Атырау, 19 сәуір 04:49
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

Сурет
3 339 просмотра

Таэквондо


«Нұрсая» ДСК-де жастар арасында таэквондодан облыстық чемпионат өтті. Турнир ел чемпионатына іріктеу үшін өткізілді, оған өңіріміздің әр түкпірінен 70-ке жуық спортшы қатысты.

Қыздар: Жансая Канина, Қарақат Сағындық, Амангүл Шадиярова, Нұрай Бауыржанова, Әсем Орынбасарова, Арайлым Асқарова, Наргиз Сисенғалиева, Диана Абсенова, Хадиша Ахметқалиева, Нұрай Бектемірова; жасөспірім ұлдар: Әли Жұмабай, Әмір Салиханов, Анарбек Шаймерденов, Есбол Елеусінов, Әлібек Тоқтабаев, Аманжан Бекежанов, Ерқанат Бакинов және Ернұр Исен өз салмақ дәрежелері бойынша облыстық чемпионаттың жеңімпаздары атанды.


Теннис

«Геолог» ДСКе 2005 жылдан кейін туған балалар арасында үстел теннисінен Атырау облысының біріншілігі өтті.

- Осы спорттың әуесқойлары күн санап көбеюде. Қазір бүкіл аудандағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде үстел теннисінің секциялары бар. Бұл чемпионатқа облысымыздың әр ауданынан жүзден астам спортшы келді. Басты мақсат – наурыз айында Оралда өтетін ел чемпионатына қатысу үшін мықтыларды іріктеу болатын, - дейді облыстың аға бапкері Аслан МЫРЗАХМЕТОВ.


Армрестлинг

Мүгедектер арасында армрестлинг пен пауэрлифтингтен өткен облыс чемпионатында Индер ауданының спортшылары жақсы жетістікке жетті.

Армрестлингте Бергенбай Нұрхан (65 келіге дейін), Оқас Мейрамбек (70 келіге дейін) және Қуат Жанесеев (55 келіге дейін) облыс чемпиондары атанса, Қуат пауэрлифтингтен қола алқа жеңіп алды. 50 келіге дейінгі салмақ сайысында күміс алқа Шынар Нұрғалиеваға бұйырды.

- Үздік нәтиже көрсеткен спортшылар наурыз айында Алматыда өтетін Қазақстан чемпионатында жақсы жетістікке жетеді деп үміттенеміз, - деді Индер аудандық мүгедектер клубының нұсқаушысы Жасұлан БИСЕНОВ.


Дзюдо

Австрияның Оберварт қаласында дзюдодан Еуропа кубогы өтті. ҚР құрамасында атыраулық спортшы Қанат Сейілхан қола алқа тақты.

60 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Қанат 6 жекпе-жек өткізіп, 5-еуінде жеңіске жетті. Жартылай финалда спортшымыз ресейлік дзюдошы Иван Долгихқа есе жіберіп алды.

Жұбаныш раундында Қанат бразилиялық Эрик Такабатакеннен басым түсіп, қола алқа үшін күресте моңғол Сумябазар Энхтайванды жеңіп шықты.


Хоккей


Өткен демалыс күндері Атыраудағы Мұз сарайында жергілікті «Бейбарыс» хоккей командасы осы чемпионаттың көшбасшысы көкшетаулық «Арланмен» кездесті.

«Бейбарыс» матчтардың бірінде ғана жеңіске жетті. Бірінші кездесу меймандардың пайдасына 2:3 есебімен аяқталды. Екінші кездесуде айдын иелері 4:2 есебімен есесін қайтарды.  Осылайша «Бейбарыс» барлығы 104 ұпайға ие болып, турнир кестесінде 4-орынға жайғасты, ал 114 ұпайға ие болған «Арлан» көш басында тұр.


Футбол

Қостанайда 2010 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында «Қысқы футбол» халықаралық футбол турнирі өтті.

Бапкер Азамат Сахиполлаевтың «Атырау-2010» командасындағы шәкірттері «Форвард» командасын (Челябинск) 7:1 есебімен жеңіп, «Тобыл-1» командасынан 3:6 есебімен ұтылды.

Алайда келесі күні команда күш жинап, «Футбол БЖСМ» жергілікті командасындағы құрдастарынан 8:0 есебімен басым түсіп, қарағандылық «Скаутпен» кездесуді 2:2 есебімен тең аяқтады.

Содан кейін «Атырау» өскемендік «Алтайды» 7:2 есебімен ойсырата жеңіп, 10 ұпай жинап, топтан екінші орынға шықты. Әрі қарай «Шахтерден» 2:3 есебімен, «Форвардтан» 1:8 есебімен жеңіліп, «Атырау» «Скаутпен» ойынды тең (1:1) аяқтады. Нәтижесінде «Атырау» (U10) 6-орынға ие болды. Мұрат Омар турнирдің техникасы мол ойыншысы, ал Болат Мансұр - команданың үздік ойыншысы деп танылды.


Күрес

Талдықорғанда белдесіп күресуден 23 жасқа дейінгі жастар арасында ҚР чемпионаты өтті.

Бұл турнирде бас бапкер Асылбек Қалиев жетекшілік ететін облыс құрамасы бір алтын және үш қола алқа иеленіп, табысқа жетті.

Майдан Батанов ел чемпионы атанса, Мұхаммед Әли Самиғоллаев, Әділет Күлшім және Ерсін Тұяқбай қола жүлдегер болды.


Волейбол

«Нұрсая» ДСК-де волейболдан Ауғанстаннан әскерлердің шығарылуының 31 жылдығына арналған ашық облыстық турнир өтті.

Турнирге облыстың барлық аудандарынан және ірі кәсіпорындардан - барлығы 16 команда қатысты.

Нәтижесінде 1-орынды «KEGOC» командасы, 2-орынды «АМӨЗ», 3-орынды Жылыой ауданының командасы, 4-орынды «Орталық мешіт» командасы иеленді. Аталған төрт команданың үздік ойыншылары: Қайдар Жалғасбаев, Әлішер Әбдіразақ, Асланбек Марпешов және Сабырғали Ғұмаров.

- Бүгінде Атырауда волейбол ойыны қарқын алуда. Волейбол алаңдары қазір тұрғындарға қол жетімді болды, ойынның өзі де қызықты. Осыған дәлел ретінде турнирге екі жүзден астам адам қатысты, командада әр түрлі жастағы ойыншылар бар, - деп түсіндірді облыстың бас бапкері, жарыстың бас төрешісі Нұрлан ҚАЙЫРЛИЕВ.

Дайындаған М.СҰЛТАНҒАЛИЕВ

19 ақпан 2020, 16:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.