Атырау, 20 сәуір 01:09
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Кіші залдағы үлкен қойылым

Сурет
5 275 просмотра

Жуырда Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры 81-інші театр маусымын ашты. АЖ тілшісі театрдың кіші залында сахналанған Мария Ладоның «Болмаған оқиға» мұңды комедиясын тамашалай барып, көрерменге ұсынар алдағы жоспарымен танысып қайтқан еді.

Ең алдымен белгілі автордың әлемге әйгілі шығармасын таңдаған театрдың әдеби бөліміне мақтау айту керек. «Болмаған оқиға» қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын көрерменге ой тастайтын мұңды комедия. Қойылымда адам мен жан-жануардың ойы, мінезі, қылықтары салыстырыла сипатталады. Қора ішіне келіп-кетіп жүретін адамдардың іс-әрекеттеріне деген хайуандардың көзқарастары, тіл бітіп бір-бірімен сөйлесулері, ішкі ойларын ақтарып пікір таласуларын әртістер әсерлі жеткізе білді.

Қойылым желісінде ауқатты адамның қызы мен оның маскүнем көршісінің баласы жасырын қора ішінде кездесіп жүреді. Соның салдарынан, ауқатты адамның қызы жүкті болып, оқиға осы жерден шиеленісіп, қызықты да мұңды, тартыстыда әсерлі сәттермен ұласады. Осының бәріне куәгер болған жан-жануарлар адамдардың әрекеттеріне, жалпы өмірдегі әділетсіздіктерге деген  наразылықтары көрермендерді бей-жай қалдырмады.

Сыйымдылығы 60 орындық кіші залға жиырмаға жуық көрермен жиналды. Дегенмен бір адам келсе де, қойылымдарын сахналай беретін театр әртістері спектакльді уақытынан кешіктірмей бастады. 

Қойылымнан соң театрдың бас режиссері Мұқанғали ТОМАНОВҚА жолығып, ең алдымен тамыздағы өрттің зардаптары туралы сұрадым.

- Өрт кезінде цехта болған санаулы декорациялар бүлінді, көпшілігі дін аман. Ең бастысы сахна мен залға зардабы тиген жоқ. Тек өрт сөндіру кезінде сахнаның төбесінен су кеткен. Оны жөндеу жұмыстарын осы аптаның ішінде бастаймыз деп отыр.

- Театрдың жаңа маусымдағы жоспарлары қандай? Қандар премьералар күтіп тұр?

- Қазіргі кезде орыс жазушысы Георги Хугаевтың «Андро мен Сандро» пьеасы бойынша «Қиқарлар» деген атпен комедия дайындалып жатыр. Оның режиссері өзім боламын. Театр әртістері қазір осыған дайындық үстінде. Бұдан бөлек, қараша айының соңына қарай Рақымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған дәстүрлі театрлар фестивалі жоспарланған. Оған қазірдің өзінде 10 театр қатысуға өтінім білдірді. Бұл фестивальге біз жазушының «Жалғыздық» деген әңгімесі бойынша премьера дайындап жатырмыз. Айтпақшы, фестиваль үлкен залда өтеді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

14 қазан 2019, 14:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.