Атырау, 20 сәуір 02:52
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

НКОК және ҚМГ: шығындар қалай азаяды

4 825 просмотра

Коронавирус пандемиясының салдарынан мұнай бағасының құлдырауы мен оған сұраныстың төмендеуіне байланысты ірі мұнай-газ жобалары шығындарын азайтуда. Жақында Теңіздегі ККЖ-ҰЕҚБЖ күрделі шығындарын 1 млрд долларға қысқартуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Кеніштерде құрылыс жұмыстары тоқтады, ККЖ-да тек «маңызды жұмыс түрлері» жүріп жатыр, яғни, ол жұмыстарды тоқтатуға болмайды.  Өкінішке орай, бүгінде Теңіз кеніші өңірдегі коронавирус инфекциясы тараған ең ірі ошақ болып отыр.

Қашаған мен Қарашығанақ жобаларында қандай шығындардың азаятыны туралы әзірге ресми ақпарат жоқ. NCOC баспасөз қызметі де қаржылық мәселелерге қатысты түсінік беруден бас тартты. Алайда, ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндірісін тәулігіне 390 мың баррельге азайту жөніндегі Қазақстан міндеттемелерін ескерсек, бәрін бұрынғы қалпында қалдыруы екіталай. «АЖ»-да НКОК-тың осы жылға арналған шығындарын 400 миллион долларға - 1,7 миллиардтан 1,3 миллиардқа дейін азайтқаны туралы бейресми ақпарат бар. Ал консорциумның 2020 жылға арналған сатып алу жоспарында құны 240 миллион долларға жуық болатын жаңа кеңсе құрылысының шығындары белгіленген. Бұл таңғаларлық жайт. Шығындарды қысқартуға байланысты бұл сома 140 миллион долларға дейін азайтылған. Бірақ осының өзі қазіргі жағдайда көп сияқты.

ОПЕК+ аясында өндіріс көлемін қысқарту мәселесі бойынша, Энергетика министрлігі қай мұнай өндіруші компаниялар және қандай көлемде қысқартылатыны туралы әзірге мәлімет берген жоқ. Тек «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ соңғы брифингте биылғы мамыр-маусым айларында 164,4 мың баррельге қысқаруы мүмкін екенін хабарлады.

Ал ұлттық компанияның шығындары 127,3 млрд теңгеге қысқарады. Алдағы бес жылда шығындар 400 миллиардтан астам теңгеге азаяды.

- ҚМГ бүгінде энергия көздерінің бағасы құлдыраған кезеңдермен салыстырғанда едәуір жақсы жағдайда. Алайда, осы жолы мұнай бағасы 2014-2015 жылдарға қарағанда қатты құлдырады, - деді ұлттық компанияның қаржы директоры Дәурен ҚАРАБАЕВ жақында өткен брифингте. Оның айтуынша, бұл «өндіріске қатысы жоқ операциялық, әкімшілік және күрделі шығындарға» әсер еткен.


ЕСҚАЗИЕВ НЕМЕН КЕЛІСПЕДІ

Шамасы, «өндіріске қатысы жоқ күрделі шығындарға» геологиялық барлау шығындары да кіреді. Біздегі ақпаратқа сәйкес, қазіргі ҚМГ басшылығы мен 24 сәуірде өз қалауымен қызметінен кеткен мұнайшы-геолог, ҚМГ басқарма төрағасының геология және барлау жөніндегі орынбасары Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВТЫҢ арасындағы келіспеушілікке дәл осы негіз болған.

Ал бір аптадан кейін ҚМГ басшылығы «компанияның қаржылық ахуалын тұрақтандыру жөніндегі шаралар» аясында осы лауазымның жойылғанын жариялады. Алайда, отандық мұнай өнеркәсібімен таныс жандарға Есқазиев секілді, әсіресе, өзінің салалық бағыты бойынша тамаша нәтижеге жеткен мамандардың тектен-текке кетпейтіні анық.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег ЧЕРВИНСКИЙДІҢ айтуынша, Есқазиев ҚМГ басшылығының геологиялық барлауға  қаржы бөлінбейтіндігіне  келіспеген: ұлттық компанияның көптеген кен орындары сарқылу шегінде тұр, өндіріс көлемі азайып жатыр, егер болашақ үшін жұмыс жасамаса, онда ештеңе қалмайды.

30 сәуірде жарияланған ҚМГ-ның жылдық есебіне сүйенсек, олардың ведомствосындағы дәлелденген және болжамды көмірсутек қорлары (2P) 2019 жылдың соңында 5,2 млрд мбб (мұнай баламасындағы баррель) құраған. Бұл «қорларды әрі қарай экономикалық тұрғыда тиімді кеңейтуге мүмкіндік береді».

2017 жылдың соңындағы (4,114 млн мұнай баламасындағы баррель - ммбб) және 2019 жылғы (5,220 ммбб) қол жетімді қорларды салыстырған сарапшылардың пікірінше, 2P санатындағы (дәлелденген және болжамды) қорлардың толығуы 2 жылғы өндірістен (354 ммбб) 4 есе (1,460 ммбб) артық.  

Қорлардың толығуы кем дегенде 1 де 1 болғанда және өндірістен асып кетсе - бұл нәтиже инвесторлар үшін өлшем үлгісі болып саналады. Бұл тұрғыда Есқазиевтың қызметінен кетуі және одан әрі оның лауазымының жойылуы оғаштау көрінеді, бірақ солай болды.


ТОЛЫҚ ҚЫСҚАРҒАН ЖОҚ

ҚМГ корпоративтік орталығының штат саны 34%-ға - 729-дан 480-ге дейін қысқарғаны туралы мәлімдемесіне келер болсақ, іс жүзінде сәл өзгешелеу. Ұлттық компания негізінен өндірістік бөлімдегі қызметкерлердің бір бөлігіне қоса, аутстаффинг, яғни, тікелей келісімшарт бойынша емес, делдал компаниялар арқылы жұмыс істейтін қызметкерлерді қысқартты. Бірақ толықтай емес - бекітілген жаңа құрылымда штаттағы 480 жұмысшыдан басқа, сол аутстаффингтің 120 қызметкері үшін де орын табылды. Нәтижесінде жаңартылған штаттың жалпы саны 600 адамға жетті.

Мұнай нарығындағы ахуалдың өзгеруіне байланысты биыл IPO-ға шыға алмайды – оның мерзімдері қайта қаралады. «Мұның бәрі, әсіресе, осы жылдың наурыз-сәуір айларындағы жағдайдан кейін нарықтың қалпына келуіне байланысты болады», - деп нақтылады Қарабаев.

Естеріңізге салсақ, ҚМГ акцияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы мен Лондон қор биржасына салу жоспарланған болатын.

Қазіргі қолайсыз экономикалық ахуалға байланысты тағы бір сұрақ туындайды: ҚМГ-ның еншілес компанияларында қызметкерлер саны қысқара ма?

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

7 мамыр 2020, 20:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.