Атырау, 23 сәуір 11:51
 бұлттыВ Атырау +26
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Атырауда қоғамдық әжетханалар бар ма?

3 733 просмотра


Өрт сөндірушілер, полиция, фотографтар, көшеде жүрген жандар - бәрі дәретхана іздейді...

Бірде таксимен жұмысқа келе жатып, жүргізушімен әңгімелесіп үлгердім. Саламат есімді жүргізуші әуежайдан мінген бір шетелдікті жеткізіп салғаны туралы өз әсерімен бөліскен еді.

Негізі Саламат вахтамен жұмыс жасайды екен. Ал үйінде болған екі аптасында таксист болып, табыс табатын көрінеді. Айта кету керек, ағылшыншасы тәп-тәуір, сондықтан әлгі жолаушының жолы бола кеткен.

- Әбілқайыр даңғылымен келе жатқанда танысып, ананы-мынаны әңгімелеп үлгердік, - деп әңгімеледі Саламат. – Орталыққа жақындағанда, жаңа танысым түзге шыққысы келетінін білдіріп, қоғамдық дәретханалардың бірінің жанына тоқтауымды өтінді. Шынымды айтсам, абдырап қалдым. Содан соң орталықтағы айналма жолдағы мейрамханалардың біріне тоқтадым. Оған жол көрсетіп, мейрамхана әкімшісіне жағдайды түсіндірдім. Әрине, сәл ыңғайсыздау болғасын эспрессоға тапсырыс беріп, бойымды сергітіп алдым. Кофемді ұрттап отырып, бізде шынымен де шағын пластик кабиналарды қоспағанда, бірде бір қоғамдық дәретхана жоқ екен ғой деген ой келді. Бірақ оны пайдаланғың келмейді, неге екенін өзіңіз де түсінесіз ғой, - деп күлімдеген Саламат ақшамды қайырды. Осымен әңгімеміз де тәмамдалды.


БІЗДЕ НЕ БАР?

Бүгінде қаланың коммуналдық меншігінде 45 биодәретхана (көк және жасыл пластик кабинкалар) бар. Олардың басым бөлігі 2018 жылы алынған.

Оларды көктемгі-күзгі маусымда, сондай-ақ, қала тұрғындары жаппай серуендейтін қоғамдық шаралар кезінде орнатады. Қалған уақытта атыраулықтарға көшеде жүргенде керек емес секілді.

Дегенмен, біз оңай бейімделетін халықпыз ғой. Масаға да, аптап ыстыққа да, балшыққа да шыдаймыз. Қоғамдық дәретханаларға қатысты да солай. Жақын маңдағы сауда орталығына барып, 20-30 теңге беріп, қажетімізді өтейміз. Жанымызда дәретхана қағазының орамы болса, кәдімгідей қуанамыз. Немесе (рас, мұндай да болады, бірақ шынымды айтсам, өз басым олай жасап көрмеппін) ешкім байқап қалмас үшін көлікжайлардың, аялдамалардың артына және үй аулаларына отыра қаламыз. Егер жолың болмаса, сені камераға түсіріп, әлеуметтік желілерге таратып үлгереді. Ал бұл бәрі бітті деген сөз. Оған қоса, ел өз қаһарманын білуге тиіс деп жазады.


БИЛІК БІЛЕДІ

Әкімдіктің мұнайлы астанада мұндай орындардың тапшылығынан «хабардар» екені ғана қуантады. Оқырмандарымыздың Атырауды осылай деп атағанды ұната қоймайтынын білемін. Мұны жорта айтып отырмын. Мұнайлы астанада стационарлық дәретханалар жоқ деген құлаққа қалай естіледі?

- Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін санитарлық жағдайды қамтамасыз ету және қолайлы жағдайды жақсарту мақсатында қалалық әкімдік болашақта қаланың орталық көшелеріне 10 бірлік стационарлық дәретханасын алып, орнатуды жоспарлап отыр, - деп жауап берді Атырау әкімінің орынбасары Шәкір КЕЙКИН.

Қазір биліктің ақпараты бойынша, бос жерлерді анықтау, сонымен қатар, жерге орналастыру құжаттамаларын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені мұндай жағдайда қолданыстағы инженерлік коммуникацияларға жалғау үшін арнайы ойықтар жасалады.


СҰРАҚТАР МЕН ҰСЫНЫСТАР

Редакция хатына сұрақтар тізімінен бөлек басқа қалалардағы бірнеше мысалдарды енгіздім. Мәселен, МЖС (мемлекеттік-жеке серіктестік) енгізу. Яғни, мемлекет орнатады, ал жеке компания нысанның тазалығы мен сақталуын қадағалайды. Әрине, пайдаланғаны үшін төлемақы алады. Әкімдіктегілер ақылы пайдалану мәселесі қарастырылмағанын нақтылады. Ал қоғамдық дәретханаларды таза ұстау міндеті балансына алған мекемеге жүктеледі.  


АЗ ҒАНА СТАМБУЛ

Бұл қалада болған кезде метро мен автобустарда жолақы төлеу, сондай-ақ, қоғамдық дәретхана орындарын пайдалану үшін бірыңғай карта сатып алдым. Өте қолайлы екен. Алайда бізде ең алдымен автобустарда картамен төлеу жүйесін ретке келтіріп алу керек.

Анастасия АЛЮШИНА

Суретті түсірген автор

 

10 сәуір 2019, 14:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.