Атырау, 29 наурыз 04:24
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Денсаулығыңызды бірге қадағалайық

3 350 просмотра


Атырау қалалық №3 емханасында бүгінде 43 253 адамға қызмет көрсетіледі. Тіркелген тұрғындарға 25 жалпы дәрігерлік практика учаскелері, 2 терапевтік, 2 педиатриялық және 4 гинекологиялық учаскелер, сонымен қатар салалық профиль мамандары көмек көрсетеді. Бұл туралы №3 емхананың бас дәрігері Айман ӨТЕГЕНОВА хабарлады.

- Жыл басынан бері 652 әйел босанып, 688 нәресте дүние есігін ашты. Бұлар – біздің емхана қызмет көрсететін әйелдер. Соңғы 10 жылда №3 қалалық емханада ана өлімі тіркелген жоқ, перинаталдық және сәби өлімін азайту жұмыстары жүргізілуде, - дейді Айман Өтегенова.

Бұл ретте жүкті әйелдерді негізгі үш санатқа: дені сау; әртүрлі аурулары бар, соның ішінде, жүктілікке мүлдем қарсы көрсетілімдері бар; әлеуметтік қолайсыз топ деп бөлетін «Жүкті, босанатын, босанған әйелдерге және ұрпақты болу жасындағы әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру шаралары туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығын басшылыққа алады.

Жыл сайын профилактикалық тексеру жұмыстары жүргізіледі. Олардың нәтижесі бойынша, әйелдер топқа бөлінеді. Әрі қарай отбасын жоспарлау кабинетінде жүктілік пен босануға дайындық бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сонымен қатар қалаған жандарға контрацепция құралдары (спиральдар, мүшеқаптар, таблеткалар және т.б.) тегін беріледі.

Бұдан басқа, қалаусыз болатын ерте жүктіліктің алдын алу және болдырмау үшін «Үміт» жастар орталығы ашылды. Онда мектептер мен колледждерде, ең алдымен, ерте жүктіліктің болмауы, кездейсоқ жыныстық қатынастардың салдары және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын-алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетін дәрігерлер тобы жұмыс істейді. Кез-келген жасөспірім жастар орталығына жасырын түрде келіп, өз проблемалары туралы айта алады.

- Бізде «Жас аналар мектебі» бар, онда болашақ аналарды жүктілік кезінде дұрыс тамақтануға үйретеді, босануға әзірлейді. Сәби дүниеге келгеннен кейін «Жас аналар мектебіндегі» жұмыс жалғасады – онда сәби тұншығып қалмас қолын кеудесіне дұрыс қоюды, сәбиге күтім жасауды, оның денсаулығына қауіп төндіретін жалпы белгілер байқалғанда не істеу керектігін үйретеді. Ол жерге, айтпақшы, әкелері де келіп қатысады, - деп әңгімеледі Өтегенова.

2018 жылы ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығының негізінде емханада «Патронаттық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделі» енгізілді. Онда арнайы оқытылған дәрігерлер мен медбикелер жұмыс істейді. Олар өз кабинеттерінде аналар мен патронаж қызметінің медициналық қызметкерлері үшін сабақ өткізіп, олардың біліктілігін үнемі арттырып отырады.

Патронаж қызметінің қызметкерлері 5 жасқа дейінгі балалар үшін қауіп белгілерін анықтайтын аулалық шаралар өткізеді. Мұнымен қатар, ресурстық кабинет жұмыс жасайды. Онда медицина қызметкерлері ата-аналарға 6 айдан бастап балаларына тамақты қалай дұрыс дайындау керектігін іс жүзінде көрсетеді.

- Өкінішке орай, бүгінде «екі жақты жауапкершілік» дамымаған, яғни, әйелдер скринингтік тексеруге тұрақты келмейді, жүктілігі бойынша уақытында тіркелмейді және екпеден бас тарту саны азаймай отыр, - дейді Өтегенова.

Жазып алған С.ЖҰМАБАЕВ

19 қыркүйек 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.