Атырау, 19 сәуір 10:24
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Бэлла ОРЫНБЕТОВА: "Бізді әлі үлкен күш санамайтын шығар"

6 919 просмотра

Белла Орынбетова. Әлеуметтік желіден алған сурет

Жақында Атырауға «Республика» қоғамдық қозғалысының мүшелері келді. Олар еліміздің батыс өңірлерін араламақ ниетте Re.TourBatis ұйымдастырып, Маңғыстаудан кейін біздің қалаға ат басын тіреді. Бұл жерде азаматтық белсенділермен және ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізді. «АЖ» құрылғанына көп уақыт бола қоймаған, дені жастардан тұратын қоғамдық ұйымның алға қойған мақсаттарын білмек болып, қозғалыс жетекшілерімен кездесті. Сұрақтарымызға «Республика» жетекшілерінің бірі Бэлла ОРЫНБЕТОВА жауап берді.

- Бэлла, Республика қозғалысының негізгі мақсаты, бағдарламасы туралы айтып өтсеңіз.

- Республика қозғалысы астында Назарбаев кеткеннен кейін Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы шешімге наразы көңіл-күйдегі жастардың басы қосылған еді. Бірақ саяси амбицияларымыз туралы біз маусымдағы сайлаудан кейін жарияладық. Қозғалыс бағдарламасының негізгі мақсаттарына демократиялық қоғам құру, адам құқықтары мен еркіндігінің ең жоғары стандарттарға сай болуы, саясат пен ел басқарудағы ашықтық пен әділеттілік, халықты жұмыспен қамту, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін ел ішінде және әлемде қорғау талаптары кіреді. Қазіргі таңда қанша қолдаушыларымыз бар екенін нақты айта алмаймын, сайтымызға адамдар тіркеліп жатыр. Сайттан тыс оффлайн қолдау білдіретін, телеграмм каналына жазылып, жеке қарым-қатынас ұстанатын да қолдаушыларымыз бар.

Қозғалыстың белсенді мүшесі Ғалымжан ОРАЗЫМБЕТ те осы орайда өзінің ойын жеткізді:

- Наурызда елімізде үлкен ауыс-түйіс болды, Президент ауысты, әрине, қуандық, өзгеріс болатын шығар деп үміттендік. Бірақ ертесіне-ақ ештеңе өзгермейтініне көзіміз жетті. Жаңа көзқарас, жаңа адамдар, жаңа буын, жаңа ұстаным керек екенін түсіндік. Ескі жүйеде өсіп шыққан адамдар ештеңе өзгертуге құлықты емес, бәрі баяғыша қалғанын қалайды. Сондықтан бір нәрсе істеуіміз керек деген оймен оншақты адам бірігіп, маусым айында Республика саяси қозғалысын құрған едік. Бағдарламамызды жаздық. Енді  партия ретінде тіркеліп, жұмыс бастаймыз ба деген ойымыз бар. Президент сайлауы өтті, оның қалай өткенін көрдік. Мен өзім  тәуелсіз бақылаушы болдым. Барлық жерде нәтиже бірдей – кім жеңді, кім көп дауыс жинады – мұның бәрін білеміз. Мысалы, Шымкентте өзім бақылаушы болған учаскеде 201 дауысқа 300 дауыспен Қосанов жеңді. Бірақ сайлау комиссиясы жарықты өшіріп, артылып қалған бюллетеньдерді жоймай, қапқа салып кетіп қалды. Хаттама бермеді. Барлығымызда да осындай жағдай. Енді біздің қазіргі мақсатымыз, ойымыз – партия құру. Сайлау туралы заңды өзгертуге ықпал ету - сайлау мажоритар жүйемен болу керек, қазіргі партиялық жүйемен сайлау өткізуге болмайды. Жеке тұлға кандидат ретінде сайлауға қатыса алатындай мүмкіндік болу керек. Өткен сайлауда тәуелсіз бақылаушылар осынша белсенді болады, осынша сайлаудың былығы қатты ашылып қалады деп ешкім ойлаған жоқ. Келесі сайлауда тәуелсіз бақылаушыларды қатты қыса ма деген қорқынышым да бар. Бақылауды күшейту керек, тәуелсіз бақылаушылардың құқығын кеңейту қажет. Парламенттің екі палаталы болғаны да түсініксіз, не мәжіліс, не сенат қалғаны дұрыс. Бір-бірін қайталамағаны жөн. Сайлау кезінде қазіргі жүйемен қанша адамның келіспейтінін көрдіңіздер. Сондықтан "Сайлау туралы" Заңда айтылған партия құруға қажетті 40 мың адамды емес, одан да көп адамды қамти аламыз деп ойлаймын. Сенімдіміз.

- Бэлла, биыл мамыр айында қазақстандық белсенділер Парижге барып, оппозиция өкілдерімен болған дөңгелек үстелге қатысып қайтқан еді. Олардың арасында сіз де барсыз. Атыраулықтарды қызықтыратыны да осы, сіздер Бергеймен сөйлесе алдыңыздар ма?

- Парижге сапарымыз барысында азаматтық белсенділер, ЖСДП партиясының өкілдері, сонымен қатар Мәди Манатбек, Сәуле Әбілдаханқызы, Абзал Құспан, Гүлім Оразбаева және мен сол қалада өткен жиынға қатысып келгенбіз. Ол жерде Бергей Рысқалиевпен де, Әкежан Қажыгелдинмен де кездестік. Әкежан Қажыгелдинмен жазған сұхбатымыз «Республика» каналында жарияланды. Бергей Рысқалиевпен де сұхбат жазғымыз келген, өкінішке орай, мүмкіндік тумады.

- Республика қозғалысын сырттағы күштердің жобасы деген де әңгімелер бар, бұған не айтасыз?

- Біз олардың да, басқаның да жобасы емеспіз. Рас, Әкежан Қажыгелдин бізге ЖСДП партиясына кіруді ұсынған болатын. Біз ол туралы ойландық, ақылдастық, бірақ қосылмаймыз деген шешімге келдік. Себебі, осы уақытқа дейін ЖСДП партиясы нақты шешімдерін, тәуелсіз қадамдарын көрсете алмады. Құрамы да өзгермеді, құрамындағы орта жастан асқан адамдар елде өзгеріс жасай алмайды деп ойлаймыз. Сондықтан қандай қиын жол болса да, біз өз партиямызды құруды жөн көрдік. Әрине, оңай емес. Қайталап айтамын, Қажыгелдиннің, Рысқалиевтің немесе белгілі бір топтардың жобасы емеспіз.

- Саяси жолға түстіңіз, билік немесе бәсекелестер тарапынан қандай да бір қысымдар болатыны анық. Қаншалықты дайынсыздар? Әрі сіз анасыз, алдағы уақытта балаларыңыз үшін қорықпайсыз ба?

- Әрине, саяси жолға түскеннен кейін қысымның болатыны белгілі. Әзірге соншалықты қатты бір қысым көрген жоқпыз, бәлкім, бізді әлі де үлкен күш санамайтын болар. Бірақ ондай қысымдарға біз дайынбыз, тәуекелдердің бәрін ескеріп отырмыз. Өз жолымыздан таймаймыз. Менің саясатқа келгенімнің себебі де осы – мен балаларымның болашағына алаңдаймын. Егер мен бұл жолдан бас тартсам, балаларымның ертең қауіпсіз елде өмір сүретініне, заңсыз жағдайларға тап болмайтынына кепіл бере алмаймын. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

8 қазан 2019, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.