Атырау, 19 сәуір 13:23
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Сарыөзек аралы

7 134 просмотра

Қала маңындағы Сарыөзек ауылына барсаңыз, өткен дәуірге түсіп кеткендей боласыз: мұнда жол, көше шамдары, дүкендер, тіпті қалалық тұрғын үй массивтеріне тән қандайма бір инфрақұрылымдардың атауы да жоқ, болған емес, ал 5 шақырым жерде орналасқан қала орталығымен арасын солқылдақ көпірше бөліп тұр.

Түрлі қалыңдықтағы ескі тақтайлардан қағылған, көпір таянышының орнына ұзына бойына сым тартқан, Қара өзектен өтетін тар аспалы жүргінші көпіршесі жанкешті саяхатшылар туралы фильмдердегі көрініс сияқты. Әбден тозған құрылғы қазір құлап кететіндей сенімсіз көрініп, үстіне шығуға дәтім бармады. Жақында осы жерден бір адам құлап, суға кеткенін естігенде, тағдырмен ойнау дұрыс болмас деп шештім. - Бірнеше жыл бұрын бір бала осылайша мерт болды, - дейді осы «далада қалған» ауылдың тұрғыны Әли. Бұл көпірмен жұмысқа, дүкенге, дәрігерге немесе қонаққа бару үшін тек ересектер ғана күніне екі өтпейді екен, сондай-ақ, балалар да қылкөпірде тағдырын сынайды: ауылда мектеп жоқ, сондықтан да балалар қалаға барып оқиды, ал қоғамдық көлік аялдамасы – арғы бетте. Жергілікті тұрғындардың жүрегін қатал тіршілік қатайтқан шығар, ал мен 6 жасар баланың ымыртта сөмкесін арқалап, осы көпірден өтіп бара жатқанын ойласам, үйренбегесін болар, денем түршігеді. Әли айтқандай, өзек суының тереңдігі метрден аспаса да, шыны бөтелкелер, құбырлар және басқа да түрлі қоқыс жиналған «тұңғиық» өз құрбанын тірі жібермес.

Бес жыл бұрын бұл құрылғы үлкен «өзгеріске» ұшырады. Суға батқан көпір үстінен жүруден шаршаған тұрғындар шама-шарқыларынша ақша жинап, «қайта жаңғыртуды» қаржыландырды: Өзек түбіне темір құбыр қағып, көпірдің жүргіншілер жүрер бөлігін судан көтеріп, іліп қойды.

- Бұрын шалбарымыздың балағын тізеге дейін түріп өтетінбіз, - дейді Әли. - Қазір, құрғақ кезде, ондай қауіпті емес, ал жаңбыр басталса, қиындық сол кезде болады: кез келген уақытта аяғың тайып, төменге құлап кетуің мүмкін.

Көпірден құлап, суға кеткен ересек адам осылайша мерт болған. Құлағанын көрген адам жоқ, алайда адамдар ол құлап барып, су астында көрінбей жатқан қатты затқа басын соғып, есінен танып қалған деп жорамалдайды.

Адамдардың еш таңдауы жоқ – ауылды айналып өтіп, сол көпір алып баратын трассаға шығаратын шоқалақты жолды тек жолсызбен жүретін көліктері барлар ғана пайдалана алады, алайда балшықта олар да құтқармайды.

Қалай дегенмен де, кезінде тек саяжай ретінде пайдаланылған жерлерде құрылыстар қызу жүріп жатыр: әр жерде жаңадан салынған үйлер, алайда ешқандай сәулет ережелеріне қиыспайтын құрылыстар бейберекетсіздік пен бассыздықты еске салады. Ауылда билік бар – ол қағаз жүзінде Еркінқала селолық округіне қарайды.

- Барлық деңгейдегі әкімдер тек көпір туралы ғана емес, сондай-ақ, біздің барлық мұқтаждықтарымыз жайлы жақсы біледі. Бүкіл бір ауылға, ал мұнда 150-ге жуық үй бар, бір трансформатор, - дейді Әли.– Кешке қарай үйдегі жарықты көрсеңіз, май шаммен отырғандай, сығырайып тұрады, ал жолдың қандай екенін өзіңіз көріп тұрсыз.

Шынымен де, қалалық әкімдікте «Сарыөзек» сөзін айта бастағанда-ақ, «Сіз көпір туралы сұрап тұрсыз ба?» деп, былай деп жауап берді:

- «Здоровье» саяжай қоғамы (бұл аудан ресми түрде осылай аталады – З.Б.) үшін жаңа көпір мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуды жобалауға конкурс өткізілді. Жеңімпаз – «Атырауземпроект» ЖШС – қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп жатыр, - деді қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ.

- «Инженерлік-коммуни-кациялық инфрақұрылымға» нелер кіреді?

- Жол, электр қуаты, сумен қамту, жобасыз тартылған газ – барлығы ретке келтірілетін болады. Ауылдың басты проблемасы – бұл өз беттерінше құрылыс салу. Ол ауданнан ешкімге жеке тұрғын үй салуға жер берілген жоқ.

ЖСҚ бекітілгеннен кейін (әкімдік құжаттарды жыл соңына дейін аламыз деп отыр), мемлекеттік сараптама оң қорытындысын берсе, қалалық бюджеттен жобаны қаржыландыруға ақша сұраймыз.

- Егер депутаттар қаржыландыруды бекітсе, жұмыстарды келесі жылы бастап кетеміз, - дейді Қарағаев.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

28 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.