Атырау, 20 сәуір 17:56
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Экс-әкімнің ісі: куәгерлерден жауап алу

Сурет
2 970 просмотра


Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше баптары, соның ішінде, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу, лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру және т.б. бойынша айыпталған облыстың бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ және 8 фигуранттың ісі бойынша сот процесі жалғасуда.

Айыптау актісі оқылғаннан кейін сот куәгерлерден жауап алуға кірісті. Іс бойынша олардың саны 400-ге жуық, соның ішінде, қызметтегі жоғары лауазымды тұғалар да бар.

Куәгер ретінде шақырылған Ғалымжан САҚЫПОВ төрағалық етуші судья Тыныштық НҰРЫМОВАНЫҢ «Сіз сотталушылармен таныссыз ба?» деген сұрағына, өңірдің бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің күйеу баласы Рүстем ӘЛБАҚАСОВТЫ білетінін айтты.

- Мен «MK Бизнес» мекемесінде шаруашылық бөлімі бойынша директордың орынбасары қызметін атқардым (ЖШС директоры Әнуар ҚҰРАМЫСОВ болды). 2009 жылы Әлбақасов кейінірек мемлекетке кері сатылған жер телімін менің атыма рәсімдеуімді өтінді. Бірақ ол кезде мен бұған еш күмәнданбадым.

- Әлбақасовты қай уақыттан бері білесіз? Бұл жер телімі қайда болды? - деп сұрады прокурор Досбол БАҒЫТЖАНОВ.

- Мен 2006 жылы жұмыс іздеп, Маңғыстау облысынан осы жерге келіп, осы мекемеге жұмысқа орналастым. Оның құрылтайшысы кім екенін білмеймін. Әлбақасовпен сол кеңседе кездестім. Мен тіпті бұл телімдердің қай жерде екенін де білмеймін, бірақ қаланың ішінде. Маған келісімшартты әкелді, мен қол қойдым.

- Ал сіз бұл телімдердің кейін қаншаға сатылғанын білесіз бе?

- Қылмыстық істен білуімше, телімдердің бірі 109 миллионға сатылды. Ақша «Нұрбанктегі» және «ТұранӘлем Банктегі» банк шоттарына аударылды, мен оларды Әлбақасовқа апарып бердім.

- Қайда?

- Жеңіс саябағындағы ғимараттың екінші қабатына.

- Әлбақасов кім болды, сіз неге оның өтініштерін орындадыңыз?

- Оның қандай лауазымды атқарғанын білмеймін, бірақ Жеңіс саябағында бәрі оған бағынатын, басшы секілді жүрді.

- Ақша аударымдары бойынша не айта аласыз?

- Олар ақша беріп, оны аударуды тапсырды.

- Еуропаға ма? Лондонға ма?

- Нақтысын айта алмаймын. Олардың балаларының оқуына және тағы басқа жерлерге аудардым.

Содан кейін Астанадан бейнебайланыс арқылы Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ пен Серік АЙДАРБЕКОВ куәгер ретінде сөз алды.

Эльдар Жұмағазиев 2006-2011 жылдары «Атырау-Ақпарат» ҚМК төрағасы болып жұмыс істеді. «Атырау-Ақпарат» ҚМК-ның баланстық құны 600 млн теңгелік ғимараты «Мистол» ЖШС-не 206 млн теңгеге сатылды. Бағалау құны 77 млн теңге болатын жабдықталған баспахана ғимараты «УС-99» ЖШС-не 25 миллионға сатылды.

- Сол кездегі қаржы басқармасының басшысы Жантеміровтің жекешелендіру туралы айтқаны есімде. Мені құжаттарға қол қоюға шақырды. Бұл уақытта «Атырау-Ақпаратта» белгілі бір жұмыстар жүргізілді - шығындарды, басқару аппаратын  оңтайландырды, басып шығарылатын газеттердің таралымын көбейтті.

- Бағалар қалай белгіленді? Комиссия төрағасы кім болды? – деп сұрады прокурор.

- Жекешелендіру комиссиясының төрағасы Асқар Әбдіров болды, нарықтық құнын анықтаған бағалау комиссиясы да болды.

- Жекешелендірудің басты себебі қандай? – деп сұрады адвокат Саян ЖҮНІСБАЕВ.

- Қаржылық-шаруашылық қызмет. Тұрақсыз қаржылық жағдай туралы қорытынды жасалды.

- Саттық үшін минималдық және максималдық бағалау шегі қандай?

- Бір ғана айтарым, өз басым ғимараттың жекешелендірілуін қаламадым.

- Саттық қанша рет өткізілді?

- Меніңше, бір рет.

Кейінірек «Атырау-Ақпарат» ғимараты коммуналдық меншікке қайтарылды.

Бергей Рысқалиев Атырау облысының әкімі болып тұрған кезде оның орынбасары болып қызмет атқарған Серік Айдарбеков сотқа сол уақытта ауыл шаруашылығына жетекшілік еткенін, сондықтан да жекешелендіру мәселелері оның құзыретіне кірмегенін айтты.

- Маған әкімдіктің жекешелендіру жөніндегі қаулылар жобаларын әкелген кездер болды, бірақ мен бұл менің құзыретім емес екенін айтып, қол қоймадым. Бірақ мен әкімдіктің қызметкері болғандықтан, маған шығыс қағаздарына бұрыштама қоюға міндетті екенімді айтты.

- Қандай объектілер бойынша бұрыштама қойдыңыз? – деп сұрады айыптау тарапы.

- Тек бірнеше қаулының болғаны есімде.

Содан кейін сотта қазіргі облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА сөз алды - сол жылдары да ол әкімнің экономика мен бюджетті жоспарлау саласына жетекшілік еткен орынбасары болған еді:

- Менің міндетіме бюджетті, салық түсімдерін әзірлеу, статистикалық басқармамен, салық инспекциясымен қарым-қатынас жасау кірді. Бюджетті қалыптастыру кезінде облыстар ҚР Бюджет кодексіне сәйкес жұмыс істеді.

- Сол кезеңде әлеуметтік нысандарға, инфрақұрылым салуға көп қаражат бөлінді. Ақшалар қайдан алынды? – деп сұрады прокурор.

- Қаржы көзі - облыстық бюджеттің кіріс бөлігі, бұлар жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, жер салығы және т.б. Бұдан басқа, республикалық бюджеттен мақсаттық трансферттер бөлінді.

- ТШО-ға салынған бәленбай миллион экологиялық айыппұлға қатысты жағдай туралы айтсаңыз.

- Сот шешімі негізінде облыстық бюджетке 37 млрд теңге түсті. Содан кейін бұл қаражат Қызылқоға ауданын газдендіруге, Атыраудағы көпірлерді салуға және тағы басқаларға бағытталды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

16 қараша 2018, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.