Атырау, 19 сәуір 14:58
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Олар поезды тоқтатты» (толықтырылды)

4 534 просмотра

Доссорлықтар күкірт тиелген составты Теңіз кенішіне қайтарып жіберді

5-мамыр күні күндіз Доссор поселкесінің наразылық білдірген 500 шақты тұрғыны вокзал жанындағы магистральды теміржолдың қозғалысын бөгеп, тауар және жолаушылар таситын пойыздардың қозғалысын 2,5 сағатқа тоқтатып тастады.

Жаппай наразылықтың орын алуына «Доссор процессинг компани» ЖШС-нің теміржол тұйығына 16 вагон Теңіз күкіртінің жеткізілуі себеп болған екен. Оны поселке шетіндегі вокзалға қарсы орналасқан осы кәсіпорынның цехтарында өңдеу үшін әкеліпті.

Поселке тұрғындарының айтуынша, қауіпті жүк туралы ақпартты естіген олар сағат таңертеңгі 10-да жергілікті әкімдікке жиналып, күкірт тиелген вагонды  Доссордан шалғай жерге әкету туралы талап қойған. Түске дейін әкімдіктің жанында тұрған олар ауыл әкімінен де, аудан әкімінен де жауап ала алмаған.Доссор поселкелік округінің әкімі Е.ТӨЛЕУІШҚАЛИЕВ өзінің жақын арада ғана тағайындалғанын көлденең тартып, бұл мәселеге қанық емес екендігін айтқан. Тұщымды жуап ала алмаған  доссорлықтар вокзал маңындағы теміржол магистраліне бет алып, жолды бөгеп тастады. Олар күкірт тиелген вагондар Теңізді бетке алған соң ғана  шамамен сағат 14.00-ден 16.30-ға дейін екі сағат жарымдай жол бойында тұрып қалған «Атырау-Маңғышлақ» жолаушылар пойызы мен тауар пойыздарына жол ашқан.

Ашу кернеген халық мұнымен тынышталмай, «Доссор процессинг  компани» ЖШС басшылығымен сөйлеспек болады.  Алайда компания басшылығы, куәгерлердің айтуынша,  ызалы  топтан қорқып, Доссор поселкесінен тез арада кетіп қалған. Доссор поселкесінің тұрғыны Майра ЕСПОЛОВАНЫҢ және басқаларының айтуынша, осы 16 вагон күкірт теміржол тұйығына 29-сәуірде, яғни, бір апта бұрын жеткізілген көрінеді. Вагондарға тиелген күкірттен поселке тұрғындары неліктен шошынды екен?

- Дәл поселкенің ішіне салынған күкіртті сұрыптайтын және өңдейтін мына зауыт біздің түбімізге жетеді деп есептейміз. Менің ұлым демікпеге шалдыққан, жыл сайын емделу үшін Алматыға барады. Теңізде жұмыс жасап жүрген кезде ұйқыдан тұра алмай о дүниелік боп кеткен жастар қаншама? Бұған ашықтан ашық күйде сақтаулы тұрған күкірт кінәлі емес пе? Біз аумағымыздағы зауытты шұғыл арада жабуды талап етеміз. Оның орнына зиян жоқ әрі пайдалы өндіріс ашып, жастарымызды жұмысқа алсын, - дейді Майра.

«Күкірт өңдейтін» осы кәсіпорынға қатысты көп нәрсені анықтау қажет. Біз әзірге ресми түрде оның әлі ашылмағанын ғана білеміз. Бұған қоса Орхусс орталығы ресми сайтында  «Доссор процессинг  компани» ЖШС мекемесінің 2009 жылы Доссордан «күкірт пен минералдық тыңайтқыштарды орау терминалын» салу үшін қоршаған ортаға әсер етуді бағалау туралы мәлімет ұсынғаны айтылған.  Алайда Атырау облысының Орхусс орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Шынар ІЗТЕЛЕУОВА бұл туралы бейхабар екен. Ал осы кәсіпорынның жұмысшылары аталмыш 16 вагоннан басқа ЖШС орынжайында белгісіз мөлшерде тиелген тағы күкірттердің бар екендігін растап отыр.

Сонымен, ЖШС басшылығы терминалда болмай шықты. Алайда кешікпей бұл жерге Атырау облыстық ІІД бастығы Рахметжан ДОСАНОВ келді. Доссорлықтар одан зауытты салуға рұқсат берген адамдарды жазалауды талап етті.

- Күкірт жол бойына төгіліп қалған. Вагондардың саңылаулары көп. Жүк тек үлдірмен ғана жабылған. Балаларымыз күкірт түйіршіктерін жинап алып, ойнап жүр. Тіпті бір кішкентай бала сары түйіршікті үйіне әкеліп, витамин емес пе деп сұрапты. Жол бойындағы осы жентекті кездейсоқ жеп қойған бірнеше сиыр малы өліп қалды. Жуғаннан кейін киімнен осы күкірттің иісі шығады. Олар біздің бәрімізді улап тастағылары келеді. Доссорда жаппай кеміс балалар дүниеге келетін болады! Облыс әкімі неге келмеді? – деп шулап қоя берді олар. Досанов бәрін тыныштандыруға тырысты:

- Бұл іс үкіметке жетті. Біздің министрлік (ішкі істер) те хабардар. Зауытты жабу – менің құзырымда емес. Мұны ТШО, әкімдік және одан жоғарыдағылар шешеді. Облыс прокуроры тергеу ісінің басталғанын айтты. Қане, қазір бәріңіз тараңыздар. Ал 15 күннен кейін нәтижесін айтамыз. Егер әрі қарай да наразылық білдіретін болсаңыздар, үкіметтің күш құрылымдары бар, жастар бекерге жапа шегуі мүмкін...

Мақат ауданының әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ жиналғандарға енді Доссор аумағына бірде-бір грамм күкіртті өткізбеймін деп уәде берді. Тек биліктің осы уәделерінен кейін ғана тұрғындар үйлеріне тарасты.

Кейінірек Қайненов телефон арқылы қойған сұрағымызға, қазіргі кезде күкірт өңдейтін және сұрыптайтын зауыттың қайдан пайда болғаны туралы, оның қожайыны жөнінде және осынау қауіпті өнімді тиеуге кімнің рұқсат бергенін білмейтінін айтты. Осы сұрақтардың барлығын қазір облыстық және көлік прокуратурасының қызметкерлері, сондай-ақ облыстық ІІД қызметкерлері анықтауда.

Ал 6-мамыр күні Атырау көлік прокуроры Бақыт ҚАЛЫҚОВ брифинг ұйымдастырып, онда «тексеру жұмыстары Доссордағы акцияны ұйымдастырған жанжал шығарушыларды анықтайды және әкімшілік немесе қылмыстық істі қозғау туралы мәселе шешілетін болады» деп мәлімдеді. Бізге белгілі болғандай, бірнеше доссорлықтар құқыққорғау органдарынан шақырту қағаздарын алып үлгеріпті.

Сәния ТОЙКЕН

Суреттерді түсірген автор

 

11 мамыр 2011, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.