Атырау, 20 сәуір 05:08
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Ержан Омаров: «Басылымға жазылуды кейінге қалдырмаңыз»

5 022 просмотра

Кезекті онлайн-конференцияның қонағы - «Қазпошта» АҚ Атырау филиалының директоры Ержан ОМАРОВ.

БАСЫЛЫМДАРДЫ ЕҢ КӨП ОҚИТЫНДАР - АТЫРАУЛЫҚТАР

- Желтоқсанның ортасында мерзімді басылымдарға жазылу науқанының алдын ала қорытындылары туралы айтуға болады. Ол соңғы жылдары қалай жүріп жатыр? Жазылым көшбасшылары деп қандай басылымдарды атауға болады?

- Жыл сайын біздің облысымыздың тұрғындары орташа алғанда 153-154 мың дана түрлі басылымдарға жазылады. 2005-2009 жылдар аралығында жазылымның өскені байқалды, биылғы жылы шамамен 500 данаға азайған. Келер жылға жазылу жоспарын жасай отырып, нақты көлемі 154 мың дана болғанда 159 мың дана деп есептеген едік. Бүгінде жоспар 75 пайызға орындалды, цифр бойынша бұл шамамен 120 мың. Алайда әдеттегідей ең қиын күндер – жазылым науқанының соңғы күндері болады. Сондықтан асығуға кеңес берем.

Халықтың баспа басылымдарымен қамтылуы деген де көрсеткіш бар. Ол мың тұрғынға есептеледі. Республика бойынша бұл көрсеткіш мың тұрғынға шаққанда 135 данаға тең. Атырау облысында әрбір мың тұрғынға баспа басылымының 267 данасы тура келеді. Мұндай көрсеткіштерге ұжымдық жазылымды рәсімдеуге мүмкіндіктері бар, мәселен, АМӨЗ, облтрансгаз секілді ірі мекемелердің арқасында қол жеткізіліп отыр. Бүгінде баспа өнімін тарату жөніндегі қызмет нарығында қала аумағында бізбен қатар бірнеше баламалы құрылымдар – тек жергілікті газеттерді емес, республикалық және ресейлік басылымдарды таратумен айналысатын қоғамдық таратушылар жұмыс істейді. Егер бұрын қабылданған жазылым бойынша таралымдар облыстық филиалдың құрылымдық бөлімшелері арқылы жеткізіліп тұратын болса, бүгінде облыста баспа өнімдерін жеткізу жөніндегі көптеген таратушылар қызметі құрылып, жұмыс істеуде. Бұлардың ішінде «Қазпошта» баспа басылымын тарату және жазылым жөніндегі қызмет нарығында ең ірі субъект боп табылады. Облыста таралатын мерзімді басылымдардың 95 пайыз таралымы біздің үлесімізге тиеді. Жазылым көшбасшылары әдеттегідей: жергілікті баспа басылымдарынан «Атырау», «Прикаспийская коммуна» және «Ақ Жайық», республикалық басылымдардан «Егемен Қазақстан» газеттері. Аудан тұрғындары көбінесе өздерінің аудандық газеттеріне жазылады. Республикалық «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» журналдары кең таралған. Балаларға арналған басылымдар ішінде «Балдырған» мен «Айгөлек» көп сұранысқа ие. Ресейлік басылымдар ішінде «Аргументы и факты», «Здоровый образ жизни»газеттері мен«1000 советов»журналдары көшбасшы болып отыр.

- «Қазпоштада» Ресейден басқа қандай мемлекеттің баспа басылымдарына жазылуға болады?

- «Қазпоштаның» жазылым каталогына тек ресейлік және украиндық басылымдар енгізілген, каталогта шетелдік басылымдар жоқ.

- Бес жыл бұрын ресейлік басылымдарға жазылатын едім, алайда оларды тұрақты түрде ала алмадым: бірнеше айда бір рет алатынмын, ал кейбір журналдардың нөмірлері тіпті қолыма да тимейтін. Сондықтан қайтадан жазылғым келмеді. Енді жағдай өзгерді ме?

