Атырау, 24 сәуір 09:18
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

«Атырау» ФК басшысы: «Басты мақсат - Премьер-лигаға оралу»

3 648 просмотра


Ел футболының маусымаралық үзілісінің нақ ортасы...  2019 жылғы маусым қорытындысы бойынша өз тарихында тұңғыш рет Бірінші лигаға түсіп қалған «Атырау» командасы қазір немен айналысуда? «АЖ» сұрақтарына «Облыстық «Атырау» футбол командасы» ЖШС директоры Қонысбай ШПАНОВ жауап берді.

- Чемпионаттан кейін келісімшарт мерзімі аяқталған ойыншылар үйлеріне қайтты, қалғандары бұрынғыша команда құрамында. Желтоқсан айында Атырауда алғашқы жаттығу жиындары өтті. Оған жергілікті шәкірттер қатысты. Қазіргі уақытта команда маусымның  басталуына штаттық режимде дайындалып жатыр, Шымкентте БИИК спорт кешені базасында оқу-жаттығу жиындары өтуде.

- Легионерлердің қайсысы қалды, құрамнан кім кетті, олардың орнына клуб жергілікті ойыншыларды тарта ма?

- Легионерлерден Петр Гжелчак пен Алексей Бруномен келісімшартқа қол қойылды, басқаларын әлі қарап жатырмыз. Жергілікті шәкірттердің арасында Дәурен Қайралиев, Рафаэль Оспанов, Айболат Макуов, Ринат Жұматов және Әділбек Жұмахановпен келісімшарттар жасалып, қол қойылды.  Оралдық «Ақжайықтан» Наурызбек Жагоров пен петропавлдық «Қызыл-Жар СК» командасынан  Аманжол Ерасылды қайтарып алдық. Сондай-ақ, Қуаныш Қалмұратовпен де келісімшарт ұзартылды, бірақ одан әрі өсіп, даму үшін ол бір маусымға «Қайсар» командасына жалға берілді.

- Облыс бюджетінде футбол мен футзалға 1 млрд. теңге салынды. Осы соманың қаншасын «үлкен» «Атырау» алады?

- Клуб шамамен 880 млн. теңге алады.

- Қаржыландырудың екі еседен артық қысқартылуы қай тұста байқалады деп ойлайсыз - жалақыдан, сыйақыдан үнемделе ме немесе ұшақтан поезбен жүруге ауыстырыла ма?

- Әрине, бюджеттің қысқаруы ең алдымен еңбекақы мен сыйақы төлемдеріне қатысты болады.

- Қазақстандық және шетелдік клубтардың жақсы ойыншыларына қандай жалақы ұсынуға дайынсыз? Қалай болғанда да 1-лигадан көтерілу керек қой.

- Бұл құпия ақпарат.

-Сіз 2020 жыл маусымында алаңға шығатын 1-лиганың құрамын білетін боларсыз. Премьер-лигаға шығу үшін күресте қандай клубтарды қарсылас ретінде көріп отырсыз? Және ФК бюджетінің қысқаруын ескерсек, мұндай мақсат бар ма өзі?

- «Ақтөбені» басты бәсекелес деп санаймыз. Әрине, клубтың 2020 жылға арналған негізгі міндеті - Премьер-лигаға оралу.

- «Атырау» бұрынғыдай «Мұнайшы» стадионында ойнай ма әлде санаты төмендеуіне байланысты Балықшыдағы «Судоремонтникте» доп тебе ме?

- Команда бұрынғысынша «Мұнайшы» стадионында ойнайды. «Судоремонтник» стадионы Қазақстан футбол федерациясының Бірінші лига командалары арасындағы біріншілікті өткізу талаптарына сәйкес емес.

- Өткен маусымдағы өз алаңында өткен соңғы матчтардың бірінде жанкүйерлер трибунаға «Қонысбай, қоныс аудар!» деген плакат іліп қойды. Сіз оны қалай қабылдадыңыз?

- Әрине, бұл жағымсыз жағдай болды. Бірақ жанкүйерлер үшін біз әрқашан ашықпыз және олардың ұсыныстары мен ескертулерін талқылауға дайынбыз. 

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

15 қаңтар 2020, 10:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.