Атырау, 28 наурыз 16:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Асық ату, ләңгі тебу - шынығудың бір түрі

16 958 просмотра

Мақат кентінде аудандық білім беру бөлімі жеке кәсіпкер Ержан СЕРІКБАЕВТЫҢ демеушілігімен ұйымдастырған Байбақты батырдың 190 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында ұлттық ойындардан жарыс өткізілді. Жарыс көрігін қыздыруға 7 мен 15 жас аралығындағы 30-ға жуық ер бала қатысты. 

Байбақты Қармысұлы (1823 — 1914) — батыр. Жем өзенінің төменгі сағасы Айранкөл, Шатпакөл деген жерлерді жайлаған. Байбақты Бесқала, Қоңырат жаққа өткен кезінде Хиуа ханының жасағына алынып, қызылбастарға қарсы жорықтарға қатысқан. Бір ұрыста aдайдың Сүгір деген батырын жау қоршауынан алып шыққан. Осы ерлігі үшін Хиуа ханы оған бес қару мен ақалтеке тұқымды арғымақ сыйлаған. Байбақты 1853 — 1860 жылдары Маңғыстау, Үстірт, Жем, Елек бойы қазақтарының патшалық Ресейге қарсы көтерілісінде ерекше белсенділік көрсеткен. Доссордан солтүстікке қарай он шақырым жердегі Тасқұдықта жерленген.

- Бұл жарысты өткізу туралы идеяның бастамашысы – Ержан Серікбаев деген азамат. Ол бастама көтеріп қана қоймай, осыған өзі демеуші боламын деп тілек білдірді. Біз оны қолдадық. Енді ауданымызда бұл жарыс жыл сайын өткізіліп тұрмақ, - дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ербол ЕРМАҒАНБЕТОВ.

Оның айтуынша, қазір компьютер ойындарын ойнап, монитор алдына телмірген балалардың арасында қимыл-қозғалысқа толы ұмыт болып бара жатқан асық және ләңгі ойындарын (мәлік ойыны деп те атайды) көбірек насихаттау керек. Себебі, бұл ойындарды қазір қала тұрмақ, ауыл балалары да ойнамайды. Оны жарысқа қатысып отырған балалардың өздері де мойындайды. Ал асық ойындарын ертеде ата-бабаларымыз күндіз-түні ойнайтын. Күндізгі ойын мергендікке баулыса, түнгі ойын ептілікке үйрететін.

Ауылдың ақсақалдарын бастап келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит ХАЛЕНОВ жарысты тамашалап отырып, балалық шағының еске түскенін айтады. Ол ұлттық ойындарға балалардың көңілін аудару үшін мұндай шаралар ауданда жиі өткізіліп тұруы тиіс деп санайды.

- Біз бала кезімізде басымыз қосылса болды, кез келген жерде асық атып, ләңгі тебетінбіз. Ол үшін арнайы спорт алаңы да қажет болмайтын. Бұл ойындар барысында көп қозғалып, көп отырып-тұрасың. Бойыңа қан жүгіреді, денең шынығады. -дейді Сәбит ақсақал.

Шынымен де, бұл шығынсыз ойындар болса, неге оны жылына бір емес, бірнеше рет өткізіп тұрмасқа? Ақсақалдың сөзінен кейін тағы бір көкейге қонған ой – асық, ләңгі ойындарын дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына неге енгізбеске? Бұл сұрақты біз аудандық білім беру бөлімі басшысы мен аудан мектептерінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне қойдық. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ербол Ермағамбетовтен білгеніміздей, бұл өзгерістерді енгізу туралы әлі ойланып көрмегенін, алайда, қазір ауданда ұлттық ойындардың балаларға әкелетін пайдасын зерттеу жұмыстары басталып кеткенін айтады. Ал Доссор кентінен келген Абай орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Ғалия КЕКЕШОВА бұл жарыстан соңасық ату, ләңгі тебу ойындарын оқушыларына үйретуді қолға алатынын жеткізді.

- Бұған шығын кетпейді. Мектеп басшылығымен келісіп, пән бағдарламасына осы ойындарды енгізуге болады. Жақсы ой салдыңыз. Кезінде өзіміз де ұлдардан бөлек, қыздар болып асық, ләңгі ойындарын көп ойнайтынбыз, -дейді ол. Әңгімесіне қарағанда, ұлттық ойындар ережесін жатқа біледі екен. Ойын барысында да тәуелсіз бақылаушыны еске түсіріп, балаларға бір, төрешіге бір өзінің ескертуін жасап тұрды. Дауыс көтерусіз де болған жоқ. Әйтеуір соңында қатысушылар ойындарына риза болып тарқасты.   

Сонымен, ұлттық ойындардың әр түрінен жеңімпаздар анықталды: ләңгі ойынында жүлделі орындарға ие болғандар - Әліби ӘЛІМҒАЛИ (1-орын), Ернұр ЕЛЕМЕСОВ (2-орын), Ислам АЙТЖАНОВ (3-орын).

Асық атудың әлші-тәйкі ойын түрі бойынша: Ұлан БӨКЕНОВ (1-орын), Жәнібек БОЗДАҚОВ (2-орын), Азамат СҮЙІНОВ (3-орын).  

Асық атудың манай ойын түрі бойынша: Серік САҒЫНҒАЛИЕВ (1-орын), Ақниет БАЛҒАЛИ (2-орын), Арман ЖҰБАНОВ (3-орын).

Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ал ауыспалы кубок иегері болып жеңіске жеткен оқушылар саны жағынан басым түскен Мақат кентінің Бәйгетөбе орта мектебі танылды. Құттықтаймыз!

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

17 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.