Атырау, 29 наурыз 05:28
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Наурызда өтпей қалған ҰБТ-ның қашан болатыны белгісіз

3 620 просмотра

Қазіргі уақытта Атырау облысында 4044 мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Бұл барлық 11 сынып оқушыларының 79%-ын құрайды. Облыс орталығында - 1936 түлек, Жылыой ауданында - 643, Махамбетте - 206, Мақатта - 219, Құрманғазы ауданында - 343, Қызылқоғада - 300, Индерде - 205, Исатай ауданында - 192 түлек ҰБТ тапсырады. Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы АМУ жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының жетекшісі Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА онлайн-брифинг барысында хабарлады.

20 сәуірден бастап ҰБТ мен КТ-ға (өткен жылдары бітірген мектеп және колледж түлектеріне арналған кешенді тестілеу) қатысу үшін құжаттар онлайн түрде қабылдануда.

Жеке куәлігін әлі алмаған немесе интернеті жоқ ауылдарда тұратындар үшін өтініш әдеттегіше қабылданады. Мұндай балалар саны 200-ге жуық.

А.Дүйсекенова түлектер ҰБТ-ны жылына 4 рет: қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында тапсыруға құқылы екенін еске салды. Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы нәтижемен жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсе алады. Бірақ түлек мемлекеттік білім грантын алу конкурсына қатысқысы келсе, онда міндетті түрде маусым айында тест тапсыруы керек. Наурыздағы тестілеу карантинге байланысты кейінге қалдырылды, ол маусым ҰБТ-сына дейін өткізіледі. Дәл қай күні өтетінін тест орталығының ресми өкілдері қазір айта алмайды. Өкінішке орай, наурыз айындағы ҰБТ-ға өтініш тапсырып үлгермегендер енді қабылданбайды. Өйткені өтініш қабылдау мерзімі аяқталды, ал тестілеуге рұқсат құжаттары дайын.

Қазір ҰБТ өткізуге дайындық жүріп жатыр. Аудиториялар арнайы жабдықтармен - бейнекамера, ұялы телефондарды тұншықтырғыштармен жарақталуда, қосымша құрал сатып алынады. Ата-ананың тестілеу кезінде емтихан барысын онлайн көрсетілім арқылы бақылауға мүмкіндігі бар. Пандемияға байланысты барлық аудиторияның санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкестігі тексеріледі. Білім және ғылым министрлігі ҰБТ өткізу үшін үлкен аудиторияны пайдалануға кеңес береді.

- Қазіргі уақытта біздің тестілеу орталығы үміткерлерді ең жоғары қауіпсіздікпен қамтамасыз етудің бірнеше нұсқасын қарастыруда. Аудитория саны артып, ондағы үміткерлер саны азаятын болар, - дейді А.Дүйсекенова.

Форматтың өзінде ешқандай өзгеріс жоқ. Үміткерлер 3 міндетті пәннен: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы, сонымен қатар, таңдау бойынша 2 пәннен тест тапсырады. Барлығы 120 сұрақ болады, жоғарғы балл –140.

- Сонымен қатар, 10 мамырға дейін біз КТ тапсырғысы келетіндер үшін онлайн режимінде өтініштер қабылдаймыз. КТ ақылы, 2042 теңге тұрады. Бұл соманы мобильді қосымша арқылы төлеуге болады. Түбіртегі өтінішке жалғанады. Кешенді тестілеуге қатысу үшін 264 өтініш түсті, бірақ олардың саны артады деп үміттенемін, - деді А.Дүйсекенова. - КТ-ны мемлекеттік білім гранты бойынша оқуға түскісі келетін өткен жылдардағы мектеп түлектері немесе колледжден кейін өзге мамандық таңдаған колледж түлектері тапсырады. Ақылы немесе қашықтан оқыту бөлімдеріне әңгімелесу арқылы қабылданады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 мамыр 2020, 16:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.