Атырау, 19 сәуір 01:58
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«ЖКХ» және суға батқан жертөле

4 451 просмотра

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен әйгілі академик Зейнолла Қабдолов атындағы Кітап үйі орналасқан ғимараттың жертөлесі ыстық суға толған. Бөлім қызметкерлері мен келушілер сасық иісті бумен уланып қана қоймай, миллион теңгеден астам сомадағы кітап басылымдары тауарлық бейнесін жоғалтуы мүмкін.

Қисынсыз жағдай.  Қаладағы бүкіл жертөлелер мен басқа да тұрғын үй-коммуналдық нысандардың қожайыны отырған үйдің жертөлесі суға кеткен, ал тұрғын үй бөлімі бұл проблеманы шешуге дәрменсіз боп отыр.

Академик З.Қабдолов атындағы Кітап үйінің директоры Санжар ҚАБДОЛОВТЫҢ айтуынша, бұл көріністің пайда болғанына 15 күн болған.

- Жертөледе ыстық су жиналып қалған, бу шығып, дүкен ішіндегі ламинат шытынай бастады. Клиенттер сасыған иіс пен буға шағым айтуда.

Санжар Қабдолов айтқандай, бұл әңгіме осыдан 2-3 жыл бұрын басталған. Тағы бір көрші орналасқан фирма ЖЭО-ның орталық желісіне пластик тұрбаны ойып орнатып, өз ғимаратына автономды қазандық қондырған. Тұрбалар сапасыз болды ма, әлде оларды дұрыс орнатпады ма, қондырған жігінде сызаттар пайда болған.

- Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың, бұрынғы қала әкімі С.Нақпаевтың, «Нұр Отан» және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің атына арыз жазған кезімізде, өзіміз жасақтаған актіні де тіркедік. Қалалық әкімдік тұрбаны қазып, пластик тұрбаға ауыстырды.

Осылайша, бұл мәселе шешілгендей болған еді. Алайда, өкінішке орай, тек уақытша ғана екен.

Қабдолов атындағы Кітап үйі заңды құрметтейтін кәсіпкер ретінде жылу жүйелерінің қызметі үшін әжептәуір ақша төлейді. Бірақ ғимараттың артқы жағында орналасқан қалқан, неліктен екені белгісіз, иесіз деп есептеледі.

Ал академик З.Қабдолов атындағы Кітап үйі директоры енді сол баяғы инстанцияларға қайтадан шағымданбақшы.

- Егер су басуды біржақты қылмасақ, құны миллион теңгеден астам сомадағы кітаптардың құрдымға кетері сөзсіз. Оның үстіне ғимараттың өзі де құлауы мүмкін, - деп дабыл қағады ол.

Екінші қабатқа көтерілген кезде моншадағыдай будың иісін сездім. Тұрғын үй-шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВ өте сабырлы кейіп танытты. Бастапқыда ол ызыңдаған шыбын секілді мезі қылған «АЖ» тілшісінен тезірек құтылғысы келген еді.

- Біз балансты ұстаушылар емеспіз. Алайда ол парасатты көрші болып басшы ретінде маған келуі тиіс еді. Мен оған себебін түсіндірер едім. Әлде «Ақ Жайық» соңғы инстанция ма? Олардың өз ақиқаты, менің өз ақиқатым бар, - деді ол.

- Әрине, олай емес, дегенмен де біздің құрметті оқырмандарымыздың өтініштерін аяқсыз қалдырмау біздің қағидамыз.

- Бүгінгі күні қар еріп жатыр, соның салдарынан жертөлеге су кетуде. Біз күн сайын суды сорып аламыз. Қызметкерлер көшедегі қарларды күреп жатыр. Жертөленің суға кетіп жатқанын білемін, барлық қажетті шараларды алып жатырмыз, - деп түсіндірді ол.

Содан соң ол «шаруашылық басқармасынан өзіміз де жалға алып отырмыз» деп қосып қойды.

- Сонда мұны теріске шығарып отырсаңыз да, ғимарат сіздің баланста екен ғой?

- Мен ішінара баланс ұстаушымын.

Тұрғын үй бөлімі, академик З.Қабдолов атындағы қор мен Кітап үйі, қалалық «Нұр Отан» және бірқатар ұсақ фирмалар мекендейтін ғимарат ресми түрде қаланың шаруашылық басқармасының және қордың балансында тұр. Тағы бір бейресми ақпарат көздерінен белгілі болғандай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі кешікпей Сәтбаев даңғылындағы  Ғ.Сланов атындағы кітапхананың ескі  ғимаратына көшеді екен. Сол кезде ұлы академик атындағы Кітап үйіне суға толы жертөленің жырымен жалғыз өзіне күресуге тура келеді.

Сәния Тойкен

Суретті түсірген автор

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.