Атырау, 20 сәуір 12:53
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жақсы ат бермейтін жұмыс

3 435 просмотра

Бастапқыда масаларды кім және қандай әдіспен жоятынын жай ғана білгім келген.  Бақбақ түстес дезинфекциялық киім-кешектер мен жабдықтарды қалдырып, «қане, киіміңізді ауыстырыңыз» деген кезде, «мені түсінбеген сияқты...» – деп,  абыржыған күйде міңгірлеп қалдым. Қолғапты, касканы, респираторларды қолыма алып, мұның бәрінің денеме қалай қона қалатынын көзіме елестетудің өзі қиын болды. Алайда «милитари» стиліндегі бәтіңкеге көзім түскенде қалай киінгенімді білмей де қалдым... Мен секілді басынан  аяқтарына дейін, тек көк түсті «ғарышкерлер» киімін киген адамдарды көргенде көңілім орнына келді.

ДӘЛІЗ АЛДЫНДАҒЫ ДӘРІС

- О! Жаман емес… - деді «Атырау облыстық дезинфекциясы» ЖШС бас директорының орынбасары Александр ДУМЛЕР менің абыржыған күмәнімді сейілтіп. – Егер дайын болсаңыз, жүруге болады. Авангардтың 3-ші ықшам ауданындағы 45-үйге барамыз. Қаладағы ең көп суға кеткен жертөлелердің бірі сіздің құзырыңызда.

Ол жерде бізді күтіп тұрғандар бар екен. Үйдің жанында сол жердегі ПИК төрағасы, бірқатар белсенділер, сол маңдағы балалар мен үнемі ПИК-пен дауласатын көрші үйдегі бірер жанжалқой әйелдер жиналып тұрды. Аз сөйлейтін «әріптестерім» аппараттарын реттеп жатқан кезде, тілші болатынын қайдан екені белгісіз, біліп алған аталмыш жандар мені жан-жақтан қоршап алды. Алғашқы бес минут ішінде каскамның ішіне құйылған ақпараттар легінен жәндіктерге қатысты жағдайдан да хабардар болдым. Көрші үйдің тұрғындарының бірі күн сайын кешкісін ұйықтар алдында жүзден жүз елуге дейін маса өлтіретінін айтып, қолындағы масаның шаққан жерлерін көрсетті. Басқа әйелдер жағы күмәнға толы қағытпа сөздермен: «Жертөле суға толы болса, масаны улағаннан не пайда? Мұның пайдасы жоқ. Әуелі жертөлені құрғату керек!» деп айтып жатты. Айтулары орынды секілді. Дезинфекторлар өз жұмыстарының принциптерін түсіндіруге асыға қоймады. Олар жұмысқа кірісуді тағатсыздана күтіп тұрған еді. Осыған дейін мен  Александр Филлиповичтің  маған айтқандарын әлгілерге қайталап шықтым.

«Азаматтар, бір минут назар аударыңыздар! Жертөле орынжайындағы масалар түрі (қойын дәптеріме үңілдім) Culex pipiens molestus деп аталады. Олар шынымен де ылғалды жерде көбейеді. Ал суға кеткен жылы жертөледе олардың жағдайлары тіптен жақсарады. Мұны бізге емес, өз ПИК-теріңізге айтыңыздар. Бірақ бәрібір бір нәрсе жасау керек қой. Қазір жертөледе себілгі саңылаулары арқылы үш удан - гимелин, фуфанон және байтекстен тұратын арнайы сұйықтық құямыз. Әдетте масаның дернәсілі су астында болады. Ал беткі жағында тыныс алатын тұмсығы ғана қалады. Сұйықтық тұмсығына төгіліп, дернәсілдің хитин қабықшасын бұзады. Ұшып жүрген масаларды бұл у жоймайды, оларды жоғарғы қабатқа – дәліз бен көшеге қуып шығарады. Бұл шамамен сұйықтықпен өңдегеннен кейін екі сағаттан соң орын алады. Осы уақыт өткеннен кейін жоюдың басқа әдісін – ыстық тұманмен құрғақ өңдеу әдісін қолданатын боламыз. Міне, осылай...». Бес секундтай тыныштық орнап қалды. Шамасы, тыңдармандар ақпаратты ой елегінен өткізген сыңайлы. Ал содан кейін қайтадан коммуналдық проблемалар легі қардай борады. Бірақ оларды тыңдап тұратын уақыт болмады, жұмысымыз күтіп тұрған еді.