Марина Коновалова

- Өкінішке орай, сол уақыттан бері өзгергені шамалы. «Роспечать» агенттігінің каталогы бойынша ресейлік басылымдар, әсіресе мекен-жай бойынша экспедициялау жүйесінің (жазылушылар жазылым басылымдарын мекен-жай бойынша конверттермен алады) журналдары бізге бұрынғыдай ұзақ уақытқа кешігіп түседі. Бұл ресейлік басылымдардың бізге Мәскеуден Орал қаласындағы ХПАҚ (халықаралық пошталық айырбастау қосыны) арқылы ұзақ кедендік процедуралардан кейін түсетіндігімен түсіндіріледі. Алайда басқа да жол бар. Клиенттер «Қазпошта» каталогынан Алматыда басылатын ресейлік басылымдарға жазыла алады. Мұндай басылымдар кешігусіз түседі.

- Мен Атырау мөлтек ауданында пошта бөлімшесінің қай жерде орналасқанын білгім келеді. Егер мен «Ақ Жайық» газетіне жазылсам, маған оны үйіме әкеліп бере ме?

Арман

- Аумақ бойынша сізге Атырау мөлтек ауданы, 133-үйде №31 мектептен қашық емес жердегі «Арман» дүкенінің (№20 маршруттың аялдамасы) жанында орналасқан №26 қалалық пошта бөлімшесі қызмет ететін болады. Әрине, бөлімше штатында пошташылар бар, егер сіз жазылатын болсаңыз, онда сізге жазылу кезінде көрсеткен мекен-жай бойынша газетті апарып береді.

 

ЖӘРДЕМАҚЫ МЕН ЗЕЙНЕТАҚЫНЫ КЕШІКТІРМЕЙМІЗ

- Неліктен «Қазпошта» зейнеткерлерге қалдық принципі бойынша қызмет көрсетеді? Пошта қызметкерлері: әзірге кассада ақша жоқ, егер біреулер келіп, несиелерін төлейтін болса, біз осы ақшадан сізге зейнетақыларыңызды береміз, -  деп түсіндіреді. Ата-анам поштадан көбінесе құрқол қайтып келеді. МЗТО-ға (мемлекеттік зейнетақы мен жәрдемақы  төлеу орталығы) қоңырау шалған едік, ондағылар ақшаны уақытында жіберіп тұрмыз дейді. Екінші деңгейлі банктен зейнеткерлер ешқандай қиындықсыз алып жатады. «Қазпоштаның» зейнеткерлердің ақшаларын зейнетақыны төлеуге емес, өздерінің әлдебір қажеттіліктеріне жұмсауына қандай қақылары бар? 

Владимир Атнюков

- Әзірге «Қазпошта» ОФ-да қолма-қол ақшалай қаржылармен ешқандай проблема жоқ. Ақшалар барлық пошталық байланыс бөлімшелері бойынша зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу үшін үнемі бөлініп отырады. МЗТО-дан түскен тізімге сәйкес, сомалар нақты бақыланады және оны ОФ кассалық операциялар бөлімі реттеп отырады. Клиенттер ақшаны инкассаторлар жеткізгенше таң атпай немесе кешке инкассациядан кейін зейнетақыларын шұғыл арада беруді өтінетін кездер де болады. Тиісінше, тек осындай жағдайда ғана пошта қызметкерлері, егер сол сәтте басқа клиент несиесін немесе басқа төлемдерін төлесе, көмектескілері келіп, оларға ақша береді.

- Өткен айдан бастап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге жәрдемақы беру кезінде іркілістер туындады. Қараша айының жәрдемақысын әйелім желтоқсанның зейнетақысымен бірге алды, ал желтоқсанның жәрдемақысын қашан алатыны белгісіз. Бұрын ақшаны кешіктірмей беретін еді. Бұл неге байланысты?

Хамза Ерғалиев

- МЗТО-дан батыр аналарға төленетін қараша айының жәрдемақы тізімі бізге тек 24 қарашада келіп түсіп, қарашаның аяғында және желтоқсанның басында төленді. Желтоқсандағы төлемдерге келер болсақ, бүгінде МЗТО-дан тізімдер толық түспей отыр. Алайда МЗТО толықтай қаржыландырмауына байланысты, осыған қатысты төлемдер әзірге кешеуілдеуде. МЗТО-дағылар жақын арада ақшалар түседі деп сендіріп отыр. Тізімдер жасау мен қаржыландыру МЗТО құзырында, ал «Қазпошта» тек төлеумен ғана айналысады.

