Атырау, 20 сәуір 02:34
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атыраудағы Октоберфест

4 203 просмотра

Атыраудағы неміс диаспорасы өздерінің ұлттық мерекелері – Октоберфесті атап өтті.

ШҰЖЫҚТЫҢ ИІСІН-АЙ!

Қаланың жазғы кафелерінің бірінде бізді кіреберістен-ақ оркестрдің үзік-үзік әуені мен қуырылған шұжықтың тәбетті иісі қарсы алды. Түрлі-түсті бавар ұлттық киімдерін киіп алған қыздар ішкісі келгендерге үлкен ыдыспен көбігі бұрқыған сыра үлестіріп жүр, ал ерлер жағы, қоңыр салқын қыркүйек күніне қарамастан, дәстүрлі бавар костюмімен сәнденіп жүр.

Wiedergeburt (Видергебурт) Атырау немістер қоғамының төрағасы Александр ДУМЛЕР де сәйкесінше ұлттық киіммен жүр екен. Алғаш кірген кезде алған мәдени әсерімнен арыла бастағаннан кейін, төраға аузынан мерекенің қалай туындағаны жөнінде жазып алдым:

- Октоберфест тарихы 1810 жылғы 12 қазанда Бавария ханзадасы Людвиг пен Саксония ханшайымы Тереза үйлену тойларын тойлаған кезден пайда болған, - дейді А. Думлер. -Тойға Мюнхеннің бар тұрғындары шақырылды. Мереке қала сыртындағы көкорайда өтті. Қалыңдықтың құрметіне бұл жер Терезиенвизен, яғни «Тереза көгалы» деп аталды (сондықтан да Октоберфесті «Визен» деп те атайды). Мереке соңына қарай ат жарыс өткізілді. Содан бері бұл күн жыл сайын аталып өтеді. Шұжықтан дәм алдыңыздар ма?

Айта кетсек, шұжықтың дәмі тіл үйіреді. Мюнхенде қандай екенін білмеймін, бізде құс, жылқы және шошқа етінен қуырыпты. Қасында ағаш бөшке тұр. Оны салтанатты түрде осы фестиваль бастамашыларының бірі, Батыс Қазақстандағы ГФР-дің құрметті консулы Питер КРИГЕР ашты.

Консул өте көңілді адам екен - ән де шырқады, сыбызғы да тартты, езу жимай күле берді, осынысымен барша халықтың назарында болып, кешті қыздыра түсті.

Кейіннен мен осы сыбызғыны қолыма алып, қандайма бір дыбыс шығаруға әрекет жасадым. Алайда әлсіз денемдегі нәзік өкпем бұл шаруаны үйлестіре алмады, сондықтан да бұл туралы әрі қарай сипаттамай-ақ қояйын. Ал Кригер дауылдатқанда, жарты қалаға естіліп тұрды десем, өтірік айтпаған болармын.

- ...Қазір әнімді аяқтайын, сосын сөйлесеміз, - деді ол сұхбат алғысы келген журналистерге.

Әр тостағанды ол шамамен бес минутта тауысты және басқалардан бір ерекшелігі, ол мерекеге өзінің жылтырақ, қыштан жасалған ыдысымен (1 литрлік сияқты) келіпті.

Кейін анықтағанымыздай, Питер Қазақстанда 25 жылдан аса уақыт тұрады екен. Елімізді біраз шарлаған, алайда Батыс өңіріне деген ықыласы ерекше.

- Бизнес, - деп қысқа қайырды ол. Алайда сәлден кейін күлімсіреп, маған қисайған орыс тілінде неміс көйлегін киюді ұсынды: - Басқа бас! Мен сізге көйлек беремін, ал сіз оны киіп, үш күн фестивальге келесіз...

Немістер сондай халық.

 

БАВАР ҚЫЗДАРЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Консул ішіп болғанша, Ақтөбеден шақырылған «Файльхен» (қазақшасы – шегіргүл) немістің халық хоры ән шырқады. Оның көркемдік жетекшісі Равиль ГАФАРОВ неміс мәдениетін сүйеді екен және ұжым репертуарындағы көптеген әндердің авторы болып табылады.

- Бұл мәдениетті бала кезімнен бері жақсы көремін, - дейді ол. – Менің отбасым Ақтөбе қаласы маңындағы Михайловск деген шағын ауылда тұрды. Кеңес үкіметі кезінде ол жердегі тұрғындардың 80%-ы немістер болды. Мен сол жерде тіл үйреніп, неміс мәдениетімен таныстым және бұл бар өміріме жол ашты. Мен хор ұйымдастырдым, онда дауыстары керемет 20 қыз ән айтады, барлығы да әр түрлі ұлт өкілдері, алайда бәрі де, мен сияқты, өз жұмыстарын сүйеді.

Шынымен де әнді керемет шырқайды екен, қызынып алған көрермен өлеңдердің мағынасын түсінбесе де, бірге қосылып әндетіп жатыр.

Бавар көйлегін киген қыздардың бірі суретке түсуге келісім берді, алайда қолдарына рекордтық санға жететін кружкаларды ұстап (бавар қыздары 9 кружканы бірден ұстауға қабілетті), шыдамдылық көрсетуден бас тартты.

- Мен жасап қарағанмын, бірақ үйлестіре алмадым. Олар мұны өздерінің керемет кеуделерінің арқасына жасайды, - деп құпияларымен бөлісті ол.

- ...Октоберфест – бұл ерекше мереке, - деп әңгімесін сабақтады шара демеушілерінің бірі Иосиф ШМАЛЬ. – Ол барлық ауылшаруашылық жұмыстарының аяқталғанын білдіреді. Бұл күндері сыра өзен болып ағады. Айтпақшы, ол күштілігі жағынан қарапайым сыралардан артық болады. Сонымен қатар, бұл жай ғана мереке емес, бизнес үшін де жақсы келісім алаңы бола алады. Немістер келіссөздерді сыра ішіп отырып жүргізгенді жақсы көреді...

- Бұл фестиваль Атырауда осымен төртінші рет өткізіліп отыр, - дейді А. Думлер. – Батыс Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан өңір және бұл жерде көптеген неміс фирмалары жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, бұл жерде көптеген этникалық немістер де өмір сүруде. Сондықтан да біз мұны қалыптасып келе жатқан жақсы дәстүріміз деп айта аламыз.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

1 қазан 2013, 17:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.