Атырау, 17 сәуір 00:11
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

Атыраулық трио Голландияда концерт берді

4 698 просмотра

Атырауда сегіз жылдан бері прима қобыз, фортепиано және валторна музыкалық аспаптарынан құралған ерекше трио жұмыс істейді. Ол әлі ресми түрде тіркелмегенмен өз тыңдармандары бар топқа айналды. Арасында  валторна аспабында ойнайтын музыкант «Теңізшевройл» компаниясында құрылыс жөніндегі инженері голландиялық  Ник ТОМАС бар. Жақында ол өз әріптестерімен бірге сол бір қызғалдақтар еліне барып көңілдерге көктем әуенін ұялатқан классикаға толы концерт беріп келді.

Ерекше трионы құру да осы  Ник Томастың идеясы екен. Оның Атырауға жұмыс сапары 2001 жылы басталып еді. Өмірін музыкасыз елестете алмайтын ол 2002 жылы облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияда өткен концерттерден қалмауға тырысып, тұрақты көрермені болуға айналды. Сондай бір күндері қобызшы Гүлмира Қуанышбаеваның «Нарын» фольклорлық оркестрінің сүймелдеуімен шығармалар орындап отырғанын көреді. Сол концерттен кейін Ник Гүлмираны тауып алып, оған көптен бері топ құру ойында жүргенін айтып, бірге ойнауға шақырады. Кейін Гүлмираға қаладан жақсы фортепианошы табылса, үшеу болып ойнауға ой тастайды. Сол кезде Гүлмира өзі танитын талантты  фортепианошы Елена Войтованы Никпен таныстырады. Осы сәттен бастап, олар үшеуінің жан қалауы үндескен бір топ болып шыға келеді. Осылайша музыка әлемін бірге бағындыруды көздеген топ, өз репертуарларына тек қана күрделі классикалық шығармаларды қосуды жөн санайды. Олардың ең алғашқы орындаған шығармасы да өте күрделі – Брамстың триосы. 

- Біздің репертуарымыз бай. Біз жеңіл шығармаларға барғымыз келмейді. Себебі, күрделі шығармалар музыканттың өсуіне жақсы. Әрі бір топта болғанның өзі сенің әрбір қадамыңның қалт кеткенін түзеуге игі ықпал етеді. Қазақ және Еуропа классиктерінің музыкаларын репертуарымызға енгіздік. Олардың қатарында Мендельсонның триосы, Бетховен де бар. Оның үстіне, біздің қазіргі үш аспаптың басы біріккен топқа арналып жазылған шығармалар жоқ. Біз скрипка, фортепиано, виолончельге арналған музыканы қобыз, фортепиано, валторнаға алмастырып ойнаймыз, - дейді Елена.

Бүгінде олар филармонияда, «Ренессанс» қонақ үйінде концерт беріп, «Шеврон» компаниясының шақыртуымен өнерлерін паш етіп жүр. Кейде оларды американдық қалашыққа да шақырады. Осындай концерттердің бірінде бұдан екі жыл бұрын «Witteveen+Bos» компаниясының өкілдері қатысып отырып, трионың өнеріне риза болады. Сонда-ақ бұл трионы компанияның он жылдығына екі жыл бұрын шақырады. Және сөздерінде тұрады. Музыканттар Голландияның көрермен мәдениетінен ерекше әсер алып қайтты. Бұрын олар жұмыстан кейін кешкі сағат жетіден онға дейін Никтің үйінде жиналып дайындалатын. Әсіресе, концерттерге шақырғанда жиі бас қосатын. Өкінішке орай, қазір Никтің жұмыс орны қаладан Теңіз кенішіне ауысқалы, олар үшеуі бірге жиналуды сиреткен. Бірақ, мамыр айының соңында Теңізге барып, жұмысшылар алдында  концерт беруді жоспарлап отыр.

 «Никтің қолынан келмейтіні жоқ. Ол әлемнің көптеген елінде тұрып көрген. Өзі сегіз түрлі тіл біледі. Оның сүйікті ісі өте көп. Соның бірі – музыка. Ол әуесқой музыкант болғанымен, блокфлейта, фагот, саксофон, валторна секілді төрт түрлі үрмелі мыс және ағаш аспаптарында шебер ойнайды», дейді трио құрамындағы әріптестері прима қобызшы Гүлмира ҚУАНЫШБАЕВА мен фортепианошы Елена ВОЙТОВА.

Гүлмира мен Елена - кәсіпқой музыканттар. Гүлмира «Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінде, ал Елена Құрманғазы атындағы облыстық саз мектебінде сабақ береді. Сондай-ақ, екеуі де қосымша Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда жұмыс істейді. Олар Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны бітірген.

Голландияның Амстердамдағы ең ескі қаласы Девентердегі гала-концерт - «Witteveen+Bos» компаниясының Қазақстанда жұмыс істегеніне 10 жыл толуына орай өткізілген мерейтой болатын. Атыраулық өнер өкілдерінің жол шығыны мен жатын орынына қаржылай демеушілік білдірген де осы компания. Бұл жалпы құрылыс түрлерін жобалаумен айналысатын ірі компаниялардың бірі. Голландияда болып қайтқан атыраулық музыканттар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп қайтқандарына дән риза. «Ондағы халықтың жоғары классиканы қабылдауы мүлдем бөлек» деген трио мүшелері салтанатты шарада екі сағат бойы Қазақстан туралы таныстырылым фильмдері көрсетілгенін айтады. Осы шараға қатысқан Нидерландыдағы Қазақстан елшісі Майнура МҰРЗАМАДИЕВА болса, таяуда өткен президент сайлауына қазақстандықтардың бір кісідей атсалысқанын әңгімелеп, еліміздің қалай дамып келе жатқандығын сөз еткен.  

- Біз концертке Қазақстаннан арнайы шақырылдық. Біздің елден өнер көрсеткен басқа ешкім болған жоқ. Компания өкілдері бізден қазақ композиторларының шығармаларын орындауымызды сұрады. Мен пианинода композитор Тілес Қажығалиевтің «Прилюдие» шығармасын орындадым. Кейін Гүлмира қобызда композитор Евгений Брусиловскийдің «Боз айғыр» шығармасын ойнап берді. Ал Никпен бірге үшеуміз қосылып, Моцарттың үш бөлімнен тұратын 25 минуттік шығармасын орындадық. Девентер қаласындағы театрға жиналған көрерменнің ілтипаты айрықша білінді, - дейді фортепианошы Елена.

Ал қобызшы Гүлмира болса, концертке Голландияда тұрып жатқан қазақтардың да келгенін айтады. Олардың ішінде негізінен, елшілікте жұмыс істейтіндері мен Голландия азаматтарына тұрмысқа шыққан қарагөз қыздарымыз.

- Біздің көрермен күрделі классикалық шығармаларды тыңдауға үйренбеген. Сондықтан біз көбіне шетелдіктер алдында ойнаймыз. Біз жергілікті театрда үлкен концерт беруді де ойлаймыз. Бірақ, әзірге филармония залы да жетіп жатыр» деген трио мүшелері Никтің қалаға қарай келгенін тәуір көріп отыр.

Ал біз бұл өнер иелеріне қазіргі композиторларымыз қобыз, фортепиано, валторнаға арнап күрделі шығарма жазса деген тілек білдіреміз. Сонымен бірге, аталмыш трионың репертуарындағы шығармалар арнайы дискіге жазылса құба-құп болар еді.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

11 мамыр 2011, 21:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.