 

ПОШТАШЫЛАР ҮНЕМІ ЕКІ РЕТ, КЕЙДЕ ҮШ РЕТ ҚОҢЫРАУ СОҒАДЫ

- Газетті ол шыққан күні емес, тіпті ертеңіне де емес, үшінші күн дегенде алатын кездер болады. Егер пошташы келген уақытта мен үйде болмасам, онда алаңдағы көршіме сенбілік басылымдарды алып келгенше екі күн күтуіме тура келеді. Неліктен пошташы сол күні кешірек немесе ең болмағанда келесі күні соғып кетпейді?

Слухияапа

- Бізде поштаның уақытында жеткізілмеуіне қатысты проблемалар жетерлік. Себептерін атап өттік, бұлар: үй подъездерінде пошта жәшіктерінің жоқтығы және жұмыс жасамайтын лифтілер және т.б. Мерзімді басылымдарды пошташылар пәтерлерді аралап жеткізеді. Яғни, пошташылар көпқабатты 6, кейде 10 тұрғын үй ғимараттарын аралап шығулары тиіс. Жәшіктердің жоқтығынан 5-9 және 16-шы қабаттарға көтеріліп, әр пәтердің есігін соғып, поштаны тапсыруға мәжбүр болады. Мұны үнемі уақытында жүзеге асыру мүмкін бола бермейді. Өйткені тұрғындардың көбі пәтерлерінде күндізгі уақытта бола қоймайды (ересектер жұмыста, балалар мектепте және т.б.). Соның нәтижесінде пошташы жеткізілмеген газеттерді поштаға қайтаруға және келесі күні оларды қайтадан таратуға мәжбүр болады.  

- Пошташыларға наразылықтарыңды айта бастасаң, олар кадрлардың тапшылығына, жұмыстың көптігіне, жалақыларының аздығына шағымдана бастайды. Алайда «Қазпошта» тек несие бермейтіні болмаса, екінші деңгейлі банктерде көрсететін барлық қызмет түрлерін дерлік көрсетеді ғой. Кәсіпорынның осы проблеманы шешуге мүмкіндігі жоқ болғаны ма?

Ақмарал Жылқашева

-Қалада 27 пошталық байланыс бөлімшелері қызмет етеді. Онда 420 қызметкер жұмыс істейді, оның 83-і пошташылар.  Пошташылар шынымен де жетіспейді, алайда облыстық филиалдың олардың штаттық санын өз қолдарымен көбейтуге және олардың жалақыларының мөлшерін көтеруге құзыры жоқ. Өйткені штаттық кесте мен пошта байланысы қызметкерлерінің, соның ішінде пошташылардың жалақы мөлшерін «Қазпошта» АҚ орталық аппараты жасақтап, бекітеді. Бүгінгі күні пошташылардың айлық еңбекақылары  29 783 теңге құрайды. Тіпті штаттық саны болса да бос орындарға орналастыру үшін кадрлар табу мүмкін емес, сондықтан пошташылардың негізгі бөлігін 50-60 жастағы әйелдер құрайды. Жастардың пошташы болуға ниеттері де жоқ. Біз жастарды тартуға әлденеше рет тырыстық, қалалық жұмыспен қамту орталығына сұраныс та жібердік, бірақ олар бірер күн ғана тұрақтайды. Мәселен, өткен жылы Жұмыспен қамту орталығынан бізге екі қызды жіберген. Тәжірибелі пошташылар оларға екі күн пошта тарату бағыттарын көрсетіп, пошта беру ережелерімен таныстырып, үшінші күні мерзімді басылымдарды таратуға қыздардың өздерін жіберген болатын. Ал олар жоқ боп кетті: пошта таратпаған, кейін оларды бөлімшеге қайтармаған, содан кейін жұмысқа да шықпаған. Газеттер мен журналдарды қайтару үшін оларды іздеп табуға тура келді. Пошташылық жұмысқа бірнеше себептер бойынша құлықсыз барады. Біріншіден, еңбекақы деңгейінің өте төмен болуы, екіншіден, пошташының еңбегі өте ауыр, көптеген көп қабатты үйлерде, әсіресе, 9 және 16 қабатты үйлерде лифті жоқ немесе олар жұмыс істемейді. Үшіншіден, жеке секторлар мен коттедж аудандарына қызмет көрсету өте қиын; көше атаулары мен үй нөмірлері көрсетілмеген боп жатады. Қайта салынып жатқан аудандардағы жеке секторлардың үйлерінің нөмірлері қайталанып келетін жағдайлар болады. Бұдан басқа қызметкерлерімізді қожайындары бос қоя берген иттер әлденеше рет қауып алған болатын.

