Атырау, 29 наурыз 15:36
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Өткен жылдар ескерткіштері

12 711 просмотра

Облыстық өлкетану музейі экспонаттарының арасында мыстан жасалған ыдыстар ерекше орын алады. Әбден тазаланған және жалтыраған, кейбірі түрлі-түсті темірлермен өрнектелген самаурындар, әдемі суретті шай құмандар, тасығыштар, құмыралар мен шылапшындар бізге көне ғасырлардан сақталып жеткен және үлкен тарихи құндылықтары бар.

- Мұндағы әр жәдігер жеке назар аударуды қажет етеді, өйткені олардың әрқайсысының өз тарихы бар, - дейді облыстық музейдің экскурсия бөлімінің меңгерушісі Оксана ӘЛЖАНОВА. - Мәселен, музейіміздің қорында ескі самаурын бар, ол мұнда ҰҚКД қызметкерлерінің арқасында пайда болды. Ұлыбританиялық азаматтың жүгін тексерген олар осындай ескі жәдігерлерді тапқан. Шетелдік бұларды Қазақстаннан  заңсыз шығарғысы келіпті. Соның ішінде осы ескі тулалық, қақпағында «Александр Степанович Баташев» деп жазылған, үстіне 10 түрлі көрме медальдарының суреті басылған самаурын да бар. Тағы бір раритет – «Б.Г. Тейл» фабрикасынан шыққан самаурын. ХІХ ғасырдың аяғында шетелде ұйымдастырылатын бірде-бір орыс көрмесі самаурынсыз өтпейтін: бүкіләлемдік көркем-өнеркәсіптік көрмелерге шолу жасайтын авторлар ресейлік самаурын фабрикасының өнімдері туралы айтпай кетпейтін. Халықаралық көрмелерде жүлде алған фабрика өз жетістіктерін самаурынның қақпағына жазып, үстіне медальдарының суретін басатын болған.

Ал, мынау 1899 жылы Тулада ағайынды Шмариндер «Сауда үйінде» дайындалған самаурын. Исатай ауданындағы МАШТАХОВТАР әулеті мүшелерінің бірі оны 1912 Астраханнан сатып алған және 1980 жылға дейін отбасы осымен шай қайнатып ішкен. 2000 жылы самаурынды музейге сыйға тартқан.  Музей қорында нағыз алпауыт – бес шелек су кететін ескі самаурын да бар. Оны өзінің жеке үйінің ауласынан музей қызметкері Ғалия ҚАНАТОВА тауып алыпты. Бағалы олжаны ол бірден музейге әкеліпті. Көрме залында бағалы мыс ыдыстар тобынан да экспонаттар қойылыпты. Бұлар – түрлі оюлармен әрленген пиалалар, шай құмандар, сүт құйғыштар.

- Ол кездегі мыс ыдыстар негізінен сырттан әкелінетін. Көпшілігі Жәңгір хан кезінде ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде сатылған. Бұл жәрмеңкелерге сырттан келген көпестер шай, қант, тоқыма өнімдерін, ыдыстар әкелетін. Шай қазақ халқы үшін ең сүйікті сусындардың біріне айналды, сондықтан ыдыстарға да көп көңіл бөлетін. Қазақтар шай құман, пиала, самаурынды ыждағаттылықпен таңдайтын, - дейді. О. Әлжанова.

Музейде кезең-кезеңмен көрмелер өткізіліп тұрады, ал мыс ыдыстар осы көрмелерде қашан да қадірлі орында тұрмақ.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсірген автор

19 ақпан 2014, 23:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.