Атырау, 18 сәуір 12:51
 ашықВ Атырау +21
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

«Шаңырақтағы» кісі өлімі: «Оны осы жағдайға жеткізді»

3 482 просмотра

«Шаңырақ» вахталық поселкесінде наурыз айында орын  алған өз-өзіне қол жұмсау оқиғасының егжей-тегжейі анықтала бастады. Марқұмның отбасы Атырау облысының құқыққорғау органдары мен ҚР Бас прокуратурасына арыз жазып, қылмыстық іс қозғауды талап еткен еді.

Естеріңізге салайық, осыдан екі ай бұрын 58 жастағы ТШО-ның «ЮСС Суппорт Сервис» мердігер компаниясының жүргізушісі Амангелді СҮЛЕЙМЕНОВ жатақханадағы өз бөлмесінде асылып қалған болатын. Оның жесірі Райхан ШЫНЫБАЕВА күйеуінің өз-өзіне қол жұмсауына компанияның кейбір отандық менеджерлері кінәлі деп есептейді.

- 5-наурызда ол абайсызда жол белгісін қағып кеткен. Ал 7-наурызда көлік жөніндегі менеджер алдын-ала сөгіс берместен немесе басқа әкімшілік ескерту мен жаза қолданбастан оның еңбек кітапшасын кету қағазымен бірге қолына ұстатқан. Ең болмағанда бір мүмкіндік беру туралы оның өтінішіне еш құлақ аспаған. Ол қатты күйзеліп, осындай жасқа келгенде жұмыссыз қалғанына налып, өз-өзіне қол жұмсады, - дейді Р.Шыныбаева.

Туысқандарының айтуынша, 58 жастағы  Амангелді Сүлейменов тамаша отағасы, үш қыз баланың әкесі болған. Өз ісінің шебері, көліктің құлағында ойнайтын жан болыпты. Ол осы жерлерде ТШО пайда болғанға дейін көп уақыт бұрын жүргізуші болған. ТШО-да жұмыс істеген көп жылдар ішінде Сүлейменовке бірде-бір ескерту берілмеген. Ал 2009 жылы «ЮСС Суппорт Сервисез» басшысы оны алғыс хатпен марапаттаған.

ОЗАТ ЖҰМЫСШЫДАН «СЕНІМСІЗГЕ» АЙНАЛҒАН БА?

Марқұмның інісі Аманқос Сүлейменовтің айтуынша, менеджерлер тарапынан Амангелдіге жасалған қысым 3 жыл бұрын басталған. Сол кезде марқұм бригадир боп жұмыс жасаған. Бір күні жиналыста ол жұмыстан шығарғылары келген жүргізушіні жақтап шыққан. Содан кейін оны табысы аз микроавтобусқа отырғызған. Ал биылғы жылдың наурызында осы қайғылы оқиға орын алды.

- Олар боссың деп еңбек кітапшасын ұстата салып, ешқандай заңды процедураларды сақтамаған. Бір сөзбен айтқанда, адамның барлық құқығы бұзылған. Біз Атырау облысы прокурорының, ІІД бастығының, сондай-ақ ҚР Бас прокурорының атына арыз жаздық. Ағамның өліміне кінәлі адамдар заң алдында жауап берулері тиіс, - дейді Аманқос Сүлейменов.

Аманқостың айтуынша, «ЮСС Суппорт Сервисез» компаниясының бас директоры Рон Кулкарни онымен сөйлескенде ол менеджерлерге берген әлдебір сенімхаттың бар екендігіне сілтеген. Сүлейменовті «шұғыл» жұмыстан босату кезінде олар осы сенімхатты пайдаланған. Алайда ол сенімхатты көрсете алмапты.

- Менің білуімше, ЮСС Суппорт Сервисез компаниясында ереже бар. Соған сәйкес, егер жол-көлік оқиғасы нәтижесінде компанияға тигізілген зиян сомасы 1,5 мың доллардан аспайтын болса, онда зиян кәсіпорын есебінен қалпына келтіріліп, кінәлі тұлғаға әкімшілік жаза жүктеледі. Егер зиян сомасы 1,5 мың доллардан астам болса, онда бағалау комиссиясының шешімі бойынша кінәлі тұлға осы соманың бір бөлігін төлейді, - дейді А.Сүлейменов. – Оған қоса Рон Кулкарни олар мұндай ереже бұзушылық үшін ешқашан адамды жұмыстан шығармағандықтарын айтты. Ендеше неліктен қазір осындай қаталдықпен жұмыстан босатқан?

КӨЗГЕ ТҮСПЕЙТІН ДЖОН

Маған марқұмның әріптестерімен кездесудің сәті түсті. Марат РЫСАЛИЕВТІҢ айтуынша, сонау қырсық шалған жол-көлік оқиғасынан кейін Амангелді Сүлейменов оған компания менеджерінің тарапынан жасалған қоқан-лоққы туралы айтқан: «Ол өз қалауы бойынша арыз жазуға мәжбүрлегендігін айтты. Әйтпесе, жол полициясын шақырамыз, олар жүргізуші куәлігін алып, бап бойынша жұмыстан шығарады депті».

«ЮСС Суппорт Сервисез» жүргізушілерінің сөздеріне сенер болсақ, олар компания тарапынан үнемі психологиялық қысым көреді екен.

- Әр вахтаны «келесі вахтаға келер ме екенбіз?» деген сұрақпен аяқтайтын болдық. Өйткені, біздің қазақстандық менеджерлер ылғи да бір жаңа талаптарды ойлап табатынды шығарған. Бұл қайдан шыққан, келісім-шартта неге жазылмаған деп сұрасақ, бізге «біз білмейміз, шетелдіктер осылай талап етіп отыр, Джон айтты» дейді. Біз ол Джон  кім, бәлкім ол өзінің үйінде отырып алып, түрлі талаптар қойып отырған шығар.

«УАҚЫТЫМ ДА ЖОҚ, ӘРІ ОРЫНСЫЗ»

Мен «ЮСС Суппорт Сервисез»компаниясының бас директоры Рон КУЛКАРНИМЕН кездеспекші болдым. Алайда ол кездесуден  бас тартты.

- Кешірім сұраймын, менің сізбен кездесуге уақытым жоқ, - деп жазыпты Рон Кулкарни электронды пошта арқылы. – Одан басқа, қазіргі уақытта полиция тергеу жүргізіп жатқандықтан біздің тарапымыздан осы кезеңде комментарий беруіміз орынсыз болар еді.

Атырау облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бастығы Тимур ЕСТЕБАЕВТЫҢ айтуынша, «ол адам жұмыстан босатылғаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаған, ол жұмыс орнында болмаған», сондықтан Амангелді Сүлейменовке қатысты жағдай департаменттің құзырында емес екен.

Атырау облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлназира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған, сараптама жүргізілуде. Тергеу ісімен Жылыой АІІБ айналысуда.

Сәния ТОЙКЕН  

4 мамыр 2011, 18:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.