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН ХАБАРЛАМА

- 1 қазанда мен №8 пошта бөлімшесінен Салық басқармасының мекен-жайына тапсырыс арқылы хабарлама хат жолдағанмын. Бір ай ішінде, нақтырақ айтсам 11-ші қарашада сіздердің мекен-жайларыңызға хат жібердім, сіздердің қызметкерлеріңіз тіркеу жүргізбеді, тек қолдарын қойып алды. Хатқа көрсетілген қызметтерге төлем төленгендігі жөніндегі түбіртек жалғанған болатын. Содан бері, міне, тағы бір ай өтті, бірақ, мен әлі хабарламаны да, сіздердің жауаптарыңызды да алғаным жоқ. Менің әлі күнге дейін хабарламаны неліктен ала алмай отырғандығымның себебін анықтап, түсіндіріп берулеріңізді сұраймын.

Тамара Сорокина

- Т.А.Сорокинаның тапсырыс арқылы жіберілген №RR063558997KZ хабарлама хатын іздестіру жөніндегі хаты Атырау облыстық филиалына түсті және ол 2010 жылдың 11.11 күні тіркелді. Тапсырыс арқылы жіберілген хат №8 пошта бөлімшесіне 2010 жылдың 1 қазанында қабылданған, алайда, оператордың мұқиятсыздығынан хабарлама тапсырыс арқылы жіберілетін хат салынған конвертке дұрыс жалғанбай қалған, соның нәтижесінде хат Салық басқармасына хабарламасыз түскен. №RR063558997KZ тапсырыс арқылы жіберілген хат Салық комитетінің бас маманы У.Шаядиноваға 2010 жылдың 4 қазаны күні тапсырылған. Т.А Сорокинадан телефон арқылы кешірім сұралған. Қайтадан хабарлама жасалған және оның жеткізілгендігі туралы белгі соғылатын болады.

- Мен тапсырыстарды интернет-дүкендерден жасаймын. Бірнеше рет стандартты жеткізу қызметін «Қазпошта» арқылы төледім. Жіберген бес сәлемдемемнің тек біреуі ғана маған жетті. Қалғандарының барлығын жоғалған деп таныды. Қолыма тигеннің өзі де ашылған болып шықты, ішіндегі үш зат жетіспеді. Пошташы маған пакетті берді де, менің алғандығым туралы қол қойдырмастан кете барды. Енді маған тапсырыстарымның жеткізілуін қымбаттау тұратын жедел-пошта арқылы жасауыма тура келіп тұр. Менің Ресейдегі, Украинадағы таныстарымды мемлекеттік поштаға қатысты мұндай проблемалар мазаламайды. Қашан біз «Қазпошта» арқылы сәлемдемелерді еш қорқынышсыз жіберіп, ала алатын болады екенбіз?

Айсұлу Қалмұрзиева

- Күні бүгінге дейінсәлемдемелердің жеткізілуі  немесе заттардың жетіспеушілігі бойынша бірде-бір шағым түспеген болатын. Заттарыңыздың жетіспегенін көрген кезде бірден өздеріңізге қызмет көрсететін пошта бөлімшесіне немесе облыстық филиалға хабарласуыңыз керек еді. Біріншіден, сәлемдемелер жайдан-жай жоғалып кетпейді және тиісті іс-әрекеттер жүргізілмейінше оны жоғалған деп тануға ешкімнің құқығы жоқ. Жоғалған жағдайда сіз сәлемдемелерді іздестіру бойынша жазбаша арыз арқылы шағымдануыңыз керек. Қолға тимеген тіркелген пошталық жіберілімді  іздестіру жөніндегі арыз, жекелеп алғанда, сәлемдемелер алты ай ішінде, яғни, жіберілгеннен кейінгі күннен бастап есептеледі. Түбіртек көшірмесі жалғанған арыз-шағымда мыналар көрсетілуі керек: поштамен жіберу түрі; түбіртек нөмірі; қабылдау орыны мен уақыты; баратын жері; құндылығы; мекен-жайы және сәлемдеме жіберілетін адамның толық дерегі. Қолға тимеген сәлемдемеге қатысты шағымда орамасының түрі, тізбесі және салынған заттардың құны көрсетіледі.

