Атырау, 19 сәуір 22:36
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Аудан орталықтары кеңейеді

3 916 просмотра

Облыстық әкімдікте Жылыой, Махамбет, Қызылқоға, Исатай және Құрманғазы аудандары әкімшілік орталықтарының «Казгипроград-1» жобалау институты жасаған құрылыс салу бас жоспарлары ұсынылды. Құлсары, Махамбет, Миялы, Аққыстау және Ганюшкино сияқты аудан орталықтарының құрылымында қандай өзгерістер болады деп күтілуде? Бұл туралы «Казгипроград-1» ЖШС-нің директоры Валентина БАРКОВАМЕН (суретте) сұхбаттастық.

- Валентина Николаевна, сіз жиырма жылдан бері облысымыздағы қалалар мен ауылдардың бас жоспарларымен жұмыс жасап жүрсіз. Атырау қаласының сәулетіне не жетіспейді деп ойлайсыз?

- Биылғы жылдың сәуір айында біздің жобалау институтымыз Атырау қаласы құрылысының бас жоспарын әзірлеу бойынша тендерді ұтып алды. Біз бұл жобамен екі жыл айналысатын боламыз. Болашақта Атырауда тағы екі автомобиль көпірін салу керек. Әсіресе, қаланың оң жақ жағалауында алға қарай қарқынды көлік қозғалысы қалыптасады деп күтілуде. Бұл жағдайда Балықшы – Жұмыскер көпірі жеткіліксіз болады. 30 қазанда біз Мұнай және газ институтының студенттерінің көмегімен облыс орталығының әр бөлігіндегі автокөліктерді санаумен айналыстық. Осы деректер көше-жол желілерін жобалағанда картограмманың негізіне салынады. Алдын ала айта кетсем, Астрахан және Орал магистралды тас жолдарынан қалаға кірер жерлердегі жолды кеңейту керек. Алға қарай қала орталығына автокөліктердің кейбір санаттарын кіргізуге шектеулер енгізу керек.

Біз жобалап отырған барлық елді мекендерде рекреациялық аймақтар, яғни, демалыс орындарын жасау керек деп ұсындық. Саябақтар мен саяжолдардың бірыңғай жүйесін жасап, оған мектеп және балабақшалар аумақтарын қосу керек.

Аудан орталықтарының бас жоспарына шағын авиацияға арналған тікұшақ алаңдары мен шағын әуежайларды салу туралы тармақтар енгіздік. Тендерлік тапсырмада бұлар болған жоқ, алайда біз бұл нысандар болуы керек деп есептейміз. Республикалық мәндегі жолдардың күйсіз жағдайы көзге көрініп-ақ тұр. Осыған байланысты өңірлердің көп бөлігіне автобустар жүрмейді.

Сумен қамтудың орталықтанды-рылған желілері 60-70%-ға тозған. Елді мекендердің бас жоспарларына салынған нысандарды сумен қамту үшін қолда бар құбырларды қайта жаңғыртып, жаңа сумен қамту желілерін салу керек.

 

МАХАМБЕТ пен САРЫТОҒАЙ БІРІГЕДІ

-Бас жоспарларға нақты не енгіздіңіздер?

- 2030 жылға дейін Құлсарыда 35-10 киловольт кернеулі электр подстанциясын салуды ұсындық. Осы жылдың басындағы деректер бойынша, бұл қалада 54,75 мың адам тұрып жатыр. 2020 жылы халық саны 60 мыңға жетіп, 2030 жылы тағы 10 мыңға артады. Құлсарыда 663,2 мың шаршы метр тұрғын үй салу керек. Махамбет селосы - облыстағы ең тез өсіп келе жатқан елді мекен. Қазір онда 9,4 мың адам тұрады, 2020 жылы 23 мың, 2030 жылы 30 мыңға жетеді деп болжануда. Аудан орталығының аумағы 745,7 гектарға өседі. Біз солтүстікке қарай үй салуды ұсынамыз. Алға қарай село көрші Сарытоғай ауылымен бірігеді.

Селодағы кәріз жүйесін қалай кеңейтуге болатындығын ойлану керек. Ол Жайық өзені мен Атырау – Орал тас жолының арасындағы шағын учаскеде орналасқан. Қалдық сулардың өзенге төгілу қаупі бар. Жақын жоспарларға жағалауды бекіту жұмыстары, автокөлік және жүргінші көпірлерін салу енгізілді. Жүргіншілер көпірі қазір паром жұмыс жасап жатқан жерден салынады. Махамбеттіктер осы көпір арқылы арғы беттегі тоғайға барып, демалады.

Миялы селосында қазір 6,9 мың адам тұрады. 2020 жылға қарай халық саны 8,5 мыңға, 2030 жылы 10,5 мыңға жетеді. Осы адамдарды қоныстандыру үшін ауыл аумағы 151 гектарға өседі. Сумен қамту қазіргі су қоймасынан жүзеге асырылады. Жер асты ауыз суларының қорын барлау керек.

Аққыстау селосының халқы бүгінде 8,6 мың адамды құрайды. Ол 2020 жылға дейін мың адамға артса, 2030 жылы тағы екі мың адамға көбейеді. Әкімдік осы тұрғындарды қоныстандыру үшін 108 гектар жер табуы керек. Біз ауыл тұсындағы темір жолдың арғы жағынан үйлер салуды ұсынамыз. Алайда бұл үшін мұндағы кәріздік тазалау құрылғысы мен қалдық суларды буландыру алаңын басқа жерге көшіру керек. Буландыру алаңын көшіру мәселесі шешілгенше, селоның солтүстік-шығыс бағытына қарай, «Гран» кен орнына апаратын жол бойына үй салуға болады. «Аққыстау» электр подстанциясын халық тығыз қоныстанған жерден басқа жерге көшіру керек, бұл адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуде.

Ганюшкино селосының халқы 13 мың адамды құрайды. 2020 жылға қарай 15 мың, ал 2030 жылға қарай 17 мың адамға өседі деп болжануда. 2030 жылға қарай село аумағы 144 гектарға созылады. Әкімдікке селоның көше-жол желісін дамытуды қолға алу керек. Ол үшін ауылдың меридионалды, яғни, қиылысқан көшелерін абаттандыру қажет. Халық санының өсуіне байланысты барлық аталған облыс елді мекендерінде газ құбыры жүйесін қайта жаңғыртып, дамыту керек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.