Атырау, 19 сәуір 06:08
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

20 бапкер және медальдар шоқтығы

5 950 просмотра

Бокстан облыстың жасөспірімдер, жастар, ерлер және әйелдер құрамасының жетістіктері туралы Атырау облыстық мамандандырылған спорттық бокс клубының директоры Сейітжан БЕГІСІНОВ әңгімелеп берді.

«КЕЛЕШЕГІ БАР ЖАСТАРДЫ ЖІБЕРМЕЙМІЗ»

- Клубтың құрылуы туралы айтып өтсеңіз?

- Біздің клуб облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының өкімімен Стройконторадағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында 2005 жылы 8 мамырда құрылды. Жұмысты маусым айында бастадық. Бүгінгі күні клубта 20 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Жаттығулар «Атырау» ДСК, «Мұнайшы» СК, Алтынсарин мектебінде, политехникалық колледжде және өз клубымыздың залында өткізіледі.

Өткен жылдың қыркүйек айында 2003-04, 2005-06 ж.т. балаларды қабылдау жүргізілді. Қазір 53 топта 573 спортшы және әйелдер боксының үш тобында 30 қыз жаттығады. Каникул кездерінде түрлі жастағы спортшылар арасында клуб біріншіліктері өткізіліп отырады, соның нәтижесі бойынша келешегі зор деген спортшылар іріктеледі. Облыстық спорт басқармасы мен облыстық бокс федерациясының қолдауымен дарынды спортшылар Ресейдің, Өзбекстанның және Қазақстанның мықты деген спортшыларымен бірлескен бес жаттығу жиындарын өткізді. Енді қол жеткізген жетістіктер туралы айтар болсақ, өткен жылдың шілде айында Атырауда Қазақстан бокс федерациясының құрметті президенті А.Құлыбаев жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде біздің төрт спортшымыз жетістікке қол жеткізді. 56 келіге дейінгі салмақта «алтынды» Асылхан Ұзақбаев ҚР спорт шебері нормативін орындап жеңіп алды, 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша «күміс» медальды Амандық Манашев иеленді, «қола» медальға Қамбар Ғинаятов (64 келіге дейінгі салмақта) және Есенаман Шунғарин (91 келіден жоғары) ие болды. Қ.Ғинаятов бұған дейін Қостанайда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз болды және ҚР спорт шебері атанды. Қыркүйек айында Орынборда А.Еськинді еске алу құрметіне орай өткізілген турнирде Асылхан Жиентаев (49 келіге дейінгі салмақта) пен Әсет Исағалиев (91 келіге дейінгі салмақта) күміс және қола жүлдегер атанды. Ал қыркүйекте Түркияда өткен президент кубогінде 75 келіге дейінгі салмақта «күмісті» А.Манашев (75 келіге дейінгі) және Рахман Әлжанов (91 келіге дейінгі) иеленді, 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Қ.Ғинаятов қола жүлдеге ие болды. Қараша айында Ақтөбеде Бауыржан Ақшолақовты еске алуға арналған шеберлік турнирінде 81 келіге дейінгі салмақта Тоқтар Оспан ҚР спорт шебері нормативін орындап, жеңімпаз атанды. Желтоқсанда Ханты-Мансийскідегі мұнай елдерінің әлем кубогінде 69 келіге дейінгі салмақта Азамат Досмағамбетов «күмісті» қанжығасына байлады.

Үстіміздегі жылдың қаңтарында Бішкекте өткен халықаралық турнирде Е.Шунғарин қола жүлдені иемденді. Ал, наурыз айында Нальчикте болған Бүкілресейлік турнирде А класы бойынша Рашид Салауатов 52 келіге дейінгі салмақта «алтынды» жеңіп алды. Уфада өткен дәл осындай турнирде Мирас Нығметов (64 келіге дейінгі салмақта) және Нұрсұлтан Салихов (69 келіге дейінгі салмақта) үшінші орынды меншіктеді. Сәуірде Атырауда дәстүрлі түрде өтіп отыратын И.Тайманов және М.Өтемісов турнирінің қорытындысы бойынша атыраулықтар алтын медальдар санының рекордтық көрсеткішіне қол жеткізді. 52 келіге дейінгі салмақта Р.Салауатов, 60 келіге дейінгі салмақта Әнуарбек Бекенбетов, 64 келіге дейінгі салмақта Данат Қарымсақ, 69 келіге дейінгі салмақта А.Досмағамбетов, 75 келіге дейінгі салмақта А.Манашев жеңімпаз атанды. Ә.Бекенбетов пен Д.Қарымсақ ҚР спор шеберлері атағын алды.

