Атырау, 20 сәуір 18:24
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атырау әуежайында әскери ұшқыш Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнатылды

Сурет Бейнежазба
9 751 просмотра

Бүгін, 16 қыркүйекте, Атыраудың Халықаралық әуежайында жерлесіміз, Ұлы Отан соғысына қатысқан ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз ДОСПАНОВАНЫҢ ескерткіші ашылды. Мәрмәр тастың үстіне орнатылған қола ескерткіш 2,3 метр, ал композицияның жалпы биіктігі - 5,5 метр.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Құрманғазы ауданындағы  батырдың туыстары, соғыс ардагерлері, жергілікті қоғам өкілдері қатысты. Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ өз сөзінде батырға құрмет бұнымен шектелмей, әрі қарай жалғасын табатынын атап өтті.  

АЖ анықтамасы: Хиуаз Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылында дүниеге келген. Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан. Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Ұшқыш қыз екі рет ауыр жараланады, бірақ екеуінде де қатарға оралып, Берлин түбінде Жеңісті қарсы алады. Соғыстан кейін комсомол және партия органдарында жұмыс істейді, бірақ майданда алған жарақаттары мен контузиясы сыр беріп, 1959 жылы зейнеткерлікке кетуге мәжбүр болады. 2008 жылы 86 жасында қайтыс болды.  

Ескерткіш авторы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бақытбек МҰХАМЕДЖАНОВ:

- Мұнда батыр қыздың соғыс аяқталып, елге жеңіспен оралып, ұшақтан түсіп келе жатқан қуанышты сәті бейнеленді. Мүсіннің екі жағына мәрмәрдан ұшақтың қанатындай екі тас орнатылды. Бұл жоғарыдан қарағанда ұшақтың бейнесін көрсетеді. Сондай-ақ Хиуазды майданда теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атаған еді. 
  


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

16 қыркүйек 2019, 22:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.