Екіншіден, сәлемдемелерді пошташылар үйге әкелмейді. Міндетті тәртіп бойынша сіз хабарлама алғаннан кейін поштаға сәлемдемеңізді алу үшін келуге тиістісіз. Сәлемдемелерді жіберілген адамдарының қолына өндірістік нысандарда ғана беру жүргізіледі. Сәлемдемелерді үйге пошташылар сәлемдеме жіберушінің өтініші бойынша, яғни, көрсетілген қызметіне ақы төлеу арқылы жеткізеді. Сәлемдемелерді беру Пошта ережелеріне сәйкесті құжаттарының (жеке бас куәлігі, төлқұжат, әскери қызметкерлер үшін әскери билет) біреуін ұсыну барысында, хабарламаның сыртқы бетіне қол қою арқылы беріледі. Сәлемдемені берер алдында пошта бөлімшесінің қызметкері сәлемдеме алушының және тексеруші тұлғаның (болған жағдайда) қатысуымен:

-хабарламадағы көрсетілген деректерді салыстыруға;

-сәлемдемені өлшеуге, сәлемдеменің іс жүзіндегі салмағы мен затбелгідегі көрсетілген салмағын тексеру (үйге жеткізу барысында мүмкін болмайтын);

- сәлемдеменің қаптамасын мұқият қарау;

 - хабарламадағы көрсетілген мәліметтерді ұсынылып отырған құжаттардағы мәліметтермен салыстыру, хабарламада алушының қолының болуы;

 - хабарламаға сәлемдеменің берілгендігі туралы белгі соғуға, күнін жазып, қолын қоюға міндетті.

Салмағы кем сәлемдеменің келуі барысында ол жіберілген адамға тексеруші тұлғаның қатысуымен келген затты тексеру және ф.51 актісін 3 дана етіп толтыру барысында   беріледі. 51 формадағы акттің бір данасы тексеру  және кінәлі деген тұлғаларды  анықтау үшін жоғары сатыдағы бөлімшелерге жолданады. Сіз бізге өзіңіздің сәлемдемелеріңіз жоғалған бөлімшені және үйіңізге сәлемдемені жеткізген пошташы туралы мәліметтер көрсетілген  жазбаша шағымыңызды жолдай аласыз. Біз міндетті түрде ол мәселемен айналысатын боламыз.  Бұл өте сирек орын алатын жағдай, біздің өзіміз де оны, яғни, Қазпошта атына кір келтіріп жүрген тұлғаларды анықтауға құлықты болып отырмыз. Біз қашанда сіздерге қызмет көрсетуге дайынбыз.

- Мен соңғы рет сәлемдеме жіберуге барғанымда, маған оны поштаға жіберуге тыйым салынатын заттар тізбесі жазылатын болғандықтан ашық алып келу керектігін айтқан еді. Бұл ереже бүгінгі күні де өз күшінде ме?

- Қолданыстағы ережеге сәйкесті пошта қызметкерлері сәлемдеме ішіндегілерін тексеруге тиісті. Сәлемдеме арқылы жіберілмейтін нақты бір заттар тізбесі бар:  жарылғыш заттар, тез бұзылатын азық-түліктер және тағы басқалар. Дәрі-дәрмектерді сертификаттары мен фискальдық чектары болған жағдайда жіберуге болады. Қара балық түрлерін чексіз, ал, бекіре тұқымдастарды тек құжаттар арқылы жіберуге болады. 

- Бұрын қалада хаттарды сала қоятын пошта жәшіктері көп болатын. Жақында бір хат жібермек болып жәшікті әрең дегенде таптым. Оған не себеп?