АЛҒЫСЫ ЖОҚ ЖҰМЫС

«Біз әдетте өз жұмысымызды түсіндірмейміз», - деп жымидыэнтомолог Әсел ЛҰҚПАНОВА. - Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, одан пайда жоқ. Біз жұмысымызды ғана жасаймыз».

Істің мән-жайын бағдарлағанша, жігіттер дайын болды. Төрт жігіт ГАЗель ішіндегі аппаратқа жалғанған ұзын шланганы ұстап тұрды. Кем дегенде бір тоннадай у шашқан маса өлтіргіштің гүрілі құлақ тұндырды. Мені мұқият нұсқаунамамен таныстырғаннан кейін ғана тетікке жақындатты. Шланганы жертөле себілгісіне бұрудың еш қиындығы жоқ екен. Тек ащы, жағымсыз иісі мен шланганың ауырлығы болмаса. Бірнеше себілгі саңылауларын өңдегеннен кейін шаршап қалдым. Содан соң ұшып жүрген жәндіктерді құрту үшін термогенераторды басқа қызметкерлер қолдарына алды.

Іске қосылған генератордың дыбысы алдыңғы аппараттан кем түспеді. Оның үстіне жұмысы да анағұрлым көзге көрінердей екен. Енді масаларға газбен шабуыл басталды. Түтінді пышақпен тілуге болатындай еді. Түйдектелген сұр түтін жер бетіне жайылып, ағаштардың жапырақтарына тұтылып қалды. Әке-шешелерінің қақпақылдағандарын елең қылмаған балақайлар оны аяқтарымен қуып әлек болды. Терезенің алдында маужырап отырған мысық түшкіріп-пысқырып, сол сәтте ол маңнан қарасын батырды.

«Міне, осы кезде «Өртеніп жатырмыз! Өрт!» деген айқай-шу басталады, - дейді дезинфекторлардың бірі. – Енді нысанға бармас бұрын сол мекен-жайға босқа барып жүрмес үшін өрт сөндіру стансасына ескертетін болдық».

Біз жұмысымызды аяқтаған кезде ешкім де бізге «рахмет» айтпады. Олардың «тілшінің көзінше бұлар осылай жұмыс істейді, ал іс жүзінде дихлофоспен бір-екі рет пышылдатады да, кетіп қалады» деп, сыртымыздан айтқан сөздерін естіп қалдым. Әлдебір әжей жіпте жайылып тұрған киімдерді бүлдіріп тастадыңдар деп бізге ұрсып жатты. Қысқасы, дезинфектор болған жақсы ат бермейтін жұмыс екен...

Анастасия ПАСТУХОВА

Суреттерді түсірген В.Истомин

 

«АЖ» анықтамасы

Бір ғана суға кеткен жертөле жақын маңдағы бес километр қашықтықты жәндіктермен толтыруы мүмкін. Үйді дәрілеу қажеттілігі дәліз қабырғасындағы масалардың санымен анықталады. Егер бір шаршы метрде оларды саны бесеуден көп болса, дәрілеу қажет.

 

А. Думлердің айтуынша, биылғы жылы масалардың Батыс-Ніл безгегінің қоздырғыштарын тасымалдау қаупі бар екен. Өткен жылы Волгоградта індет ошағы тіркеліп, бірнеше адам қаза болған. Батыс-Ніл безгегі жоғарғы температурамен, бұлшық ет пен буындар ауруымен, жүрек айну және басқа да тұмау белгілері секілді сырқаттармен байқалады. Кейде ол орталық нерв жүйесін зақымдап, ауыр жағдайларда науқастың өліміне әкеп соқтырады. Безгек вирусын кулекс деп аталатын маса түрлері тасымалдайды. Олардың көп мөлшері шілде-тамыз айларында шығады.

 

Масалардың шаққан жерлерін қатты қышып тұрса да қасымаңыз. Дуылдағанын басу үшін мүсәтір спиртіне, ас содасының ерітіндісіне (бір стакан суға бір шай қасықтың жартысын) немесе араққа батырылған дәке таңғышпен таңу керек.

26 мамыр 2011, 02:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.