-анасының қарауынсыз олар тіптен нашарлап кетті. Бірен-саранында ғана өздігімен сабақ оқуға ынтасы бар.

- Ең жақсы жері - осы уақыт ішінде біздің жалақымызды, санат бойынша үстемеақыны, сондай-ақ жаңартылған бағдарлама бойынша жұмыс істегеніміз үшін 30% үстемеақы төлеуді кешіктірмеді. Ал бұрын соңғы екі төлем жиі кешіктірілетін, - дейді мұғалімдер.


ҰСТАЗДАР ИНТЕРНЕТТІ ИГЕРДІ

- Мұғалімдерді Zoom платформасында жұмыс істеуге міндеттеуге құқығымыз жоқ. Бірақ тоқсан басталғалы сабақтарды өткізудің әртүрлі тәсілдері қызу талқыланып, педагогтардың көпшілігі балаларды көрмей жұмыс істеу мүмкін емес деген қорытындыға келді, - деді Атыраудағы бір лицейдің директоры. - Сондықтан Zoom-да бейнеқоңырау мен конференцияны белсенді пайдалану туралы шешім қабылданды. Мұғалім міндетті түрде күніне бірнеше оқушыға қоңырау шалып, олар өткен тақырыптар бойынша сұрақтарға ауызша жауап берді. Осылайша, тоқсан ішінде мұғалім барлық оқушылардан кем дегенде бір рет сабақ сұрап үлгерді. Сонымен қатар, ата-аналармен қашықтан оқыту жөнінде олардың көзқарасын білу үшін кері байланыс ұйымдастырдық. Олардың ойынша, толыққанды сабақ берудің орнына мұғалімдер үй тапсырмаларын көп сұраған. Сондықтан біз лицейімізге қатысты бейінді пәндерге көңіл бөлдік.

Оның пікірінше, қашықтан оқытудың артықшылығы - мұғалімдер ақпараттық технологияны игеру бойынша өз білім деңгейін едәуір жоғарылатты, әртүрлі білім беру платформаларын, презентацияларды дайындау бағдарламаларын және қарапайым мессенджерлерді белсенді қолдана бастады.

Алайда, кемшіліктер көп. Мұғалімдерге, бастауыш сыныптарға және ата-аналарға жүктеме көбейді.

- Үйренуге ешқашан кеш емес, - дейді облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Орынтай БИМАНОВА. Бұл оқушыларға емес, мұғалімдерге қатысты. 16 наурызда облыстағы орта арнаулы және орта техникалық оқу орындары, ал 6 сәуірде мектептер қашықтан оқытуға көшті. Мұның алдында дайындық кезеңі болды.

- Облыста 100 әдіскер және 12 мың мұғалім, сонымен қатар колледж оқытушылары бар. Бізге «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы мен Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы педагогикалық шеберлік орталығының мамандары келді. Солардың арқасында біз мұғалімдерді қашықтан жұмыс істеуге үйреттік. Егер бұрын, айталық 2007 жылы компьютерлік сауаттылық өзекті болса, қазір цифрлық технология маңызды. Оқу платформасын таңдау қажет болған кезде, мұғалімдер Zoom және Google Classroom бағдарламаларын таңдады. Екі платформа да өз қолданушыларына көп мүмкіндіктер ұсынады. Google Classroom-да сауалнама, тестілеу жүргізіп, презентация жасауға болады, сурет, кесте, инфографика, бейнежазбаларға сілтеме қосуға болады. Мұның бәрі сабақты қызықты, есте қаларлық етіп өткізуге мүмкіндік береді, оқушылардың қызығушылығын оятады. Ұстаздар Zoom-да түнімен конференциялар өткізді, кешкі 9-10-да бір-біріне қоңырау шалып, тәжірибелерімен бөлісті, белгілі бір тақырып бойынша сабақты қалай толықтыруға болатыны туралы кеңес берді. Өздерін дамытқысы келетін көп ұстазды көрдім. Олар бірінші курс студенттерімен жаңа білім игерді, мұның бәрі қалай жұмыс істейтінін білу қызықты болды, олар идеяларын әріптестерімен бөліскісі келеді. Энтузиаст педагогтар түрлі жаста, арасында тәжірибелі мұғалімдер де бар – мектепке оқу бітірген бойда келген ұстаздар да, бірнеше ондаған жылдар бойы білім беру саласында жұмыс істегендер де бар, - дейді директор.


ИДЕЯ КӨП, МҮМКІНДІК АЗ

Алайда, іс жүзінде көп идея жүзеге аспады: баланың бәрінде бірдей үйінде компьютері жоқ немесе бір компьютерді отбасындағы бірнеше оқушы пайдаланады, ата-ананың қажетті бағдарламаларды телефондарына жүктеу мүмкіндігі жоқ немесе үйінде Интернеті жоқ. Бұдан басқа, әр мұғалім өзіне ыңғайлы және қызықты платформаны жүктеуді талап етті: кейбіреулері тапсырмаларды тек «Күнделікте» орындауды сұрады, ал басқалары орындалған үй жұмысын ватсапқа немесе телеграмға жолдауды сұрады, үшіншілері поштаға жолдауды өтінді. Ата-аналар ашуланып, мектеп әкімшілігінен үй тапсырмасы үшін бірыңғай есеп беру формасын таңдауды талап етті.

Бұл платформа «күнделік» болуы тиіс деп жоспарланды. Колледждерде Platonus, EduPage бағдарламалары бар, онда оқу аудиториясы, журнал, кесте, жеке оқу жоспары, күнтізбе бар. Мұнда студенттің платформаға қашан кіргенін, қандай әрекет жасағанын, қандай тапсырма орындағанын көруге болады. Колледждер осы платформаларды пайдаланады. «Күнделік» мектеп оқушыларына арналған осындай алаң болуы тиіс еді. Бірақ үйлеспеді. Біріншіден, мектепте әртүрлі жастағы бала оқиды, соның ішінде бағдарламаны игеру қиынға түсетін алты жасар бірінші сынып оқушылары бар. Екіншіден, платформа өзіне түскен жүктемелерге төтеп бере алмады – жүйеге педагогтар, оқушылар мен ата-аналар кіре алатын болған соң, жүйе жиі қатып қалады.

Жаңа оқу жылында оқыту қай форматта өтеді деген сұрақ әзірге ашық күйде қалып отыр. Орынтай Биманованың айтуынша, қазіргі уақытта педагогтардың цифрлық технологиялар саласындағы білімдерін нығайтуға мүмкіндігі бар. Мысалы, daryn.online платформасында мұғалімдерге арналған әр түрлі курстар бар. «Өрлеу» біліктілікті көтеру орталығы педагогтарды оқытады.

Мұғалімдердің бәрі жаңа оқу жылы ешкімге оңай болмайтынын түсінеді. Тіпті, балалар қалыпты режимде оқитын болса да, қашықтан оқыту кезінде пайда болған олқылықтарды түзетуге тура келеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 шілде 2020, 21:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.