Атырау, 20 сәуір 03:19
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​«Жер митингілері» туралы іс: Тәуелсіз сараптамалар. Мәскеуден келген көмек

10 878 просмотра

Image 0

17 қарашада қорғаушы Жанаргүл БОҚАЕВА іс материалдарына тәуелсіз сарапшылар Рахила ҚАРЫМСАҚОВАНЫҢ, Талғат МАМЫРАЙЫМОВТЫҢ, Расул ЖҰМАЛЫНЫҢ және Досым СӘТПАЕВТЫҢ қорытындыларын біріктіру туралы өтінішпен жүгінді.

Олар да Алматыдағы ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптама орталығының мамандары сараптама жасап, айыптау қорытындысын жасауға негіз болған сотталушылар жазбаларының скриншоттары мен 24 сәуірдегі митингтің бейнежазбаларына сараптама жүргізді. Боқаеваның айтуынша, тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы сотқа дейінгі тергеу кезеңінде жүргізілген сараптаманы теріске шығарып отыр. Судья Гүлнәр ДӘУЛЕШОВА оларды толықтай оқымай, тек хабарлауға ғана рұқсат берді. Бейнеконференция арқылы тәуелсіз сарапшылардан жауап алу туралы өтініш қабыл алынбады. Судья Д.Сәтпаев пен Р.Жұмалының жазбаша тұжырымдарын іске біріктіруден бас тартты, өйткені, оның айтуынша, бұдан бұрын олар өз пікірлерін БАҚ-тарда білдірген, яғни, өздерін мүдделі тұлғалар ретінде көрсеткен. Басқа екі сараптама біріктірілді.

Сотта ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптама орталығының Атырау қалалық филиалының сарапшысы Ғалия ХАСАНОВА тыңдалды.

Сотталушы Талғат АЯНОВ Семейде Марлан ЕСІЛБАЕВТЫҢ пәтерін тінту кезінде тәркіленген футболкадағы тер мен шашқа сараптама жасау мүмкін бе деп сұрады (тергеу жорамалы бойынша, Талғаттың осы футболкасына бұл істегі куәгер Есілбаев Аяновтың шымкенттік бизнесмен Тоқтар ТӨЛЕШОВТЕН алып, Атыраудан Алматыға әкелген долларларын ораған – М.С.). Хасанова егер бұл футболка жуылмаған болса және тазарту құралымен өңделмеген болса, мұның мүмкін екенін айтты. Адвокат Төлепқали АЯНОВ осындай сараптама жүргізу туралы өтініш берді, бірақ ол қабыл алынбады.

Содан кейін судья ҚР ҰҚК Шекаралық қызметіне жолдаған сауалдың жауабын оқыды. Онда сарапшы-саясаттанушы Жанна БАЙСАЛБАЕВАНЫҢ 3 қарашада Алматы қаласының әуежайындағы пост арқылы шекараны кесіп өткендігі туралы факті расталған. Ол кері Қазақстанға әлі оралмаған. Түскі үзілістен кейін Ж.Боқаева соттан Боқаев пен Аяновтың әлеуметтік желілеріндегі парақшалардың скриншоттарына филология ғылымдарының докторы, Ресей халықтар достығы университетінің бұқаралық коммуникациялар кафедрасының профессоры Галина ТРОФИМОВАНЫҢ жасаған тәуелсіз сараптамасын іске біріктіруді өтінді. Оның қорытындылары да тергеу кезеңінде жүргізілген ресми сараптаманы теріске шығарады. Прокурор қарсылық білдіріп, мұны посттардың бір бөлігі қазақ тілінде жазылғандығымен, бұл тілді ресейлік маманның білмейтіндігімен уәждеді. Дегенмен де, судья адвокаттың өтінішін қанағаттандырып, Г.Трофимованың қорытындысын іс материалдарына біріктірді.

«Доллар» футболкасы тақырыбы тағы да қозғалды. Адвокат Төлепқали Аянов қарапайым шешім ұсынды:

- Сот бұл футболканың Талғатқа тиесілі еместігіне оп оңай көз жеткізе алады. Қане, оны кигізіп көрейікші!

Судья бұл ұсынысты қабыл алмады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

17 қараша 2016, 23:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.