Атырау, 17 сәуір 00:57
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

Конституция: Қазақстанның негізін салушы, Тұңғыш президент және Елбасы мәртебесі өзгеріссіз қалады

7 248 просмотра


Бүгін, 6 наурызда парламентте бірлескен палата отырысы өтті. Екінші оқылымда «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.

Заң жобасын дайындау жөніндегі бірлескен комиссия жұмысының нәтижелері туралы комиссия төрағасы, мәжіліс депутаты Нұрлан ӘБДІРОВ баяндады.

Оның айтуынша, мемлекет басшысы ұсынған заң жобасында Конституцияның 19 бабына 26 түзету қарастырылған. «Түзетулердің басым блогы Президенттің, Парламент пен Үкіметтің билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелерін қамтыды».

Әбдіров бірінші оқылымда депутаттар мақұлдаған түзетулермен таныстырды.


ӨКІЛЕТТІКТЕР БӨЛІНДІ

«91-бапқа енгізілген түзетулер мемлекет тәуелсіздігінің беріктігін, сонымен қатар, Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар бойынша міндетті түрде Республиканың Конституциялық Кеңесінің қорытындысы болуын бекітеді.

Конституциялық деңгейде біздің басты құндылығымыздың тұрақтылығына – мемлекеттің тәуелсіздігіне кепілдіктер бекітіледі.

Конституцияның 91-бабында республиканың біркелкілігін, аумақтық тұтастығымен қатар, ешбір жағдайда, тіпті, Негізгі заңды қайта қарау жолымен болса да, мемлекеттің тәуелсіздігін өзгертуге болмайды деп бекітілді.

49-баптың 1-тармағына Парламент – заң шығару функцияларын ғана емес, Конституцияның 3-бабына сәйкес республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы болып табылатындығын нақтылау енгізілген.

57-баптың 6-тармақшасына үкімет мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдау және олар заңдарды орындамаған жағдайда оларды қызметтен босату туралы Президентке өтініш жасау құқығы туралы түзету енгізілген. Бұл жағдайда Президент үкімет мүшесін лауазымынан босатады.

Жаңа редакцияда 61-баптың 2-тармағына сәйкес, Президенттің заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгілеуге құқығы бар. Бұл тиісті заң жобаларының алдыңғы кезекте екі ай ішінде қабылдануы тиіс екендігін білдіреді.

70-баптың 1-тармағына өзгерістер енгізу ұсынылады, соған сәйкес Үкіметтің жаңадан сайланған Мәжіліс алдында өз өкілеттігін доғарады.

44-баптағы түзетулер Президенттен Үкіметке мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік бюджеті есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттікті беруді қарастырады. Бұл міндетті үкімет мемлекет басшысының мақұлдауымен шешетін болады.

Жобадан мемлекет басшысының үкімет пен премьер-министрдің актілерінің күшін жоюға немесе тоқтатуға құқығы алынып тасталады.

Сонымен қатар, Президент  адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау үшін Конституциялық Кеңеске үндеулер жолдайды», - деді Әбдіров.


СОТТАР МЕН ПРОКУРАТУРАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ТҮЗЕТУЛЕР

Әбдіровтің айтуынша, Конституцияның 79-бабы 3-тармағының қолданыстағы редакциясында судьяларға қойылатын талаптар айқындалады. Бұл талаптар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңында да көрсетілген. Заң жобасында судьяларға тек заңмен біліктілік талаптарын нақтылау ұсынылады.

«Жоғарғы Соттың соттар қызметін қадағалау туралы 81-бабының нормасы Жоғарғы Сот заңда көзделген жағдайларда оның соттылығына жататын сот істерін қарайды деген нақтылаумен ауыстырылады.

83-бабының 1-тармағына енгізілген өзгерістер Прокуратураның жекелеген функцияларын біріктіруге қатысты. Өйткені оларды прокуратура Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын жоғарғы қадағалау шеңберінде жүзеге асырады.

