Атырау, 28 наурыз 22:35
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Қаржы пирамидасы қазақстандықтарды 37 миллион долларға сан соқтырды

2 862 просмотра

Қаржы пирамидасы 5 мыңға жуық қазақстандықты алдап кетті, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.

Телеарна мәліметінше, тұрғындарды сан соқтырған қаржы пирамидасы инвестициялық компания ретінде жұмыс істеген. Қазақстандықтар ақша салып, қомақты пайда тапқысы келген. Алайда олар барлық ақшасынан айырылып қалыпты. Компанияның негізін қалаушы қашып кеткен. Шығынның мөлшері - 37 миллион доллар.

28 мамырда алаяқтардың құрбаны болған тұрғындар Алматы қаласының полиция департаментіне барды. Олар ақшасын қайтарып беруді талап еткен. 

Зардап шегушілердің айтуынша, олар "Лидер" инвестициялық компаниясына ақша салған. Компания биткоиндар сатқан-мыс. Олар тұрғындарға салынған ақшаның үстінен ай сайын 30 пайыз пайда тауып тұрасыз деп сендірген.

Алматы тұрғыны Равиля Нухунова танысының кеңесі бойынша қаржы пирамидасына 3 миллион теңге салыпты. Оның айтуынша, ақша ұлына ота жасату үшін керек болған.

"2018 жылдың күзінде ақша салдым. 2 айдан соң компанияның жабылатынын естіген соң ақшамды қайтарып алғым келді. Сол уақытта мүгедек ұлым ауруып жатты. Ақшаны осында салған соң балам Мәскеуге ұшуы керек болды. Қаржыны алып үлгермегендіктен ұлым қайтыс болды", - дейді ол ағынан жарылып.

Ал Ратай Бигатарова компанияға 57 мың доллар салған. Ол бұл ақшаны өмір бойы жинағанын айтады. 

"Мен бұл ақшаны салып, бірдеңе аламын деп ойладым. Себебі, балаларым бар. Оларды аяғынан тұрғызуым керек. 2019 жылдың 29 желтоқсанында үйіміз өртеніп кетті. 4 балам мен 2 немерем үйсіз қалды", - дейді алматылық тұрғын.

Компанияның басшысымын деген адам қашып кеткен. Алғашында ол тұрғындарға ақшасын қайтарып беруге уәде беріпті. Тіпті өзі құрылтайшысының құрбаны болғанын да айтқан.

"Мен барлығын түсінемін. Маған сеніп, ақша салдыңыздар. Жауапкершіліктен қашпаймын. Ақшаны қайтарып бермеймін деп айтып отырғаным жоқ", - дейді ол.

Ақшасын қайтырып ала алмаған тұрғындар полицияға арыз жазыпты. Алайда өткен жылдан бері іс тоқтап тұр. Бүгінде компания басшысының үстінен "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның қайда жүргені белгісіз. Ол халықаралық іздеуге жарияланды.

"Қазіргі таңда 80-ге жуық қылмыстық іс қозғалды. Жұмыстың көп болуына байланысты іс материалдары Алматы полиция департаментінің тергеу басқармасымен өндіріске алынды. Күдікті анықталды. Оның қайда жүргені анықталып жатыр. Компанияның басқа қызметкерлеріне қатысты бұлтартпау шаралары жүргізілген жоқ", - дейді қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов

Дереккөз: tengrinews.kz

29 мамыр 2020, 10:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.