- ҚР құрамасына жақында Мақат ауданының тумасы Қазбек Сапенов деген спортшы алынған болатын, қазір ол өзін көрсете алып жүр ме?

- Осы жылдың қаңтар айында Астанада олимпиада чемпионы Серік Сапиевтің жүлдесі үшін мықты боксшылар қатысқан турнир өтті. Қазбек сол турнирде жеңімпаз болып, ҚР жастар құрамына енді. Ал, наурыздағы Анапада болған Н.Павлюковты еске алуға арналған турнирде қола жүлдеге ие болды. Ол тағы бір қоланы Павлодарда өткен Азия чемпионатында жеңіп алды.

РИНГТЕ ТЕК ҚЫЗДАР

- Клубтың жас тәрбиеленушілері қалай өнер көрсетіп жүр?

- Өткен жылдың желтоқсанында Қызылордада ҚР аймақтық біріншілігінде 2000-01 ж.т. жасөспірімдер арасында Дарын Серкебай және Нұркен Нұрымов үшінші болды, ал Аят Айтқалиев күміс жүлдені жеңіп алды. Бір айдан соң Аят Өскемен қаласы әкімінің кубогінде үшінші орынды місе тұтты. Наурызда Оралда ҚР чемпионатының финалында Д.Серкебай қола медальды жеңіп алды. Еламан Рахметолла – «күміске» ие болды. Ақтөбеде сәуірде әлем чемпионы Галиб Жафаров жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде Нұрғиса Жакенов және Нұрсат Зинолла үшінші орынды иеленді. Мұндай көрсеткішті Е.Рахметолла да Тбилисиде халықаралық турнирде көрсетті. 2016 жылдың сәуірінде Ақтауда кіші жасөспірімдер арасында өткен ҚР аймақтық біріншілігінде Бекзат Мажитов пен Бахтияр Есқалиевтер алтын және күмісті еншіледі.

- Әйелдер боксында жетістіктеріңіз қандай?

- Өткен жылдың қазан айында мықтылар турнирінде Шынар Юлдашева және Ақмарал Шамшиденова қола жүлдені иемденсе, Назым Ищанова алтынды жеңіп алды. Одан кейін де Назым Кеңес одағының батырлары Әлия Молдағұлова, халық қаһарманы Хиуаз Доспанованы еске алу құрметіне орай өткізілген турнирде алтынды жеңіп алды, сондай-ақ Таиландта студенттер арасында өткен әлем чемпионатында қола медальға ие болды.

- Өсіп келе жатқан спортшы қыздардан кімдердің есімін атар едіңіз?

- Иә, ондай споршыларымыз бар. Өткен жылдың желтоқсан айында қыздар мен жастар арасындағы бокстан өткен мықтылар турнирінде Динара Зинулина, Зарина Халиулла және Элла Сәрсенғалиева «алтын», Дильназ Сұлтанкереева – «күміс», Нұрсауле Елтай және Венера Рамазанова – «қолаға» ие болды. 2016 жылдың наурызында Шымкентте болған ел чемпионатында атыраулық қыздар медальдардың толық жиынтығын жеңіп алды деуге болады: Д.Зинуллина – «алтын», Диана Ахметова – «күміс» және З.Халиулла – «қола».

Облыста бокстың тұрақты түрде дамып келе жатқандығына 2015 жылғы жазғы спартакиададағы облыс құрамасының үшінші командалық орынды (алдыңғы спартакиадада 11-ші орында болды) жеңіп алуы дәлел бола алады. Спартакиаданың чемпионы Рахман Әлжанов болды. Кейін ол «Astana Arlans»-пен келісімшартқа отырып кәсіби рингте бақ сынап жүр. Сегіз боксшы ҚР спорт шебері атанды. Алда жаңа жарыстар...


Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

17 қараша 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.