Ұсынылған редакцияда прокуратураның негізгі қызметтері көлемді және сонымен қатар, заңға сілтеме жасалып, ықшамдалып баяндалған. Мұнда прокуратураның ел аумағында заңда белгіленген шектеулер мен формада заңның сақталуын жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратындығын, сотта мемлекет мүддесін қорғайтындығы және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратындығын қарастырады», - деді Әбдіров.


ЖЕРГІЛІКТІ  ОРГАНДАР

«Атап айтқанда, 86-баптың 5-тармағына өзгерістер енгізіледі. Соған сәйкес, Республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент Палаталарының төрағаларымен кеңескеннен кейін мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады.

Мұндай алқалы шешім оның негізділігін және қажеттілігін қамтамасыз етеді және мәслихаттардың мәртебесін арттырады.

87-баптың 4-тармағында заң деңгейінде қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдерді лауазымға тағайындау немесе сайлау, сонымен қатар, оларды лауазымнан босату тәртібі жатқызылған. Естеріңізге салсам, қазір ол президент жарлығымен реттеледі», - деді Әбдіров.



ӨЗГЕРМЕЙТІН МӘРТЕБЕ

Сонымен қатар, Әбдіров депутаттардан, парламент палаталарының тұрақты комитеттерінен, саяси партиялардың фракцияларынан қолданыстағы Конституцияның бірқатар нормаларына қатысты 26 түзету түскенін, оның Біріккен комиссияның қарағанын хабарлады.

Өз жұмысының қорытындысы бойынша Комиссия екінші оқылымда парламент палатасының бірлескен отырысында 10 түзетуді қарауға шешім қабылдады. Міне, олардың кейбірі мыналар.

Бірінші түзету президент мәртебесіне қатысты.

«Тәуелсіз Қазақстанның жиырма бес жыл тарихы ел президенті ұсынған барлық идеялар мен принциптердің терең ойластырылғандығын және заңдылығын растайды. Ол саяси тұрақты және экономикалық гүлденген мемлекетті қалыптастыруда берік негізді қалады.

Елбасының – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілік рөлі, оның бастамалары қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етті. Қазақстан қоғамының өкілдері әлденеше рет Елбасының біздің мемлекетімізді құрудағы ерен үлесін нығайту туралы мәселені көтерді. Осыған байланысты Конституцияның 91-бабы 2-тармағының келесі редакциясы ұсынылды: 2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігін, Республиканың бiр-тұтастығы мен аумақтық тұтастығын, басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанды құрушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және ҚР Тұңғыш президенті – елбасының мәртебесін өзгертуге болмайды», - деді Әбдіров. Конституцияның 39-бабының 2-тармағы Қазақстан халықтарының Ассамблеясының депуттар тобының ұсынысы бойынша, ұлтаралық, сонымен қатар, дінаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады деген ережемен толықтырылды. 41-баптың 2-тармағына ел президенттігіне үміткерлер үшін жоғары білімнің болуын оларға қойылатын талаптардың бірі ретінде белгілеуге қатысты өзгеріс енгізілді.


ЛАҢКЕСТІК ҮШІН – АЗАМАТТЫҚТАН АЙЫРУ

Ішкі істер министрін тағайындау құқығы президенттің құзырында қалады. 

«Азаматтардың қауіпсіздігін, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында ішкі істер министрлігінің маңызды стратегиялық рөлін ескере отырып, 44-баптың 3-тармақшасындағы ел президентінің ішкі істер министрін тағайындау жөніндегі өкілеттігін сақтаған жөн деп есептейміз.

Мұнда ел президентінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылатындығы, ал ішкі істер министрлігінің құрылымына Ұлттық Гвардия кіретіні ескеріледі», - деді Әбдіров.

Лаңкестік қылмысты жасағаны үшін азаматтығынан айыру ұсынысы мақұлданды:

«Конституцияның 10-бабының 2-тармағында террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін азаматтықтан айыруға соттың шешімімен ғана жол берілетініне қатысты норманы бекіту ұсынылды».

Конституцияның 2-бабының 3-1-тармағын «Астана» халықаралық қаржы орталығының мәртебесін бекітетін нормамен толықтыру ұсынылды. Соған сәйкес, астанада конституциялық заңға сәйкес нақ қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін. 

Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.

6 наурыз 2017, 21:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.