- Пошта жәшіктері әдетте адамдар көп орналасқан жерлерге және пошта бөлімшелерінен қашық емес жерлерге орналастырылады. Біздің қалада жәшіктер аз орнатылған жоқ. Оларды үнемі сындырып кетіп жатады. Олар арнаулы үлгі бойынша құрастырылған: оларды кілтпен аша алмайсың, арнаулы механизм поштаны қапқа салып алуға және қайтадан жәшікті жабуға  мүмкіндік береді. Жәшікті ашқаннан кейін механизмді қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Дегенмен, соңғы уақыттарда халық жәшіктерді аса белсенді қолдана қойған жоқ. Адамдар негізінен хатты бірден поштаға әкеледі. Оның үстіне жеке тұлғалардың бір-бірімен хабар алысуы ұялы және интерактивті байланыстардың дамуымен азайып та кетті. Сараптама барлық жазбаша хат-хабарлардың 97-98 пайызын заңды тұлғалардың алып отырғандығыны көрсетті. Айтпақшы, хат жіберушілер туралы айтқанда көптеген жіберушілер конверттерді дұрыс толтырмайды. Қазір конверттің сол жақ жоғарғы бөлігіне хат жіберушінің мәліметтерін көрсету керек. Ал, оң жағының төменгі бөлігіне алушының мәліметтері жазылады. Дұрыс толтырылмаған хат клиентке кері қайтарылады.

 

ПОШТА ЖӘШІКТЕРІН ПИК-НЕН ТАЛАП ЕТІҢІЗДЕР

- Бірнеше жыл бұрын Қазпошта бүлдіруге төзімді пошта жәшіктерін орнату идеясын ұсынған болатын, бірақ, халық бұл идеяны қолдамады. Бүгінгі күні Атыраудың көптеген көп қабатты үйлеріне домофондар орнатылған. Бәлкім, сол жәшіктерге енді оларды аулаларда емес, подъездерге орнатып, қайтадан оралуға болатын болар?!

 Асқар Қисметов

- Өткен жылдың ортасына қарай, нақтырақ айтсақ, 8 шілдеде ҚР «Тұрғын үй-коммуналдық саланың мәселелері жөніндегі ҚР кейбір заң актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заңымен абоненттік пошта жәшіктері жалпы үлестік меншік құқығына ие пәтер иелеріне тиісті кондоминиум нысандарының жалпы мүлкінің бөлігі деп белгіленген болатын.  ҚР Премьер-министрінің кеңсе басшысы облыс әкімдеріне абоненттік пошта жәшіктерін ұстауға тиісті тапсырмаларын берген еді. Жекелеп алғанда, әкімдерге «Қазпошта» АҚ филиалдарымен және кондоминиум ассоциациясымен бірлесе отырып ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңын, оның ішінде абоненттік жәшіктерді қамтуды пәтер иелері кооперативтерінің ұстауын жақсартуды жүзеге асыру бойынша 2010-2012 жылдарға арналған орташа мерзімдегі жоспар шараларын жасақтап, жүзеге асыру тапсырылған болатын. Әкімдік «Қазпоштамен» бірлесе отырып, облысты және қаланы абоненттік жәшіктермен қамтамсыз ету бағдарламасын жасақтады. Алайда, ПИК әзірге үнсіз. 2005 жылы біз қала әкімі мен «Қазпоштаға» тұрғын үйді пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссия құрамына енгізу туралы хат жаздық. Содан бері құрылысшылар жаңа нысандарды тапсыру барысында бізге («бегунок» бойынша) қол қойдыруға келеді. Әрине, бұл жағдайда алдымен бізді подъездерде абоненттік жәшіктердің бар екендігі алаңдататын еді. Бірақ, бұл талапты  барлық құрылыс ұйымдары сақтамайды. Мәселен, Алмагүл ықшам ауданында 24 үй пайдалануға берілген болса, бізге қол қойдырту үшін ешкім де келген жоқ.

- Индер ауданындағы Жарсуат селосында осыдан екі жыл бұрын салынған жаңа пошта бөлімшесінің ғимараты бар, онда жылу жоқ. Мен жылу жүргізу жобасының дайындалып жатқандығын естіп, білдім. Содан бері де бір жыл өтті, жылу әлі жоқ.

