Атырау, 20 сәуір 14:11
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Бортмеханик Ингильдиевтің ерлігі

3 133 просмотра

…1935 жылдың қарашасында Гурьевтің үстінде бұрын соңды  ешкім көрмеген үш құс пайда болды. Дәп бір қанатын кеңге жайған, арқасында екі метрлік қабыршақты, тісті аллигаторға ұқсас әлдебір ұшатын алып қолтырауын дерсіз! Оның жасыл бүйірінде де, қанатында да «Крокодил» деген жазулар бар. Қаланың үстімен үш рет айналып ұшқан ұшақтар аэродромға қонды.

- Гурьев аэродромы ол кезде СПМ-136 ауданында орналасты,-деп еске алады Ұлы Отан соғысының ардагері Шафхат ИНГИЛЬДИЕВ. Бүгінде оның жасы 94-те, ал, 1935 жылы ол жас, күш-қайраты мол жігіт еді. Сол күні он сегіз жастағы Шафхат әкесімен бірге моншаға барғалы жатқан. «Біз моншаға бармастан кеттік,-деп есіне алды менің әңгімелесушім. –Қайдан барасың?! Барлығы да өз жұмыстарын тастап, осынау ғажайып эскадрильяны көруге асықты. Артынан олардың Бакуге мұнайшыларды алып бара жатқандығы белгілі болды. Сәлден соң ұшқыштар ұшуға дайындала бастады. Осынау бір маторлы машинаны іске қосу үшін, яғни бұранданы айналдыру барысында қолмен қыздырылатын болғандықтан көп күш керек болатын. Сондықтан да мені және басқа бірнеше адамды көмекшілер есебінде шақырды. Ұшқыштардың бірі маған: «Ей, жігітім, ұшаққа отырғың келе ме?»,-деп сұрады. Әрине, одан кім бас тартсын. Сөйтіп маған нағыз ұшқыштың бас киімін, көзілдірігін кигізді. Сол кезде менен асқан бақытты адам жоқ еді.

Бұл ұшақтың жоғарғы жағы жоқ, тек ұшқышты желден қорғайтын шыны түстес пластмасса қалқан ғана болған. Қарсы соққан ауа легімен тынысымыз бітіп қалды. Жүрек болса кеудеден шығып кететіндей. Шафхат өзінің көңілі тасығанынан біресе өліп, біресе тірілгендей күй кешті. Сол кездегі еркіндік сезімі мен масаттану оның есінде әлі де бәсеңдемеген. Ол сол кездегі ұшқан сәтін ұсақ-түйегіне дейін ұмытпаған. Ұшақтан төменге қараған кездегі Жайық, кішкене үйлер мен шаршы егіс алаңдары көз алдында. Және оның жүзінен күлкі кетпеді. Бір сәтте ол өзінің күліп отырғанын байқады. «Бұл бір керемет болып еді...- деп еске алады Шафхат Әлиұлы, оның келбетінен жеңіл күлкінің ізі байқалды. –шынында, керемет...»

Оның өмірі мен тағдыры сол күні айқындалғандай болды. Кім болам? Тек ұшқыш болам! Үш жыл қатарынан жолы болмай жүріп, 1939 жылы Читинск кіші әуе құрылысшылары әскери мектебіне оқуға түсті. 41-ші жылдың 22 маусымында соғыс басталды. Курсант Ингельдинов өз полкінің құрамымен Краснодон қаласына қарай қозғалды. Сол кезде ол өз казармасына дәл төрт жылдан соң қайта оралатынын білмеді. Тек ол емес, онымен бірге оқитын тағы да бес адам оралды.

ҰШЫ-ҚИЫРСЫЗ БИІКТІК

«1941 жылдың 7 шілдесі. Дәл сол күні мен алғаш рет немістерді бомбыладым. Біздің ауыр жәй қозғалатын бомба тасушы ТБ-3 ұшағына (жылдамдығы 120 км/сағаттан аспайтын) алғашқыда қарсыластар күліп жүрді. Уақыт өте келе осы ТБ-3 ұшағын басып алу үшін немістер жақсы дайындалған түнгі истребительдерді түсірді. Ұшақ көздеген нысанаға жеткенше ауада ілініп қалғандай жәй қозғалады,

