Атырау, 28 наурыз 19:40
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Әр терек үшін күрес

4 211 просмотра

12-мамырда Ғұмаров-Владимирский көшелерінің қиылысындағы үй тұрғындары жол бойынан ағаштарды қазып алып жатқан жасыл жейде киген үш жігітті сабап тастай жаздапты.

Сол мезет «АЖ»-ға қоңыраулар легі соғылып жатты. Мәселеге селқостық танытпаған қала тұрғындары газетке араласып, жасыл-желекті жоюды тоқтатуды өтінді. Үзінді келтірейін: «Көз алдымызда ағаштарды тамырымен жұлып жатыр. Осы ақ теректер алты жыл бұрын отырғызылып, осы орынға жерсініп кеткен еді. Бірнеше тұрғындар әлгілерге барып, ағаштарды құртпауды өтінгенмен олар қаперлеріне де алған жоқ. Оларға бұйрық берілгені, бұл олардың жұмысы екендігі түсінікті. Бірақ бұл дұрыс емес қой. Бір әрекет жасасаңыздар екен!»

БАҚҚА ҚАЙТА ОТЫРҒЫЗАМЫЗ

Сол жерден тамырымен жұлынған бірнеше ағаштарды өз көзімізбен көрдік. Бұл жағдайды «Атырау Полимер Строй» ЖШС-нің құрылыс учаскесінің шебері Әлібек САДИРОВ түсіндірді. «Жолды бес метрге кеңейтетін болады. Ал осы аумақта ағаштар өсіп тұр, біз не істей аламыз?». Жасыл өскіндердің әрі қарайғы тағдыры туралы ЖШС прорабы Сәлима ЖОЛДАСПАЕВАДАН білген едік. «Ағаштар тамырымен және тамырдағы жентектелген топырағымен Жеңіс бағының жанындағы саяжолға отырғызылатын болады, - дейді Жолдаспаева. – Тек бір ағашты ғана кесуге тура келді, басқа амал жоқ болатын – ол канализация жүйесінің дәл үстінде өсіп тұрды. Біз күректерімізбен тұрбаларды зақымдап алуымыз мүмкін еді». Сенбеген кейбір тұрғындардың және біздің көзімізді жеткізу үшін тамырымен жұлынған ағаштарға арнап қазылған шұңқырларды көрсетті. «Олар міндетті түрде жерсініп кетеді, өйткені әлі мамырдың орта шені ғой, - деп сендірді бізді прораб. – Бізде қара топырақ, «Гурман» деп аталатын ағаштарға арналған жақсы тыңайтқыш бар. Неге соншама бәріңіз дүрліктіңіздер? Жолды кеңейтіп жатыр ғой. Егер біз болмасақ, бұл ағаштарды шауып, лақтырып тастар еді».

ӨЗІМ ОТЫРҒЫЗДЫМ, ҚАЛАСАМ ШАУЫП ТАСТАЙМЫН

Ал келесі күні редакция телефонына 8 март көшесінің бір топ тұрғындары қоңырау жаудырды. №8 үй тұрғындары өз еркімен ағаштарды шаба бастаған №2 пәтердегі көршілеріне шүйлікті. Бізге қоғамдық тәртіпті бұзушымен тілдесудің сәті түсті. Оның пікірінше, ол уақытында күтім жасамаған болса, ағаштар қурап қалған болар еді. Өз пәтерлерінің терезелерінен көз тастаған көршілеріне жағдайды: «Менің ағаштарым, өзім отырғыздым, қаласам оларды өзім отап тастаймын» деп айғайлап, өзінше түсіндіріпті. Бізге ол: «Мен олардың аздап бұтақтарын қидым. Олар сонда жақсы өсетін болады. Өзім күтім жасап жүрмін ғой»,- деді.

Жалпы, қала тұрғындары жасыл-желекке бөленген қалада тұруды мақсат етіп, әрбір отырғызылған ағаш үшін күресуге дайын екен.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суреттерді түсірген В.Истомин

19 мамыр 2011, 01:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.