 Өтеп Нуриев

- Иә, шынында да Жарсуатта осыдан екі жыл бұрын жаңа пошта бөлімшесі салынған болатын. Құрылысы кезінде оны газбен жылыту қарастырылған еді. 2009-2010 жылдың жылу беру маусымы ішінде бөлімшеде жылу болды, халықтан ешқандай да шағым түскен жоқ. Үстіміздегі жылдың жылу беру маусымы кезеңінде Жарсуат пошта бөлімшесіне жылу беріліп, жұмыс істеп тұрды. Кейін жылыту қазанының ақауына байланысты жылу беру тоқталған болатын. Істен шыққан жылыту қазанының бөлшегіне тапсырыс берілген еді, алайда, оны іске қосу әзірге мүмкін бола қоймады. Осыған байланысты біз жаңа жылыту қазанын сатып алуға шешім қабылдадық. Бұны жедел орната қою мүмкін емес, өйткені, оны іске қосу орталық аппарат арқылы жүзеге асырылмақ. Дегенмен, жылу қазандары таяу арада сатып алынып, орнатылатын болады.

- Біз Торговая база ауданында тұрамыз. Біздің пошта бөлімшеміздің қызмет көрсету аясы шамадан тыс деуге болады, ол әсіресе зейнетақы беретін күндері байқалып қалады. Пошта қызметкерлері біздің ауданда жаңа бөлімше ашылуы тиіс деген еді. Ол қашан ашылмақшы? Менің апам Алмагүл-2 ықшам ауданынан пәтер алған болатын, оларда пошта бөлімшелері атымен жоқ.

Ислам Төлеушев

- БізЛесхоз, Алмагүл-1, Сары Арқа және Торговая база аудандарында қосымша пошта бөлімшелерін ашуды жоспарлаған болатынбыз, өйткені, №9,27,11және 5-ші байланыс бөлімшелерінде қызмет көрсететін адамдар саны 25 000 адамға дейін артып отыр, ал норматив бойынша әрбір бөлімше 10 мыңнана аса  адамға қызмет көрсетуге тиісті. Алайда, оларды орналастыратын ғимараттардың жоқтығына байланысты бұл шаралар жүзеге аспай қалды. Мұндай жағдай жаңа салынып жатқан ықшам аудандар мен коттеджді қалашықтарда, мәселен, Нұрсая-1, Нұрсая-2, Алмагүл-2, Жұлдыз және Балауса аудандарында да орын алыр отыр. Қазір жоғарыда аталған жаңа аудандар мен учаскелерде байланыс бөлімшелері үшін жалпы алаңы 100 шаршы метр болатын тұрғын үй емес жайларды «Қазпошта» АҚ-на жалға беру жөніндегі мәселені шешудің аса қажеттілігі туындап тұр. Атырау облыстық филиалының басшылығы осы мәселе бойынша қалалық әкімдікке шыққан болатын. Мәселе әзірге шешімін таба қойған жоқ.  

- Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазпошта» АҚ айналымға Атырау қаласының таңбасы бар пошта маркасын енгізген еді, жергілікті тақырыпқа байланысты келесі бір марка қашан шықпақшы және онда не бейнеленетін болады?

Мұрат Иманбаев

- 2008 жылы 26 желтоқсанда «Қазақстан қалаларының таңбалары» сериясынан Атырау қаласының белгісі бейнеленген стандартты пошта маркасын шығару жүзеге асырылып, салтанатты түрде рәсімдеу шарасы жүргізілді. Қазақстан қалары таңбаларына арналған маркалар өте танымал, оны қазақстандық филателистер көптеп сатып алады. Оның үстіне әрбір қала үшін оның өзінің таңбасы бейнеленіп шыққан маркалар үлкен жетістік болып табылады және ол қаланың тарихына ғана емес барша Қазақстан тарихында қалады. Маркінің таралымы 4 миллионды құрады. Олар  «Белорусский Дом печати» басылымынан басылды. Безендіруші– Михаил Лихобабин болды. Жергілікті тақырыпқа орай келесі маркіні шығару 2012 жылға жоспарланып отыр. Ол Сарайшықтың 1000 жылдығынан арналады. Маркаларды жинау әлемде бірінші орында тұр, құрылықтың әрбір 15-ші тұрғыны филателист болып табылады. Қазақстан поштасы ТМД елдері арасында мемлекеттік пошталық төлемдер белгілерін шығару жөніндегі маркаларын  өздерінің мамандандырылған бөлімшелерін құрған алғашқылардың бірі болды.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

Сурет В. Истоминдікі

15 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.