Атырау, 28 наурыз 23:59
 ашықВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Экс-әкімнің ісі. Үкімдер өзгертілмеді, мүліктердің бір бөлігі қайтарылды

6 965 просмотра

Image 0Асқар КЕРІМОВ пен Гүлмира ӘЗБЕРГЕНОВА сотта.30 шілдеде Атырау облыстық сотының кассациялық сот алқасы Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ қылмыстық тобының қатысушылары деп танылған бір топ сотталушылардың кассациялық шағымдары бойынша шешім шығарды. Кассация тек мүлік иелерінің шағымдарын ғана қанағаттандырып, бірінші инстанция және апелляциялық сот алқасының үкімдерін күшінде қалдырды.

Бір топ сотталушылардың кассациялық шағымдары, сондай-ақ прокурордың кассациялық қарсылығы (кейбір тұлғаларға қатысты қатаң жаза қолдану туралы – З.Б.), қорғаушылар мен мүліктері сот шешімімен мемлекет кірісіне аударылған мүлік иелерінің кассациялары қаралды.

Егер Атырау облыстық сотының апелляциялық сот алқасы бірінші инстанция сотының шешіміне шағымдарды 2 ай зерделесе, кассациялық инстанция 28 және 30 шілде күндері болған екі отырыспен-ақ шектелді. Екінші күннің соңына таман, сағат 16.00 шамасында коллегиялық сот судьялары кеңесу бөлмесіне кіріп, 2 сағаттан кейін өз шешімдерін жария етті. Резолютивтік бөлімді Атырау облыстық соты кассациялық алқасының төрағасы және Атырау облысы сотының төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ оқыды. Кассациялық сот алқасы Атырау облысы сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасының 17 наурызда шығарған үкімі мен қаулысына сотталған Болат ДӘУКЕНОВ, Асқар ӘБДІРОВ, Асқар КЕРІМОВ, Бауыржан ЖАНТЕМІРОВ, Рахметолла ӘЛШЕНОВ, Асхат ЕСЕТОВ, Ұлан ҚҰРАЛБАЕВ, Тұрланбек ЖИЕНБАЕВ, Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВ, Бауыржан ЖАЙСАҢОВ, Эдуард ДУРМАНОВ, Айнұр БЕЙСЕБЕКОВА, Айнұр БАТЫРБАЕВА, Ибрагим ӘМІРОВ, Азамат ҚҰРМАНТАЕВ, Александр КУЗЕМА, Александр КОРИЦКИЙ, Гүлмира ӘЗБЕРГЕНОВАНЫҢ тәркіленген мүліктеріне салынған қамақ бөлімінде ғана өзгеріс енгізді. Үкімнің келесі мүліктерді мемлекет кірісіне беру бөлімі күшін жойды: Атыраудағы 2 пәтер, Алматыдағы 1 пәтер, Атыраудағы үйі бар екі жер телімі және Атыраудағы 3 жер телімі.

Image 1Бауыржан ЖАНТЕМІРОВ.Сот үкімі мен апелляциялық алқа қаулысының басқа бөлімдері өзгеріссіз қалдырылды, сотталушылар мен олардың қорғаушылары берген шағымдар қанағаттандырылмады, облыс прокурорының қарсылығы ішінара қанағаттандырылды.

Естеріңізге салсақ, апелляциялық сот алқасының қаулысы Атырау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырып еді. Сол кезде келесі фигуранттардың кассациялық шағымдары қаралған-ды: облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукеновке (мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режимдегі 15 жыл); облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар Әбдіровке (мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режимдегі 12 жыл); «Атырау облыстық құрылыс басқармасы» ММ бастығының бұрынғы орынбасары Ибрагим Әміровке (мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимдегі 4 жыл); «Лизингтік жолаушылар компаниясы» АҚ бұрынғы жетекші инженері Азамат Құрмантаевқа (мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимде 7 жыл); қаржы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан Жантеміровке (мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режимде 4 жыл); облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Нұрлан Кенжебековке (мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимде 8 жыл); облыстық энергетика басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан Жайсаңовқа (мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимдегі 7 жыл); «Азиямаркетс» ЖШС бұрынғы директоры Қайыржан Қадыровқа (жалпы режимде 2,5 жыл); бұрынғы қала әкімі Асқар Керімовке (мүлкін тәркілеумен бірге 3 жыл); «Батыстранспорт СИМ» ЖШС бұрынғы директоры Рахметолла Әлшеновке (мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режимде 8 жыл); «Мемсараптама» РМК бас директорының бұрынғы орынбасары Ұлан Құралбаевқа (мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимде 7 жыл); «Мемсараптама» РМК бұрынғы бас директоры Тұрланбек Жиенбаевқа (мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режимде 8 жыл); «Центрстрой ЛТД» ЖШС бұрынғы директоры Эдуард Дурмановқа (мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимде 5 жыл); «Аркаим 2005» ЖШС бұрынғы директоры Александр Куземаға (мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимде 7 жыл); жұмыссыз Александр Корицкийге (мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимде 11 жыл); «Ақтөбехаусконстракшн» ЖШС және "BNB Construction" ЖШС-лерінің бұрынғы бас есепшісі Гүлмира Әзбергеноваға (кінәсі дәлелденбегендіктен, тағылған айыптар бойынша толықтай ақталды) қатысты үкімі өзгеріссіз қалды.

Осы тізімдегі екі адам қазір бостандықта – 18 маусымда облыстық апелляциялық сот Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімовты мерзімінен бұрын шартты мерзімге босатты, сол күні Ақтау қаласында бұрынғы қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Жантеміров те шықты.

Конституцияға және қолданыстағы төрт буындық сот жүйесіне сәйкес, сот және қадағалау инстанциялардың шешімдерімен келіспеген іс фигуранттарының шағымданатын соңғы мүмкіндіктері – Жоғарғы сот қана қалды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

31 шілде 2015, 11:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.