Атырау, 28 наурыз 18:28
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Павличенко қатаң режимде 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды

6 386 просмотра

Image 0Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Атырау облысының бұрынғы әкімінің ҰҚТ ісі бойынша қашқындардың бірі Олег ПАВЛИЧЕНКОҒА қатысты үкім шығарды.

«СтройКонтрактГрупп» ЖШС-нің директоры Павличенко Қазақстан Республикасы ҚК-нің 235, 235-1 және 176-баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Егер қарапайым тілмен айтар болсақ, Павличенко қылмыстық қауымдастық құрамында ақша жымқыру үшін сансыз фирмалар ашумен айналысқан. Жазаларды ішінара біріктіру арқылы сот 4 жылға кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырып, қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілеумен қатар, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде ақырғы жазаны тағайындады. Жазасын қатаң режимдегі түзету колониясында өтеу белгіленді.

Сот зардап шегуші тараптың – Атырау облысы әкімі аппаратының талап-арызын қанағаттандырды. Үкім бойынша Олег Павличенкодан 15 миллиард теңге мөлшерінде мемлекетке келтірген ортақ зиянды өндіріп алуға қаулы етілді. Бұрынғы құрылыс компаниясы директорының тәркіленген мүліктері:

- О.В.Павличенконың атына ашылған «БТА Банк» АҚ есепшотындағы 4 мың 747 АҚШ доллары сомасындағы ақшалай қаржылар;

- Hummer H2 маркалы автомашина;

- Атырау қаласы Нұрсая ықшамауданындағы пәтер;

- өнеркәсіптік-өндірістік ғимараттың жер телімі және бастапқы нысан мемлекет пайдасына беріледі.

Естеріңізге салсақ, Павличенко, тергеу жорамалы бойынша, облыстың экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА жақын жүрген тұлғалар қатарына кіреді. 2012 жылдың қыркүйегінде Павличенко экс-әкімнің ҰҚТ туралы қылмыстық ісі бойынша іздестіріліп жатқан 13 тұлғаның қатарына кірді. Бүгінде олардың ішінде тек екеуі сотқа берілді. 2015 жылдың тамызында «Бергей Рысқалиевтың ҰҚТ ісіндегі» фигуранттардың тағы біреуіне – «АТГ Құрылыс» ЖШС бұрынғы директоры Жанболат ДҮЙСЕНБАЕВҚА қатысты үкім шығарылды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді. Енді міне, Павличенконың кезегі келді.

Тергеуден бой тасалап, іздеуде жүрген Олег Павличенко 2013 жылы қарашада Мәскеуде ұсталған болатын. Осы уақыт бойына ол қамауда болды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

10 ақпан 2016, 16:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.