содан соң «тоқтайды да» көздеген жерге өзіне бағытталған оққа қарамастан бомбаны тастап жібереді. Барлығы бомбалаушы экипажда 8 адам болды. Екі ұшқыш, екі бортмеханик, оның біреуі мен, екі атқыш, радист және штурман. Алғашқы әскери ұшу алдында мен қатты қобалжыдым. Алайда, ұшып көтерілген соң қобалжығанымды ұмытып кеттім, тіпті, оны ойлайтын да мұрша болмай қалды. Өз жұмысыңды жасауға тура келді. Краснодоннан майдан шебіне дейін 250 шақырым болатын. Біз қалай ұшып келдік, оны көзбен шолуға болатын еді. Түзу емес сызық желісіндей екі жақтан  түйіскен автоматтардың жарқылы. Майдан шебі осы болатын. Мен өзіміздің ТБ-3 ұшағынан қарадым, менің көз алдымда екі метрдей жерден зенит снарядтары жарылып жатты. Жау колонналарын жою барысында бомбылау 700-1000 метр биіктіктен жүргізілді. Әрине, мұндай биіктіктегі біздің бомбылаушыларымыз неміс зенитшілеріне қол жетімді болады, бірақ, одан басқа амал жоқ. Аспан төрі алқызыл жібектей дерсіз! Әрбір жарылыс сайын мен теңселіп кетем. Өз сөзімді өзім естімесем де айқайладым. Иә, өте қорқынышты. Көздеген нысанаға жеткен кезде бомбаны тастап, аман-есен өз аэродромымызға оралып келеміз.

Одан кейін де ұшқан кездерде қорқыныш билеп жүрді. Тағы да жұмысым құтқарды. Мен бортмеханик ретінде қозғалтқыш пен мотордың қалай жұмыс істеп тұрғандығын әрбір жарты сағат сайын тексеріп тұруға міндетті болдым. ТБ-3 ұшақтарының көпшілігінде ішкі байланыс жүйесі болған жоқ, тіпті, сөйлесудің өзі мүмкін емес. Ешкім ешкімді естімейтін. Сондықтан да егер бәрі қалыпты болса, онда мен бас бармақты жоғарға көтеретінмін. Егер дұрыс болмаса, керісінше болады. Кейде тіпті, ұшып бара жатып та жөндейтін кезіміз болды. Егер дұрыс болмаған жағдайда ауада үлкен жарылыс болады, өйткені, ұшақ бортында 24 бомбы бар.

ТБ-3 ұшағында бортмеханик болып жұмыс істей жүріп, мен 46 жауынгерлік тапсырмамен ұштым және 200 жедел ұшып өту операцияларына қатыстым. Жалпы әуе шабуылы-1470 сағат. Бұл бәлкім, біреулер үшін жәй ғана цифрлар болуы мүмкін, ал мен үшін ол өмірімнің бір бөлшегі.

Бірде өз бомбымызға өзіміз жарылатындай жағдай болды. Көздеген нысанаға жеттік, штурман команда береді де люк ашылады, бомбының жоғарғы қабаты төменгісіне түсе бастайды, ал, төменгі бомбыны ұстағыш ілді де қалды. Біздерге бомбыдан қолмен әрекет ете отырып құтылудың сәті түсті, сөйтіп, бір құдай сақтады. Сол кезде бәрі де періштелерің аман сақтап қалды деген еді.

«МӘСКЕУДІ СІБІРЛІКТЕР МЕН ЗОРГЕ ҚҰТҚАРДЫ»

Біздер 1941 жылы қазан айында Мичуринскіге келіп орналастық. Менің ойымша дәл сол кездегі жағдай соғыс жылдарындағы ең ауыр кезең болған сияқты. Немістер Мәскеуден қырық-ақ шақырым жерде болды. Күндіз-түні бомбылады. Біздің экипажымыз ол жерге машинамен барып тұрды, сол кездегі жағдайды өз көзіммен көрдім. Бұл өте адам төзгісіз еді.

15 қазанда Мәскеуді эвакуациялау басталды. Қаладан үкімет пен қорғаныс мақсатындағы кәсіпорындарда жасайтындардан басқа халық көшірілуі тиіс болды. Қалған тұрғындар болса, майдандағы Қызыл Армияның жағдайын үнемі сұрап отыратын. Мәскеуде билік басындағылар қашып кетті, қала қорғансыз қалды, фашистер болса қалаға кірмекші деген алып-қашпа әңгіме гулеп кетті. Дүрбелең басталды. Мыңдаған адамдар дүкендер мен қоймаларды тонады. Дүрбелеңнің салдарынан бұзақылық, талаушылық, тонаушылық туды. Сталин ондай адамдарды атуға тапсырма берді. Ал, біз бортмеханиктер Мичуринскіде ұшақтарды жөндеп, әрбір сағат сайын Мәскеудің тірі екендігін есту үшін радионы қосатын болдық. Радионы қосқан сайын демімізді ішке тартып, «сөйлеп тұрған Москва» дегеннен кейін ғана кең тыныстайтынбыз. Ол тірі.

