Атырау, 29 наурыз 13:53
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Мұнайшылар ереуілдетіп ...

3 689 просмотра

Фотосурет "Лада" газетінің сайтынан алынды (Ақтау қ.)

Мамырдың 17-сінде Маңғыстау облысындағы Бұзашы жарты аралындағы Қаражанбас мұнай кеніші жұмысы мұнайшылар  наразылығы салдарынан толық тоқтады. Жұмысшылар жалақыны өсіруді және Қаражанбастың тәуелсіз кәсіподағына қысым көрсетуді тоқтатуды талап етіп тұр.

Мамырдың 24 күні Ақтау қалалық әкімшілік сотытәуелсіз кәсіподақ заңгері Наталья  СОКОЛОВАНЫ наразылық акциясын ұйымдастырды деп айыптап, оны сегіз тәулікке абақтыға қамады.

Кәсіподақ белсендісі Қуаныш СИСЕМБАЕВТЫҢсөзіне сүйенсек мамырдың 24 күні кешкі сағат 9-дар шамасында Наталья Соколованы Актау қалалық әкімшілік сотына  шақырып, сот процессі түнгі 12.30 да аяқталған.

Бұған дейін де Маңғыстаудағы Түпқараған аудандық соты  қаражанбастықтарға заңдық көмек көрсетіп жүрген Наталья Соколоваға 15 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде, яғни 22 мың теңге  айыппұл салған еді.

- «Қаражанбасмұнай» компаниясы басшылары мен жергілікті билік Наталья Соколованы еңбек ұжымына жолатпауға барынша тырысты. Алдымен оның кенішке баруына тиым салды, содан соң Қаржанбас өндірісінің тоқтауына кінәлі ретінде  оның үстінен полицияға шағым түсірді. Енді ол қамауға алынып отыр. Ол біздің сенімді адамымыз, тәжірибелі заңгер, Натальясыз біз келісім үстеліне отырмаймыз!, - дейді ереуілдеушілердің бірі Қуаныш Сисембаев.

Бұған қоса мұнайшылар келіссөз жүргізуге«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Асқар БАЛЖАНОВТЫҢ және «Самұрық-Қазына» қорының жетекшісі Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ келуін талап етіп отыр.

«Қаражанбасмұнай» АҚ Маңғыстау облысының Бұзашы жартылай аралындағы мұнай кенішін игеріп жатқан компания. Оның қожайындары болып 2007 жылғы желтоқсанның 12-сінен бері CITIC Group қытай мемлекеттік инвестициялық корпорациясы мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қазақ мұнай компаниясы саналады.

Бұдан бөлек «Қаражанбасмұнай» АҚ баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде «Қаражанбас жұмысшылары кәсіподағы» қоғамдық ұйымы ішінде іріткі пайда болып, екіге бөлінгені туралы айтылған.

«Топтың бірін заңсыз түрде жалақыны көтеруді талап етіп жүрген кәсіподақ комитетінің заңгері Н.Соколова басқарады. Әңгіме - 1,7 және 1,8 коэффициенттерін енгізу, зиянды жұмыс жағдайы үшін қосымша төлем төлеу туралы болып отыр. Компания бұл 1,8 коэффициенті мен зиянды жұмыс үшін қосымша төлем төлеу талаптарын заңсыз деп санайды. Ал аймақтық 1,7 коэффициенті 1997 жылғы жұмыс берушінің бұйырығы негізінде жалақыға қосылған» делінген компания мәлімдемесінде. Келесі бір топ компания кәсіподағы төрағасы Е.Қосархановты жақтап отыр.

Бұған қоса «Қаражанбасмұнай» баспасөз қызметі мамырдың 12 күні кәсіподақ ұйымы төрағасын жақтаған алтаудың «Қаражанбасмұнай» АҚ кеңсесі алдында аштық акциясын жариялағанын айтады. Алайда компания басшылығы мұндай жолдармен келіссөз жүргізу мүмкін еместігін көлденең тартып, мұнайшыларға өз құқын заң жолымен қорғауды ұсынған болатын.

 

... ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР АШТЫҚ ЖАРИЯЛАП ЖАТЫР

Маңғыстау облысындағы Құрық кентіндегі «Ersai Caspian Contractor LLC» компаниясы  жұмысшыларының мамырдың 11 күні басталған  ереуілі аштыққа ұласты.

Қашаған жобасындағы құрылыс жұмыстарын жүргізуге қатысып жатқан «Ерсай» біріккен кәсіпорыны жұмысшыларының ереуілі  мамырдың 11-інде басталған. Олар компания басшылығы алдына жалақы төлеудегі айырмашылықты жоюды, жалақыны көтеруді, еңбек шартына өзгерістер енгізіп, қайта жасауды және  «Қарақия» тәуелсіз кәсіподақ ұйымына жұмысшылардың мәселесін шешу үшін басшылармен  келіссөз жүргізуге мүмкіндік беруді талап етіп отыр. Ал  мамырдың 14 күні автобекетке жиналған 10 жұмысшы аштық жариялады.

 «Ерсай» бірлескен кәсіпорыны жұмысшыларының құқығын қорғаушы, сенімді өкілі Мұрат НҰҒМАНОВТЫҢ «АЖ» редакциясына   хабарлауынша жұмысшыларға заңдық түсініктеме беруге барған  Қарақия ауданының прокуроры  М.МЫРЗАҚҰЛОВТЫҢ  жұмысшы А.ИМАҒАНБЕТОВТЫ соққыға жыққанын да  мәлімдеп отыр.

- Жергілікті халық аудан прокурорының да жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Ал біз осы мәселені баяндап ҚР Бас Прокуроры А.Дауылбаевқа және Парламент мәжілісінің депутаты З.Алшынбаевтың атына арызданып отырмыз, - деді М. Нұғманов.

Сания ТОЙКЕН

26 мамыр 2011, 16:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.