Атырау, 28 наурыз 22:26
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Мүгедектер еңбек еткілері келеді

3 533 просмотра

Мүгедектер – мүмкіндіктері шектеулі болғанымен, көп жағдайда жұмыс істеуге ынталы, бастысы табыс тапқысы келетін жандар. Әйтпесе, мардымсыз жәрдемақыға қалай күнелтуге болады?

«Заң бойынша мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін кәсіпорындарда жалпы көлемнің 3 пайыздық квотасы қарастырылғандығына қарамастан, жұмыс берушілер біздерді көзге ілмейді», - деп алаңдаушылық білдірді облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Манап АБДРАХИМОВ облыстық мүгедектер конференциясында.

Қазір облыста 13 515 мүгедек тұрады: оның 885-і І топ, 6 161-і ІІ топ және 4 586-сы ІІІ топ мүгедектері, оған қоса 1 883 мүгедек балалар бар.

«Бізде мүгедектерге екінші сұрыптағы адамдар секілді қарайды. Ақыр аяғында өз жәрдемақымызға күнелтуге тура келеді. І топ мүгедектері 22 166 теңге, II топ – 17 276 теңге, III топ – 12 061 теңге алады. Әлденеше рет сотталған, бей-берекет тіршілік етіп, бір күн де жұмыс жасамаған адамдар өндірісте денсаулықтарын жоғалтқан мүгедектер алатын жәрдемақыны алады. Бұрын оларға зейнетақы төленетін. Қазір оны да алып тастады. Ал бұл ақшаға коммуналдық қызметтерді төлеу, дәрі-дәрмектер, азық-түлік, киім-кешек сатып алу керек. Бұл ақылға қонымды ма? – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының кеңесшісі Төлеген ИЩАНОВ. – Жақында маған жақсы жоғарғы білімі бар жас жігіт хабарласты. Дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясы оны екінші топтан үшінші топқа ауыстыруға болады деп есептесе де, жұмысқа орналаса алмай жүрген көрінеді. Ал оның отбасындағы анасы мен қарындасы да мүгедектер. Бұл адамдар да біздің қолдауымызға мұқтаж».

Мақат ауданындағы мүгедектердің жағдайы туралы аудандық филиал жетекшісі Сандуғаш НҰРБАЕВА әңгімеледі. Аджип компаниясының қолдауымен Мақаттағы мүгедектер қоғамының жанынан 2008 жылы «Мейірім» тігін цехы ашылған. Шағын өндірісте 13 адам жұмыс істейді. Компания оларға материалдармен көмектеседі. 2009 жылдың мамырында аяқ киім жөндейтін шеберхана да ашылған. Қоғам олар бір-бірімен араласып, дойбы, шахмат ойнау үшін, қолөнермен айналысулары үшін мүгедектерге арналған өзгеше клуб ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Өйткені олардың көпшілігі сырқаттарына байланысты адамдармен қарым-қатынас жасаудан оқшауланып қалған. Бұдан басқа, шаштараз ашу да жоспарда бар. Бірақ кеңейту үшін орынжай жоқ. Музыка мектебінің шағын ғана екі бөлмесін келісім бойынша цех алып отыр. Онда басшылық, бухгалтерия, тігін цехы, қойма, жөндеу шеберханасы орналасқан. Жалға алу келісім-шарты биылғы жылдың қазанында аяқталады.

Тігін цехы тапсырыстың арқасында табыс тауып отыр. Бірақ тапсырыс (негізінен балабақшалардан) аз түседі. Жыл басынан бері мүгедектер 1 млн. теңге табыс тапқан. Алайда салық пен коммуналдық төлемдерді шегеріп тастағанда, жалақыға мүлдем аз қалады. Жалғыз ғана артықшылығы – кәсіпорынның қарызы жоқ. «Өткен жылдың қыркүйегінде бізде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия келіп, өртке қарсы дабыл жүйесін орнату қажеттігі туралы ескертті. Олай етпеген жағдайда бізге айыппұл салынады екен. Біз аудан әкіміне хат жолдап, бізге осы мәселе тұрғысында көмектесуін өтіндік. Әзірге жауап келген жоқ. Бұдан басқа, ауданның электр жүйелері кәсіпорнының бастығы Талғат КӨБЕЙСІНОВТЕН ұзындығы 40 метр болатын сыртқы желіні ауыстыруға көмектесуін сұрадық. Бірақ әзірге одан нәтиже шыққан жоқ», - деп әңгімелейді С.Нұрбаева.

Облыстық мүгедектер қоғамы бірнеше ұсыныстар енгізген: Біріншіден, коммуналдық қызметті төлеуге 50 пайыз жеңілдікті, ал І топ мүгедектері үшін тіршілікке қажетті боп табылатын телефон байланысының төлемақысын алып тастауды бекіту. Екіншіден, кәсіпорындарды мүгедектердің отбасыларын қамқорлыққа алуға міндеттеу және осындай қамқоршы кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер ұсыну. Көп елдерде осылай жасалады екен. Үшіншіден, жергілікті мәслихаттарға мүмкіндіктері шектеулігі жандардың құқықтарын қорғау үшін облыстық және қалалық мүгедектер қоғамының өкілдерін енгізу.

Зульфия ИСКАЛИЕВА    

26 мамыр 2011, 17:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.