Атырау, 20 сәуір 13:48
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жолаушылар әуежайда болмай қалған рейсті жарты тәулік күтті

2 847 просмотра

25 желтоқсан күні таңертең Атырау қаласының әуежайына тіркелуге келген Атырау-Алматы Z92106 рейсінің жолаушыларын әуежай ғимаратында кешке дейін ассыз-сусыз күткізіп қойды.

Біз фото тілші екеуміз кешке қарай әуежайға келгенімізде ол жерде кешіктірілген (кейіннен анықталғандай, мүлдем болмай қалған) рейстің отызға жуық жолаушылары болды. Қалғандары қалаға, кейбірі «ЭйрАстана» әуе компаниясының рейсімен Алматыға ұшып кетіпті.

Кешіктірілген рейстің жолаушысы Мұрат ҚУАНДЫҚОВ былай дейді:

- Мен өзіме бұрын белгісіз болған «BekAir» әуе компаниясынан 30 мыңға билет алдым, өйткені «Эйр Астана» билеті қымбат тұрады. Әуежайға ертерек 11.00-де келдім, ұшақ 13 сағат 45 минутта ұшу керек еді. Алайда бізге борт бұзылып жатыр деп хабарлады. Мұндай жағдайда бізді басқа ұшаққа отырғызулары керек еді. Мұның орнына біз тоғыз сағаттан бері әуежай ғимаратында отырмыз. Әуе компаниясының өкілі келіп, билеттерімізге қол қойып, оларды сату нүктелеріне апарып тапсыруымызға болады деп хабарлады.

Сағат 16-да әуежай бойынша көп күттірген тіркеу туралы хабарландыру беріліп, адамдарды тіркеу бөліміне жинап, кейіннен кері қайтарғанына жолаушылар қатты ашуланды. Олар билеттерінің көшірмесін жасап, араларынан Алматыға жетісімен құзіретті органдарға шағым беретін өкіл сайлады. Көптеген жолаушылар Алматыға дейін «Эйр Астананың» кешкі рейсіне билет алып, қайтара шығындалды.

«BekAir»әуе компаниясының өкілі Жеткеншек БЕКБОЛАЕВ болған жағдайға былай түсінік береді:

- Fokker 100 ұшағы Алматы-Астана-Орал-Атырау-Алматы бағыттары бойынша ұшуы керек еді. Алайда ауа-райының қолайсыздығына байланысты Орал әуежайын жауып тастады да, ұшақ Атырауға келіп қонды. Оралдағы әуежайды ашқан бойда, ұшақ кері ұшып кетті. Оралда ұшақтан ақау байқалып, Атырауға дейін, содан соң, сәйкесінше, Алматыға ұшуды осы күні болдырмауға тура келді. Мұндай жағдай кез келген әуе компаниясының ұшақтарында болуы мүмкін. Рейске 54 билет сатылған. Қазіргі уақытта үш жолаушы қонақ үйге орналастырылды. Мен қазір әуежайға тамақ әкелгенмін, бірақ жолаушылардан ешкімді таба алмадым. Біз барлық әуе агенттіктеріне билет ақшасын толықтай қайтарыңдар деп хабарлама жібердік.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 желтоқсан 2013, 15:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.