Алайда, Зорге жарады. Жақсы тыңшы. 1941 жылдың күзінде ол Сталинге Жапонияның Кеңес Одағына қарсы соғысқа қатыспайтындығы туралы хабарлаған еді. Сол кезде Сталин шалғай шығыс шекарадағы ондаған дивизияларды Мәскеу түбіне әкеп төкті. Осылайша ол стратегиялық жағдайды біздің пайдамызға шешті. Ақ тон киген ол жігіттер қандай әдемі болды десеңіздерші!?

Сібірліктер ұрысқа шығар алдында былай дейтін: Ал, жігіттер, немістерге Мәскеуді дүрбіден қарауға жол бермейік! Олар келгенге дейін титықтаған біздің әскерлер оларды көріп, қайта тірілгендей болды. Алғы шептегі ақ тон кигендердің артына ілескен олардың көңіл күйі көтерілді. Сол кезде бізге жауды 150 шақырымға кері қуып тастауға мүмкіндік туды. Мәскеуді қорғап қалған солар және Зорге. Мен оған сенімдімін.

МЕНІҢ ЖЕҢІСІМ

…Біз Ландсбергке орналастық. Мақсатымыз Берлинді бомбылау болды. Ол кезде бізді әдеттегі қолданып жүрген емес, арнаулы бомбалармен жабдықтады. Олар күшті жарылатын. Біздің ұшағымыз да басқа болды. Ли-2 деп аталды. Бұл ұшаққа біз өзіміздің ұшақты немістер жарып жібергеннен кейін отырдық». Ал Шафхат Әлиұлы жеңісті Польшаның қаласы Беднарда қарсы алды. Түн. Айнала тыныштық. Шаршаған борттехник Ингельдиев сол түні өзінің тағы бір жолдасымен уақытша деп есептелген аэродромды күзетіп тұрды. Біреуі пулеметте кезекші болды. Ал, екіншісі Шафхат шөп үстіне автоматпен жатты. Күтпеген жерден аспанда кезекті автоматты оқ жауды. Олардың лагерінің жағынан атылды. Тосын жағдайдан күзетшілер өз орындарынан секіріп түсті. Автоматтан кейін пулеметтер атқылай бастады. Түн күнге айналды.  Жер ұшақтардың дауысынан дір-дір етті. «Не болып қалды?- деп түсінбеді күзетшілер. Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс! деген дауыстар Шафхаттың құлағына келді. Ол өз құлағына сенбестен тұраққа қарай жүгіре түсті. Жауынгерлердің жүзінде қуаныш жасы байқалды. Біреуі аспанға қарап айқайға басса, енді бірі бір-бірімен құшақтасып жатты.

- Содан кейін не болды?

- Біз сыра ішуге бардық. Иә, қарғыс атқыр немістің дәмді сырасы. Кейбіреулері арақ ішті. Жалпы айтқанда біздің бәріміз сондай бақытты да, сондай мас та болдық. Сізге оны айтып жеткізу қиын. Көкірігіміз ән салып тұрғандай болды. Барлығын құшақтағың келеді. Жүгіре бергің келеді, жүгіре бергің келеді. Үйге, Гурьевке ж етсем... Әкеме, анама. Ағамды көргім келді. Бірақ...

...Шафхат үйге тез орала қоймады. Алдымен-Чита. «1945 жылдың 22 маусымы, дәл төрт жылдан соң мен өзімнің соғысқа аттанып кеткен казармама кірдім. Бәр бос. Дәлізбен жүріп келем. Бұл үйден көпке дейін шығып кете алмадым. Жүзімді жас жуды. Отанды қорғауға аттанған курсанттардан алтауымыз ғана қалдық. Басқалары қаза болды. Олардың бет-жүздері менің есімде, олар жақсы жолдас болды. Жақсы адамдар болды.

...Біз Читада бір аптадай болдық. Ал, кейін біздің әскерді Забайкальеге жіберді. Кеңес Одағы Шығыс одақтастар-фашистік Германия мен Жапонияның  күйреуіне дайындалды. Мен өз жақындарымды көре алмадым... Мен үйде жеті жыл болмаған екем...»

Бір сәтте Шафхат Ингельдинов үнсіз қалды. Өз естелігінің түйінін жоғалтып алған ол былай деді: «Жеңістің жүз жылдығын қарсылай алмайтындығыма өкінемін. .. Мен қазір қартайған адаммын, ал, сен жассың. Сен менің өтінішімді есіңде сақтайсың ба? 2045 жылы 9 мамырда мен есіңе аларсың. Ештеңенің керегі жоқ, жай ғана Шафхат Ингильдинов есімді жауынгерді еске ал!».

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

11 мамыр 2011, 19:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.